1. Главная
  2. Узнай
  3. Экономика
  4. Личные финансы

1 триллион 309 миллиард теңге. Қазақстандықтар пандемияда кредитті қандай мақсатта алған?28 августа 2020, 15:27

Елімізде наурызда төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері онлайн кредитке сұраныс артқан. Табысынан айырылған қазақстандықтар жаппай онлайн және микронесиелер алған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева айтып берді.

Ұлттық банк мәліметінше, қаңтар-мамыр айлары аралығында 1 триллион 309 миллиард теңге несие берілген.

Нұрғалиева пандемия кезінде кредит алуға өтініш білдіретіндердің саны көбейгенін айтады. Алайда микроқаржы ұйымдары несиелеу тәртібін қатаңдатқандықтан, қазақстандықтардың көбінің несие туралы өтініші мақұлданбады дейді.

"Банктердегі немесе микроқаржы ұйымдарындағы онлайн несиелеуге деген сұраныс үнемі жоғары болатын. Сондай-ақ, бұл жолы тұтынушылық мақсатта несие алатындардың саны күрт өсті. Көбі онлайн сатылымдар жасап, бөліп төлеп алып жатты. Тұтынушылық несиені санамағанда, жалпы нарықта карантин кезінде несиелеу 40 пайызға дейін төмендеді. Тек мамыр айынан бастап несие нарығы қалпына келе бастады", - дейді Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры.

Сондай-ақ, Нұрғалиева 6 ай уақыт ішінде қазақстандықтар жиі жүгінген микроқаржы ұйымдарының 65 пайызынан көбі несие беру тәртібін қатаңдатқанын айтты.

"Мысалы, бұрын микроқаржы ұйымдарынан несие алу оңай процесс болатын. Қиындық болмайтын. Алайда антикризис шараларына байланысты бұл ұйымдар ережелерін өзгертті. Көптеген өтініш білдірушінің несиесі мақұлданбады", - дейді ол.

Микроқаржы ұйымында онлайн-несиелеудегі орташа қарыз 50 мың теңге екен. Мысалы, күніне 1-2 пайыздан болса, күніне 500 теңгеден ұсталады дейді. Он күннің ішінде артық төлем 5 000 теңге болады, яғни сіз 50 мың теңге алып, 55 мың теңгені қайтарасыз.

"Кредитті кредитпен жаппаңыз". Қазақстандықтардың қарыз қайтарудағы 5 қатесі

Дегенмен, Нұрғалиеваның айтуынша, ТЖ режимі кезінде несие бойынша қарызды кейінге шегеру не болмаса 42 500 теңге төлем алу несие тарихына еш әсер етпейді.

Тек 15 маусымнан бастап несие бойынша қарыздар мен өсімпұлдар ескеріле бастады дейді.

Ұлттық банк мәліметінше, 16 наурыздан 15 маусымға дейін жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес субъектілері үшін ғана кредиттер бойынша төлемдер кейінге қалдырылды. Осы мүмкіндікті 1,8 миллион қазақстандық қолданған. Осылайша пандемия кезінде кейінге шегерілген қарыз сомасы 268 миллиард теңгеге жеткен.

"90 күннен асса да, комиссия ұстамайды". Борышкерлерге банк қандай жеңілдіктер ұсынады

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!