ПОДЕЛИТЬСЯ
18 ноября 2019 | 16:45
"Қолма-қол ақшадан бас тартуға техникалық жағынан дайынбыз" - Экономист
Зерттеушілердің сөзінше, қазақстандықтар соңғы уақытта қолма-қол ақшадан бас тартып жатыр. Ал Қазақстан халқы қолма-қол ақшадан толықтай бас тартуға дайын ба? Бұл сұрақтың жауабын Tengrinews.kz тілшісі мамандардан біліп көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Зерттеушілердің сөзінше, қазақстандықтар соңғы уақытта қолма-қол ақшадан бас тартып жатыр. Ал Қазақстан халқы қолма-қол ақшадан толықтай бас тартуға дайын ба? Бұл сұрақтың жауабын Tengrinews.kz тілшісі мамандардан біліп көрді.
Экономист Арман Байғановтың пікірінше, Қазақстан толығымен қолма-қол ақшадан бас тартуы керек.
"Бұл - ең алдымен бюджет шығынының қысқаруына себеп болады және салық 100 пайыз төленіп тұратын болады. Себебі көптеген кәсіпкер салықтан оңай құтылып кету үшін POS-терминалдар орнатпайды. Осындай көлеңкелі экономика салдарынан Қазақстан экономикасы 1,8 триллион теңгеден қағылып отыр. Ол қаражатты зейнетақы, жәрдемақы не стипендияларға жұмсауға болатын еді. Қазақстандағы қолма-қол ақша айналымы шығындары жалпы ішкі өнімнің шамамен 1 пайызы. Бұл сан қолма-қол ақша айналымынан бас тарту керегін көрсетеді", - дейді маман.
"Қолма-қол ақшадан бас тарту - жемқорлық санын азайтады""Себебі көбіне парақорлар қолма-қол ақшамен ұсталып жатады. Ешкім параны банк аударымы арқылы алмайды. Өзінің не туысының шотына аудару арқылы пара алатын адам ақымақ шығар. Сонымен қатар, Қазақстанда салықтан жалтарып отырған ұсақ кәсіпорындар мен ірі корпорациялар аз емес. Елді жегідей жеп отырған жемқорлық пен көлеңкелі экономика - күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Қолма-қол ақшадан бас тарту арқылы осы мәселелердің алдын алуға болады", - дейді Байғанов.
Маманның пікірінше, қолма-қол ақшадан толық бас тартқан жағдайда аударым комиссиялары бойынша шығындар мемлекет бюджетіне салынуы мүмкін. Бірақ қолма-қол ақшадан толық бас тартуға комиссия мен көптеген ауыл-аймақта интернет толығымен жеткізілмегені кедергі болуы мүмкін.
"Еліміз қолма-қол төлемнен бас тартуға жалпы техникалық жағынан дайын деп есептеймін. Қолма-қол ақшадан бас тартсақ, біздің ел дамыған 30 мемлекеттің қатарына тезірек қосыла алады деген ойдамын", - дейді маман.
Қолма-қол ақшадан бас тартудың тиімді және тиімсіз тұстары қандай?Ал заңгер Думан Көпбаев қолма-қол ақшадан бас тартудың тиімді және тиімсіз тұстарын атап берді. Заңгер ең алдымен тауарлар мен қызметтерге қолма-қол ақшасыз төлем жасау тиімді екенін атап өтті.
"Мәселен, сауда орталығында, сұлулық салонында қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолдану өте ыңғайлы. Мұндай жүйені пайдаланғанда ақшаны майдалау секілді мәселе туындамайды. Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін есеп айырысуларда қателер болмайды", - дейді заңгер.
Заңгердің сөзінше, картаны пайдаланған кезде валюта айырбастау туралы мәселе туындамайды. Мұны банк өзі автамат түрде реттейді. Бұл, әсіресе, шетелге сапарға шығатын кезде ыңғайлы.
Сонымен қатар, жинақталған қаражатты қорғау және олардың жұмсалуын бақылау мүмкіндігі болады.
"Жалақыны пластикалық карта бойынша алу жүйесінің тиімді жақтарын түсіндірмесе де жақсы білесіздер. Егер пластикалық карта жоғалса, ұрланса немесе жойылса сіз банкке лезде хабарласып, шотты бұғаттауыңызға болады. Мұндай жағдайда қаражат жоғалмайды, олар банктік шотта сақталады", - дейді Көпбаев.
Көрнекі сурет © pexels.com
Сонымен қатар, Көпбаев қолма-қол төлемнен бас тартудың тиімсіз тұстары бар екенін айтты.
1) Карталарды пайдаланғаныңыз үшін ақы төлеу керек (картаны шығару және шотқа қызмет көрсету үшін жылдық қызмет көрсету ақысы);
2) Банк картаңыз арқылы басқа банк банкоматтарынан ақша шешсеңіз, алынған қаражат сомасының пайызы есептеледі;
3) Несие карталары барлық сауда ұйымдарында және қызмет көрсету салаларында болмауы мүмкін;
4) Қазақстанның барлық аймағында банкоматтар толық орнатылмаған;
5) Банктерде қолма-қол ақшаны алуға күн сайынғы лимиттер бар. Қажетті мөлшерден асып кетсеңіз банкоматқа бірнеше рет баруыңызға тура келеді;
6) Қылмыстық іс әрекеттер арқылы карточкаңыздан қаражат жымқырылуы мүмкін.
Айта кетейік, Швеция - әзірше қолма-қол ақшадан бас тартқан жалғыз мемлекет. Себебі елде қолма-қол ақшамен төлем жасау 1 пайыз ғана. Тіпті дүкендерде "Біз қолма-қол ақша қабылдамаймыз" деген жазу жиі кездеседі екен.
Елде автобус жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін қоғамдық көлікте монета мен банкноталармен төлеу мүмкіндігі жойылған. Кейбір туристік орындарда да қолма-қол төлем қабылданбайды. Жергілікті билік 2023 жылдың наурызына дейін қолма-қол ақшадан толығымен бас тартпақ.
Ал Қазақстанда қолма-қол ақшадан бас тарту туралы ұсыныс 2015 жылы қызу талқыға түскен. Сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев "елде 70 пайыз қолма-қол төлем жасалатындығын айта кетіп, қолма-қол айналымды тоқтату керек" деп мәлімдеген болатын. Tengrinews.kz порталында жүргізілген сауалнамада экс-министрдің бұл ұсынысын 76 адам қолдаса, 469 адам қарсы шыққан.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также