1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

"Азиаттарға басқаша қарай бастады" - Португалиядағы қазақстандық коронавирусқа байланысты жағдайды айтты

  • 5
© instagram.com/kazakh.pt © instagram.com/kazakh.pt

Португалияда алғашқы COVID-19 дерегі 2 наурызда анықталды. Ал 17 наурызда елде коронавирус жұқтырған адам өлімі тіркелді. Бүгінде Португалияда 3 мыңға жуық адам вирус жұқтырып, 43 адам қайтыс болған. Tengrinews.kz тілшісі Португалияда тұрып жатқан отандасымыздан коронавирусқа байланысты елдегі жағдайды сұрады.

Сыртқа тек қажет жағдайда шығу керек

Отандасымыз Аянның Португалияның Порто қаласында тұрып жатқанына 4 айдан аса уақыт болған. Ол шетелге қызмет барысына байланысты көшіп кеткен. Аянның айтуынша, Португалия билігі коронавирусқа байланысты қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Жергілікті тұрғындарға дер кезінде ақпарат таралып жатыр екен.

"Адамдарды ақпараттандыру жағынан жақсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, коронавирустың тарауына байланысты елде төтенше жағдай енгізілді. Сыртқа тек қажет жағдайда шығу керек немесе айыппұл салынады. Егер жұмыс істеп жүрген болсаңыз, мекеме тарапынан арнайы хаттама беріледі. Сіз жұмысқа бара жатқан кезде сізді полиция өкілдері ұстаса сол хаттаманы көрсетесіз", - дейді Аян.

Карантин жарияланған Моңғолияда коронавируспен күрес жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Португалияда жұмыс істеп тұрған мекемелерге арнайы дәрігерлер жіберіледі екен.

"Мемлекет тарапынан жұмыс істеп тұрған ұйымдарға арнайы дәрігерлер, медбикелер жіберіледі. Олар вирус жайлы ақпарат: аурудың қалай алдын алу керек, белгілерін айтып береді", - дейді кейіпкеріміз.


© instagram.com/kazakh.pt

Коронавирусқа дейін және коронавирус кезіндегі өмір

Кейіпкеріміз Португалияның коронавирусқа дейінгі және коронавирус кезіндегі өмірін сипаттап берді.

"Негізі коронавирусқа дейінгі және кейінгі деп сипаттайтын болсақ, жағдай екі түрлі. Жалпы Порту - туристер қаласы. Бірақ қазір кезінде туристер жиналатын көшелер, сауда үйлерінде адамдар өте аз. Одан бөлек, мектептер онлайн режимге, кейбір мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Полиция және құқық қорғау органдарының қызметкерлері көшеде жүрген адамдар қайда бара жатыр, бәрін анықтап, қадағалап жүреді. Зауыт, фабрикалар да жабылды, бірақ оған қарамастан қызметкерлердің жалақысының 66 пайызы төленіп жатыр. Жалпы барлық жер карантинге жабылды", - дейді Аян.

View this post on Instagram

A post shared by ⒶⓎⒶⓃ (@kazakh.pt) on

Аянның айтуынша, жергілікті тұрғындар азиаттарға басқаша қарайтын көрінеді.

"Коронавирусқа сену-сенбеу бойынша адамдар 50 де 50 болып тұр. Біреуі сеніп, барлық сақтық шарасын жасаса, енді бірі әлі сенбейді. Одан бөлек, жалпы португалдар тарапынан азиаттарға басқаша қарау, қысым байқалады. Қазіргі таңда күннен күнге расизм басым болып бара жатыр. Мәселен, азиат адам жөтеліп қалса бәрі жалт қарайды. Жалпы бұл тек Португалияда емес, Еуропаның әрбір елінде мұндай жағдай болады деп естігенмін", - дейді кейіпкеріміз.

"Масканы Алматыдан алдырамыз" - Жапонияда тұратын қазақстандық коронавирусқа қатысты ахуалды айтты

Дүкенге бір адамнан ғана кіргізеді

Желіде көптеген елде коронавирусқа байланысты дүкен сөрелері қаңырап, ұзын-сонар кезектің пайда болғаны туралы видеолары тарап кеткен. Португалияда тұрып жатқан отандасымыздың сөзінше, елде азық-түлік тапшылығы байқалмайды.

"Жергілікті тұрғындар алғашқы кездері ғана көптеп азық-түлік ала бастады. Қазір ондай жағдай байқалмайды. Тек демалыс күндері кішкене кезек болады. Сол кезек мәселесі қолайсыз болып кетті. Тауар бағасы қымбаттаған жоқ. Дүкенде арнайы күзетшілер бір-бір адамнан ғана кіргізеді және әр сатып алушыға қолғап беріледі. Сатушымен де арадағы қашықтықты сақталуы керек", - дейді Аян.


© instagram.com/kazakh.pt

Аян коронавирусқа байланысты іштей үрей жоғын, бірақ Қазақстандағы отбасын уайымдайтынын айтты.

"Негізі іштей қатты қорқыныш жоқ. Мен тұрып жатқан қалада коронавирус жұқтырған үлкен кісілер де жазылып кетті. Елде барлығы карантинге жабылды ғой, сондықтан үкімет вирустың алдын алады деп ойлаймын. Көбіне Қазақстандағы отбасымды уайымдаймын. Көп адам бұл вирустың тарауына сенбейді. Тұрғындар сақтық шараларын сақтап, жауапкершілікпе қараса деймін", - дейді кейіпкеріміз.

"Көшеге шыққандарға айыппұл салып жатыр". Италияда тұратын қазақ қызы елдегі коронавирус туралы