11 марта 2021 | 16:08

Пандемия жылы: қате болжамдар, қымбатшылық пен жемқорлық

Фото: Тұрар Қазанғапов

Былтыр 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялады. Сол уақыттан бері Қазақстанда не өзгерді? Мемлекет COVID-19 инфекциясының алдын алу үшін қандай шараларды қолға алды? Tengrinews.kz тілшісі шолып шықты.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Былтыр 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялады. Сол уақыттан бері Қазақстанда не өзгерді? Мемлекет COVID-19 инфекциясының алдын алу үшін қандай шараларды қолға алды? Tengrinews.kz тілшісі шолып шықты.

Коронавирус туралы болжамдар

Сол кездегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин ғалымдардың болжамы бойынша коронавирус Қазақстанға наурыздың 11-16-сы аралығында келуі мүмкін екенін хабарлады. Жандарбек Бекшин журналистердің болжам туралы нақтылауды өтінген сауалына бұл ғалымдардың математикалық модельдеуі бойынша жасалғанын айтты. 2020 жылдың 13 наурызында Қазақстанда COVID-19 инфекциясының алғашқы деректері тіркелді.

Реклама
Реклама

Ал бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов наурыз, сәуір, мамыр айларында шарықтау шегіне жетеді, үш жарым мыңдай адам инфекция жұқтырады деп болжады. Алайда бұл болжам қате болып шықты, дәл осы кезеңде COVID-19 жұқтырғандар саны 10 мыңнан асты.

Төтенше жағдай және карантин режимі

Қазақстан 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін төтенше жағдай және карантин режимін енгізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейін бұл режимді екі рет ұзартты. Осылайша елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталды. Бұл кезде адам көп жиналатын барлық мекеменің жұмысына тыйым салынды. Қалаларға блокпостар қойылды. Азаматтардың ел аумағына көліктің барлық түрімен кіруіне, сонымен бірге шығуын шектеу енгізілді.

Фото: Әлихан Сариев 

Оқушылар мен студенттер қашықтан оқыды, ал қызметкерлер жұмысты онлайн істеді. Қазақстандықтар көшеге тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін шықты. Карантин талабын бұзып, маска тақпаған азаматтарға айыппұл салынды. Азаматтар әуелде көп дәріханада қорғаныс құралдарының болмағанын және қымбат екенін айтып, шағымданды.

42 500 теңге

Төтенше жағдай режимі кезінде жұмысынан айырылып, табыссыз қалғандарға мемлекет 42 500 теңге төледі. Қазақстандықтар бұл төлемді төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін және президент тапсырмасымен шілдедегі шектеу шаралары кезінде де алды. Азаматтардың жекелеген санаттарына азық-түлік өнімдеріне, коммунал қызметтеріне ақшалай көмек берді. Сонымен бірге қазақстандықтардың несие төлеу мерзімі, салықтары кейінге шегерілді.

Медицина қызметкерлері жалақысына үстемақы

Инфекциямен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төленді. Қауіп тобына байланысты медицина қызметкерлерінің жалақысына 850 мың теңге, 425 мың теңге, 212 мың теңге қосылды. Ал инфекция жұқтырған жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі, қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге жәрдемақы берілді.

Денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық

2020 жылы 25 маусымда Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Экс-министр Facebook-тегі парақшасында бұл лауазымнан денсаулығына байланысты кеткенін жазды. Ведомствоны басқаруға Алексей Цой келді. Ол мұның алдында Президент іс басқармасының медицина орталығын басқарған.

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов 

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Елжан Біртановтың жұмысын сынады.

"Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамы қате болды. Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де ролі мүлдем байқалған жоқ", - деді ол.

2020 жылы 3 қарашада Елжан Біртановтың ұсталғаны белгілі болды. Экс-министрге аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Елжан Біртанов сол кезден бері үй қамауында.

10 шілдеде "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп және "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қызметінен босатылды.

Берік Шәріп 

Берік Шәріп "ұрлық жасады" деген күдікке ілініп, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. "СҚ-Фармация" ЖШС жаңа төрағасы Ерхат Есқалиев бұрынғы басшылықтың жіберген қатесі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов "СҚ-Фармация" бойынша іс аяқталғанын, бүгінде таныстыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

COVID-19 жұқтырған шенеуніктер

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев, экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Алматы облысы әкімі Амандық Баталов коронавирус жұқтырып, кейін жазылып шықты. 

Жалпыұлттық аза тұту күні

Қазақстан азаматтары 13 шілдеде коронавирустан қайтыс болғандарды аза тұтты. Бұл күні елімізде Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Көңіл көтеруге арналған барлық ойын-сауық шарасы кейінге қалды. Нұр-Cұлтан уақыты бойынша сағат 12.00-де Қазақстанда бір минут үнсіздік жарияланды. 

Фото: Akorda.kz 

Қасым-Жомарт Тоқаев осы күні Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін 2 дәрігерге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсыру туралы жарлық шығарды. 

Коронавируспен күрескендерге медаль 

Қазақстанда "Халық алғысы" медалі пайда болды. Бұл COVID-19 инфекциясына қарсы күресте ерекше көзге түскендерді көтермелеу мақсатында жасалды.

Азаматтарға медальді тұңғыш президент, Мемлекет басшысы, ҚР Парламенті палаталары, ҚР Үкіметі, ҚР Конституциялық Кеңесі, ҚР Жоғарғы Соты, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдар өкілі, Нұр-Сұлтан Алматы және Шымкенттің әкімдері берді.

Коронавирусқа қарсы вакцинация

2021 жылдың 1 ақпанында елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Екпе әуелі дәрігерлерге салынды. 1 наурыздан бастап әскери қызметкерлер, полицейлер, педагогтер дәрі ектіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинацияға кеткен шығынның бәрін мемлекет көтеретінін айтты. Өйткені "вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз жолы".

Қазақстан азаматтары коронавирус пандемиясына дейінгі қалыпты өміріне әлі де оралмады, күн сайын инфекция жұқтырғандар тіркеліп жатыр. Елімізде бүгінге дейін COVID-19 инфекциясы 220 770 адамнан анықталды. 204 129 науқас аурудан айықты, 2 830 адам қайтыс болды.

Авторы: Мейірман Лес

Коронавирус пен пневмония статистикасын біріктіруге не кедергі?

Пандемия жарияланғанына тура бір жыл. Адамзат өмірі қалай өзгерді?

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram