ПОДЕЛИТЬСЯ
31 декабря 2019 | 13:23
"Жаңа жылды отбасымен қарсы алғысы келген". Әуе апаты құрбандарын еске аламыз
27 желтоқсанда Алматы маңында Bek Air әуекомпаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Қайғылы оқиғадан барлығы 12 адам қаза тапты. Олардың бірі Арқалыққа ата-анасына бара жатса, ендігі бірі еңбегі үшін медаль алуға бара жатқан екен. Tengrinews.kz тілшісі қаза тапқан адамдардың оқиғасын баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
27 желтоқсанда Алматы маңында Bek Air әуекомпаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Қайғылы оқиғадан барлығы 12 адам қаза тапты. Олардың бірі Арқалыққа ата-анасына бара жатса, ендігі бірі еңбегі үшін медаль алуға бара жатқан екен. Tengrinews.kz тілшісі қаза тапқан адамдардың оқиғасын баяндайды.
Медаль алуға бара жатқанBek Air апатының құрбандарының бірі - 57 жастағы алматылық тәрбиеші Әмина Оспанова. Сол күні ол Нұр-Сұлтанға мектепке дейінгі білімнің дамуына қосқан үлесі үшін ұсынылған медальді алуға бара жатқан.
Әмина Оспанова Қызылордада туған. Алматыға бірнеше жыл бұрын көшіп келген. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған Әмина Оспанова жалғыз ұлымен екі балабақша ашқан екен.
Балалармен жұмыс - ол үшін тек табыс көзі емес, өмірінің мәні болған. Ол әртүрлі методикалық ұсыныстар жасап, мектепке дейінгі білімді дамытуға арналған іс-шараларды үкіметке ұсынып отырған.
Әмина Оспанова алып үлгермеген медаль
Бастапқыда Әмина Оспанова Нұр-Сұлтанға пойыз арқылы бармақ болған екен. Алайда қайғылы оқиға қарсаңында оның балабақшасында ұзақ дайындалған ертеңгілік жоспарланған. Ол балаларды жеке құттықтау үшін қалған екен.
Оның әріптестері ұшып кетіп, Әмина Оспанова ертеңгілікке қалып, келесі күні ұшпақ болған. Дәрігерлер Әмина Оспанованы ауруханаға жеткізіп үлгерген.
Ата-анасына бара жатқанҚайғылы оқиға күні қаза тапқан тұрғындардың бірі - Абай Нұрбеков. Ол жергілікті компаниялардың бірінде техникалық директор қызметін атқарған. The Village мәліметінше, Абай Нұрбеков отбасының жалғыз асыраушысы болған.
Абай Нұрбеков жарымен © the-village.kz
Абайдың көршісінің айтуынша, ол отбасымен Арқалықтағы ата-анасына бара жатқан. Ол үшін ұзақ уақыт бойы ақша жинаған. 27 желтоқсанда жолға жары Нағимамен және төрт баласымен: Мәриям - 12 жас, Әли - 8 жас, Әділ - 10 жас және үш жасар Адинамен шыққан. Бүгінде Абайдың жары мен балалары жансақтау бөлімінде жатыр екен.
Жаңа жылды отбасымен қарсы алғысы келгенInformburo.kz сайтындағы мәлімет бойынша, Дана Круглова астанаға барар алдында ұзақ ойланған екен. Себебі Алматыда оның бірнеше кездесуі жоспарда болған. Алайда Дана Жаңа жылды ата-анасымен қарсы алғысы келгендіктен Нұр-Сұлтанға ұшуға шешім қабылдаған. Informburo.kz бас редакторы Михаил Дорофеевтің айтуынша, Дана биыл қаңтарда шығарушы редактор қызметіне кіріскен. Ал желтоқсанның бірінен тексеру бөлімін басқарған екен.
Дана Круглова 1984 жылы 8 сәуірде туған. Informburo.kz сайтына тілші болып 2016 жылы жұмысқа кірген.
Артынан қызы мен үш жасар ұлы қалдыЕлордалық дәрігер Арман Исина Алматы маңындағы Bek Air ұшағы апатынан қаза тапқандардың тізіміндегі адам. The Village мәліметінше, ол ел аралап, денсаулық сақтау саласы бойынша мекемелерге кеңес берген. Акушер-гинеколог денсаулық саласындағы білікті тренер болған.
Арман Исина
"Мен оны "Армаша" деп атайтынмын. Себебі кейде бала сияқты болатын. Оның жиі айтатын сөзі: "Бұл әділ емес қой" еді. Ол өте шыншыл әрі принципшіл еді. Денсаулық сақтау саласында жан-тәнімен жұмыс істейтін", - дейді Аида Альжанова құрбысына арнаған жазбасында.
"Генералдар кеңесі" төрағасы Рүстем ҚайдаровАлматы маңындағы әуе апаты салдарынан "Генералдар кеңесі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров қаза тапты. Рүстем Қайдаров - ХАА академигі, милиция генерал-майоры, әділет генерал-майоры. 1940 жылы 18 мамырда Семей облысы, Бесқарағай ауданы, Сосновка ауылында туған.
Марат Мұратбаев - 27 желтоқсанда болған қайғылы оқиға құрбандарының бірі. Әнші Батырхан Шүкеновтің бауыры Бауыржан Шүкенов Марат Мұратбаев басқарған ұшақпен алғаш ұшқан кезін еске алыпты.
Борт командирі Марат Мұратбаев
"Тәжірибелі ұшқыш, қызылордалық Марат Мұратбаевтың әуе кемесінің командирі болғанын естідім. Бірнеше жыл бұрын Қызылордадан Алматыға Як-40 ұшағымен ұшқанымыз әлі есімде. Командир Марат болды.
Әуеге көтерілген кезде ұшақ кенеттен дірілдей бастады, Қызылорда әуежайына қонуға тура келді. Ешқандай дүрбелең болмады. Шықсам, Марат борттың жанында күлімсіреп тұр екен. "Не болды, Мәке?" деп сұрадым. "Қандай да бір діріл пайда болды. Тәуекел етпеуге бел будым" деп жауап берді", - деп еске алды Шүкенов.
Сәния Аманжол, 21 жаста
Сәния Аманжол © the-village.kz
Сәния - Қазақ Ұлттық университетінің төртінші курс студенті еді. Ол Павлодар облысында туған.
Бауыржан ҚалиевАлматы маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі - талдықорғандық Бауыржан Қалиев. Оның артында ата-анасы, жары мен үш баласы қалған. Qazaqstan ұлттық арнасының мәліметінше, Бауыржан сол күні Нұр-Сұлтанға іс-сапармен барып, кешке қайтуы керек болған екен. Еңбек жолын құқық қорғау саласында бастаған ол кейіннен Алматыға қызметін ауыстырған.
Бауыржан Қалиев © the-village.kz
Николай Асташов 1971 жылы туған. Тhe Village мәліметінше, ол кәсіпкер болған. Оның компаниясы IT саласында қызмет еткен екен.
Николай Асташов © the-village.kz
Каирхан Туматов біраз жыл Алматы энергетикалық институтында қызмет еткен. Физика-математика ғылымдарының кандидаты. Екі баланың әкесі соңғы 20 жылда бизнес саласында болған екен.
Валерий Ануфриев ауруханада қаза тапқан. Оның артынан екі баласы қалды. Нұр-Сұлтанға ұшып бара жатқан 67 жастағы Базархан Кәрібаева оқиға орнында қаза тапқан. Ол астанаға Жаңа жылды немерелерімен қарсы алуға бара жатқан екен.
Еске салайық, 27 желтоқсанда Алматыдан елордаға ұшып шыққан Bek Air ұшағы биіктік жоғалтып, әуежайдан ұшып шыққан бетте құлаған. Бортта 95 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Кейін желіде құлаған ұшақтың суреттері тарала бастады. Артынша Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті ұшағы құлағаннан кейін шұғыл желі ашылғанын хабарлаған. Тоқаев әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтқан болатын.
Показать комментарии
Читайте также