ПОДЕЛИТЬСЯ
01 апреля 2019 | 11:18
Қытай ғалымдары полицей итті клондағанын мәлімдеді. Зерттеудің басты жаңалығы
Осы уақытқа дейін Қытай ғалымдары айдың екінші бетіне барып, ол жақтың суретін бұқараға паш етті. Былтыр ғана олар ген модификацияланған балаларды жарық дүниеге алып келді. Наурызда әлемдік БАҚ ол жақтан тағы бір жаңалықты жария етті. Бұл жолы аспан асты елінің ғалымдары адамның төрт аяқты досы, яғни иттің клонын жасады. Ол жай ғана жануар емес, қызметтік мақсатқа арналған, арнайы баптаудан өтетін полицейлерге қылмысты ашуға көмектесетін тінтуші ит.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Осы уақытқа дейін Қытай ғалымдары айдың екінші бетіне барып, ол жақтың суретін бұқараға паш етті. Былтыр ғана олар ген модификацияланған балаларды жарық дүниеге алып келді. Наурызда әлемдік БАҚ ол жақтан тағы бір жаңалықты жария етті. Бұл жолы аспан асты елінің ғалымдары адамның төрт аяқты досы, яғни иттің клонын жасады. Ол жай ғана жануар емес, қызметтік мақсатқа арналған, арнайы баптаудан өтетін полицейлерге қылмысты ашуға көмектесетін тінтуші ит.
Tengrinews.kz тілшісі ғылымға ден қойған қытайлық ғалымдардың тағы да бір жаңалығына шолу жасады.
Зерттеуші Ван Цзюшэн клондалған күшікпен. © Sinogene Biotechnolog
2018 жылдың 19 желтоқсанында Қытайдың Куньмин қаласында клондалған күшік дүниеге келді.
Sinogene Biotechnology биотехнологиялық компаниясының ғалымдары детектив иттің клонын жасаған. Экспериментке ұшыраған жеті жастағы ұрғашы иттің аты - Хуахуанма. Ол - кунминдік овчарка. Өткен ғасырдың ортасында бұл иттің тұқымын қасқыр және неміс овчаркасын будандастыру арқылы дүниеге әкелген. Бұл ит тұқымын әскери қызметке пайдалану үшін өсіріп шығарған. Хуахуанма осы уақытқа дейін 12 адам өлімі мен 20-ға жуық аса қауіпті қылмыстық істің ашылуына көмегін тигізген. Оны әлемдегі ең иіс танығыш ит деп атайды. Ол бірнеше рет марапатталған.
Хуахуанма. © Sinogene Biotechnolog
Осылайша қытай ғалымдары "Шерлок Холмс" деген атқа ие иттің клонын жасаған. Бұл шараны геномды өзгертетін және үй жануарларын клондайтын биотехнологиялық компания мен Юньнань университеті бірлесіп жасаған. Олар Хуахуанманың ДНҚ-сын пайдаланған. Яғни, ғалымдар иттің тері үлгісін алып, оның жасушаларынан эмбрион жасап шығарған. Эмбрионды Бигль тұқымды итке енгізіп, біршама уақыттан кейін күшік дүниеге келген. Клондалған күшікті Куньсюн деп атаған.
Биотехнологиялық компанияның бас директорының орынбасары, аға зерттеуші Ван Цзюшэн компания сайтында бұл экспериментке байланысты өз ойын білдірген:
"Иттерді клондаудың бұл бірінші эксперименттері. Яғни тәжірибе әлі жүргізіліп жатыр. Бірақ біз 10 жылдың ішінде иттерді көптеп клондау технологиясын дамытып, оны бір ретке келтіреміз деп жоспарлап жатырмыз. Оған қоса клондалған иттер өздерінің тінтуші қасиеттерін сақтап қалуы қажет. Куньсюнның тууы бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Яғни біз полиция иттерін тез арада баптауға жақсы мүмкіндік жасаймыз. Ендігі кезекте біз олардың ұрпағын сақтайтын банктер жасауды жоспарлап жатырмыз. Ол банктерде соматикалық жасушаларды 50 жыл сақтауға болады", - дейді ғалым.
Куньсюн. © Sinogene Biotechnolog
Клондалған бірінші ит Кесарево тілігін жасау арқылы туғызған. Оның бастапқы салмағы 540 грамм, ал ұзындығы 23 сантиметр болған. Қытай ғалымдары зерттеулердің нәтижесінде туған күшіктің ДНҚ-сы Хуахуанманың ДНҚ-сына 99,9 пайызға ұқсастығын мәлімдеген. Күшіктің туғанына 75 күннен асып кеткен. Қазіргі уақытта күшік дайындық жасайтын базада. Ол арнайы дайындықтан өтіп жатыр.
Зерттеуші Ван Цзюшэнның айтуынша, Куньсюнның иіс сезу қабілеті жақсы дамыған және басқа иттерге қарағанда ол қажет заттарды иіс арқылы тез табады. Оған қоса күшік кез келген ортада бейімделіп кетеді екен.
Клондалған күшік кезінде Хуахуанманы дайындаған кинологтың баптауына берілген.
© Sinogene Biotechnolog
Қытай ғалымдарының айтуынша, олар клондалған итті бақылайтын болады. Бірақ олар бұл күшіктің бойында Хуахуанманың барлық қасиеті болатынына күмәнмен қарап отыр. Егер бұл жасалған шара оң нәтиже берсе, ғалымдар алдағы уақытта осындай иттердің ұрпағын сақтайтын банк жасауды жоспарлап жатыр. Клондауға жұмсалған қаражат жарияланбаған.
Қытайлықтардың мұндай биотехнологиялық шараға жүгінуіне бірнеше себеп бар. Мемлекеттің Қоғамдық қауіпсіздік министрлік өкілдері мұндай иттерді дайындауға 4-5 жыл кететінін мәлімдеген. Оған қоса оларды баптауға 30 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалады екен. Сол үшін олар клондау арқылы қысқа уақытта қылмысты ашуға көмектесетін иттерді дайындауды жоспарлап жатыр.
Айта кетейік, Қытай ғалымдары былтыр маймылдардың клонын жасап, ғылымға тағы бір жаңалық енгізген. Ол кезде ұрықтанған эмбрионның көмегімен макака тұқымдас маймылдардың клонын жасаған. Екі ұрғашы макака екі түрлі уақытта дүниеге келген. Осыдан кейін ғалымдар клондау арқылы пайда болған маймылдардың көмегімен әртүрлі ауруларды зерттейтінін мәлімдеген.
Автор: Мақсат Мамбетжан
Показать комментарии
Читайте также