ПОДЕЛИТЬСЯ
22 марта 2020 | 10:35
Ғабит Мүсіреповтің азан шақырып қойған аты кім?
Бүгін белгілі жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің туған күні. Ол 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол аулында дүниеге келген. Tengrinews.kz тілшісі жазушының өмірі мен шығармашылығын баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін белгілі жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің туған күні. Ол 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол аулында дүниеге келген. Tengrinews.kz тілшісі жазушының өмірі мен шығармашылығын баяндайды.
Азан шақырып қойған аты - Ғабді әл-Ғабит
Мүсіреповтің азан шақырып қойған аты - Ғабді әл-Ғабит. Бұл арабша "Құдайдың құлы" деген мағынаны білдіреді.
Ғабит Мүсірепов алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат танып, жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары орыс мектебін бітіреді.
Алғаш 1925 жылы "Едіге" әңгімесі "Еңбекші қазақ" газетінде жарияланды. Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген "Тулаған толқында" мен "Американ бидайығы" атты шығармалары жатады.
Мүсіреповтің алғашқы романы - "Қазақ солдаты". 1945 жылы "Қазақ батыры" деген атпен жарық көрген повесін жазушы өңдеп, толықтырып, 1950 жылы қайта жариялады. Бұл - екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды және қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбында жазылған таңдаулы шығармалардың бірі.
Жазушы әр жанрда жалпы 500-ден аса шығарма жазған. Жазушының шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылған екен.
Мүсіреповтің әдебиетпен айналысуына түрткі болған - Сәбит Мұқанов
1923-1926 жылы Орынбордағы жұмысшы факультетінде Сәбит Мұқановпен бірге оқып, Сәкен Сейфуллинмен танысады. Мүсірепов пен Мұқанов бір ауданның тумасы. Қос жазушының жас аралығы бар болғаны екі жас. Оның үстіне, Сәбит Мұқанов Мүсіреповтен сәл ертерек әдебиетке араласқан көрінеді. Жазушы өзінің "Автобиографиялық әңгімесінде": "Менің кітапқа деген құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды байқап, Сәбит маған - "жазуға кіріс" деп мазалап жүрді", - деп жазған екен.
"Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бейімбет пен Сәкеннің өлеңдерін газет-журналдардан оқи бастадым. Бейімбеттің "Шұғаның белгісі" бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Ішімнен жазуды қаласам да, қолым бармай жүрген", - деген екен Мүсірепов.
El.kz порталының мәліметінше, Мүсіреповті жазуға итермелеген алғашқы адам - Сәбит Мұқанов. Оның үстіне, Мұқановпен бірге Орынбордағы рабфакта бірге оқып жүргенде, өзінің алғашқы әңгімесі "Тулаған толқынданы" өмірге әкелген екен. Ал одан кейін жанына ертіп, ақыл-кеңесін айтып, шығармашылық қолдау көрсеткен жазушылардың бірі - Бейімбет Майлин болған көрінеді.
Аңшылықты ұнатқан
Жұмыстың ауыртпалығынан арылу үшін кейде табиғат аясына серуендеп, төрт-бес күндеп қонып, жан сергітіп, табиғатқа ішкі сырын ақтарып, шабыт алып қайтады екен. Арасында суға түсіп, балық аулап, ширайды. Мүсірепов туралы тағы бір естелікте оның үш мылтығы болғаны айтылады. Оның бірі - ескі бесатар болса, бірі - жапон мылтығы, ал үшіншісі - малопулька. Соңғысын көбіне өзімен бірге алатын болыпты.
Бильярд ойнауды жақсы көрген
Ғабит Мүсірепов шығармашылықтан тыс кезде бильярд ойнаған екен. Жазудан шаршағанда достарымен бас қосып, тақта үстіндегі қызыққа кіріп кететін жазушы жайында "Қазақстанға бильярдты әкелген - Ғабең" деген сөздер де айтылған. Тіпті жазушының бильярд ойнаған кезіндегі кийі, яғни, бильярд таяқшасы музейінде тұр екен.
62 жасында 25 жастағы актрисаға үйленген
Жазушының бірінші әйелі - Қаншайым. Ол байдың келіні болған көрінеді. Ауылда әскери қызметте жүрген Мүсірепов Қаншайымды алып қашып, үйіне түсірген екен. Көп ұзамай, өзі Орынборға оқуға кетеді де, Қаншайым әке-шешесінің қолында қалады.
Орынборда жүргенінде педагогика институтында оқитын Құсни Яғфарова деген татар қызына ғашық болады. Біраз уақыттан кейін екеуі үйленеді. Ғабит Мүсірепов Құсни Яғфаровамен қырық жыл бірге тұрған. Мүсірепов пен Құсни Яғфарова Энгелина, Роза, Мара, Райхан есімді төрт қыз тәрбиелеген.
Ақын Қадыр Мырза Әли "Иірім" атты естелігінде Құснидің әйел затының ішіндегі ең бір ақылдысы екенін ашып көрсеткен екен. Алайда, Мүсірепов жас актриса Раиса Мұхамедияроваға ғашық болып қалады.
Ғабит Мүсірепов пен Раиса Мұхамедиярова © camonitor.kz
Мүсірепов Қыз Жібек рөліне неге басқа актрисаны таңдағысы келген? Тест
Жазушы мен 23 жастағы актриса 1962 жылы кездескен екен. Араға екі жыл салып, Мүсіреповтің қырық жыл отасқан жары Құсни Яғфарова дүние салады. Жылға жетпей жазушы өзінен 37 жас кіші Раисаға үйленген. Бірақ, екеуінің отбасылық ғұмыры баянды болмаған көрінеді. Оған арадағы жас айырмашылығы, актрисаның өнерден қол үзгісі келмеуі, Ғабит Мүсіреповтің оған қарсы болуы ықпал еткен екен. Одан бөлек, түрлі алып-қашпа әңгімелер де екеуінің айырылысып кетуіне әсер еткен екен. Жазушы мен актриса Гаухар және Гүлнәр есімді қыздарды тәрбиелеген.
Жазушының төртінші және соңғы әйелі - Ғазиза Бисенова. Мамандығы - машинист. Кезінде Мұхтар Әуезовтің машинисткасы болған, Мүсіреповпен шығармаларын басып беріп жүріп табысқан екен.
Халық жазушысы 1985 жылдың 31 желтоқсанында 83 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также