16 октября 2018 | 12:26

"ЖОО білімнің көзі емес" - 5 дипломы бар Даниярдың философиясы

Данияр Диханбаевтың жеке мұрағатынан

Жамбыл облысы Шу қаласының тумасы Данияр Диханбаев бес дипломның иесі. 30 жасында бес мамандық бойынша білім алып үлгерген ол физика, биология ғылымдарына және психологияға қызығады екен. Айтуынша, оқудан жалықпаған оның қазіргі мақсаты 88 күнде 25 кітапты оқып бітіру. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Қазақстандағы білім беру жайлы, бірнеше оқуды қалай бірге алып жүргенін, педагогикалық қызметінде қолданатын әдіс-тәсілдері мен философиясын айтып берді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Жамбыл облысы Шу қаласының тумасы Данияр Диханбаев бес дипломның иесі. 30 жасында бес мамандық бойынша білім алып үлгерген ол физика, биология ғылымдарына және психологияға қызығады екен. Айтуынша, оқудан жалықпаған оның қазіргі мақсаты 88 күнде 25 кітапты оқып бітіру. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Қазақстандағы білім беру жайлы, бірнеше оқуды қалай бірге алып жүргенін, педагогикалық қызметінде қолданатын әдіс-тәсілдері мен философиясын айтып берді. 

Реклама
Реклама

Бала кезінде спортшы болуды армандаған Даниярдың құқық және экономика, тарих, саясаттану, дінтану мамандықтары бойынша білімі бар. Отбасында үш бала. Қазір ол - ұстаз. 

"Кезінде жетінші атамды халық Бибатыр деп атап кеткен. Ол кісінің құрметіне өзімді Данияр Бибатыр деймін. Бала кезімде спортшы болуды армандадым. Кейін, шынымды айтсам, қай салада болсын, қоғамға пайдасын тигізетін адамдардың бірі болғым келді. Түрлі салада жұмыс істеп көрдім. Түптің-түбінде ұстаздықты таңдадым. Бұл менің өмірлік миссиям, мақсатым екеніне көзім жетті, тағдырдың жазғанын мойындау керек екен. Оқушыларым мені Данияр мырза немесе ұстаз дейді. Мұғалім емес, ұстаз. Екеуінің ара-жігін ажыратып алған жөн. Түріктердің құсшы деген жақсы дүниесі бар. Олар балапанды тауып алып, кейін асырап, қанаты қатайғаннан кейін еркіндікке жіберіп, ұшырады. Ұстаздықты дәл осы метафоралық түрде оқушы, студенттердің қанатын қатайтуға, үлкен өмірде еркін ұшуға итермелеуге апаратын мамандықтың бірі болғандықтан таңдадым", - дейді ол.

30 жастағы Данияр Бибатырдың айтуынша, мамандықтың барлығын баға емес, өзі үшін оқыған.

"Алған мамандықтарымнан бөлек көптеген курс пен тренингтерден өттім. Мұның барлығын кейін пайдаланамын деген оймен оқи бердім. Мақсатым - білімнің барлығын өзіме сіңіріп, даму. Ондай адамнан бір дүние шығады деп сендім. Мемлекеттен жеңіп алған білім гранттарында оқыдым. Екі университетті қатар алып жүрген кездерім болды. Бірнеше жерде оқыған қиынға соқпады, бірақ оңай деп те айтуға болмайды. Уақытты үнемдеп, тиімді пайдалануым керек болды. Таңғы алты шамасында тұрып, сегіздегі сабаққа бару, кейін түсте шығып, кешкі беске дейін кітапханада тек үй тапсырмасын емес, өзіңе керекті, қызықты ақпаратты оқу, дайындалу, зерттеу, ал кейін кешкілік университетке барып тағы да оқу. Сөйтіп онның шамасында бірақ шығатынмын. Кешкі асты тым кеш ішкендіктен бірден ұйқыға кетпеу үшін классикалық әуен тыңдап қала ішімен серуендеп қайтатынмын, ол студент кезімнен қалыптасқан әдет. Әлі күнге дейін осылай жасаймын. Ешқандай ой сені мазаламайды, миың тынышталып, тазарып, тынығып қалады. Осылайша ас қорыту жүйесі да жақсарады", - деп баяндады ол. 

Бірнеше іспен айлалысқанда жасау керек нәрселерге үлгермей, қиналып қалатын жағдайлар болады. Данияр Бибатыр өзінің қалай уақытты үнемдеп пайдаланатынын айтып берді. 

"Берілген тапсырманы уақытында орындаудың тәсілі көп. Оның бірі, тапсырманы берілген күні орындау. Әдетте адамдар сабақты бір күн немесе аз уақыт қалғанда жасайды. Бірақ берілген тапсырманы айтқан күні-ақ орындаған жөн. Себебі сабақтан, жұмыстан кейінгі атмосфера, адамның ойлау қабілеті, дәл сол тапсырмаға бағытталып тұрады. Осылайша орындау өте оңайға түседі. Ал тақалғанда жасалған нәрсеге дайындалуға, ойлануға, еске түсіруге көп уақыт кетеді. 

Екіншісі, берілген тапсырманы берілген күйінде орындамау. Яғни, әлдеқайда деңгейін жоғары дайындаса, бағаны да стандарттан жоғары алуға болады. Осылайша студент кезімде мұғалімдерден автомат алып, өзге жұмыстарыма уақыт ұтатынмын. 

Үшіншіден, ең маңызды бөліктердің бірі - ұйқы. Мұнда анатомия, физиология, ми қызметі мен биоырғаңыңды зерттеуге тура келеді. Адамға күніне 3-4 сағат ұйқы және аптасына бір күн сегіз-он сағат ұйқы жеткілікті", - деп сырын бөлісті жігіт. 

Данияр Бибатыр университеттегі оқудан жалыққан кездерім болса да, білім алудан жалықпадым дейді. Айтуынша, Қазақстандағы білім беру жүйесі тым қарабайыр, қызығы жоқ, ал материалдары ескі. 

"Белгілі бір университетте, мамандықта оқығанымда жалыққан кездерім болды. Ол біздің оқу жүйесінің кішкене әлсіздігінің белгісі. Тым қарабайыр, қызығушылығы өте аз. Материалдары ескі, ақпарат қоры аз және бүгінмен байланысы да бары шамалы. Алған біліміңді қайда және қалай пайдаланатының түсініксіз. Берер мүмкіндігі аз болғандақтын неге дәл осы мамандықта оқып жүрген себебіңді таппайсың. Сөйтіп адам жалығады. Бірақ оқу деп мен белгілі бір мамандақта, университеттегі оқуды айтпаймын. Менің түсінігімдегі оқу - кез келген зерттеу, зейін қойып белгілі-бір саланы бағамдау, сол салада тереңдеу", - дейді ол. 

Сондай-ақ оқыған, дипломы бар салалардан бөлек, Данияр психология, астрофизика мен квант механикасын, анатомия мен биология және антропология мен этимология, этнография мен мидың кейбір қызметін, функциясын зерттейдін ғылымдардың түрлерін зерттегенді жақсы көреді екен. 

Айтуынша, ол бірнеше мемлекет ұсынған білім грантынан бас тартқан. Ал қазіргі ең үлкен, тиімді университет - YouTube екен. 

"Қазір барлығына мәлім, YouTube ең үлкен, ең тиімді университет. Әрине ол үшін ынта, уақыт және тіл меңгеру керек. Себебі көптеген ақпарат қоры әлбетте ағылшын тілінде. Сондықтан оқудан жалыққаным жоқ. Бірақ белгілі-бір университеттен стандартты жүйемен білім алу жалықтырды. Медицина университетіне берілген гранттан бас тарттым, тарих ғылымдарының докторы атануға мүмкіндігім болып еді. Бірақ мұның алдындағы оқудан жалыққан соң қызметке, іс әрекет пен тәжірибеге көшкім келді. Шетелдік білім мен тәжірибесін алғым келді. Әлі күнге дейін ғаламторда бар лекцияларды қарап, үйреніп отырамын. Ендігі мақсатым - 88 күннің ішінде 25 кітап оқу. Бастағаныма төрт күн болды, үш кітап оқып үлгердім", - дейді ол. 

Данияр мырзаның айтуынша, дипломының көбін қолданып үлгермеген.

"Өкінішке қарай, дипломымның көбін қолданып үлгергенім жоқ. Тарих саласы бойынша педагогикалық қызмет атқардым. 4 жыл Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істедім, қазір IT университетіндемін. Тарих пәнінен сабақ беремін. Жалпы ақпаратқа, жаңашылдыққа ұмтылу, зерттеу, жинау - мені талдай біруге, синтез жасау арқылы жаңа ақпараттың көзін немесе бір-бірімен байланыстыру, болашаққа кішігірім болжам, мүмкіндіктер мен шешу амалдарын қарастыруға дағдыландырды. Сол себептен басқа салаларда да, мысалы ивент менеджер, халықаралық бөлімдерде, мемелекеттік қызметте, Орталық Азиядағы ең ірі қоғамдық қорлардың бірінде жұмыс істеген кезімде, құқық, экономикадан алған білімім көмектесті. Енді қазіргі педагогика саласында магистратурада оқыған тарих мамандығы көмектесті. Басқаларын қолданып үлгере алмай жатырмын", - деді ол. 

Данияр Бибатыр "Қазіргі әлемдегі Қазақстан" пәні авторларының бірі екен. Оның ерекшелігі - қазіргі өмірмен, қоғаммен байланысы бар, талдауға, шешім шығаруға бағытталған пән. 

"Өкініштісі, пән тек Назарбаев зияткерлік мектебінде ғана беріледі. Бұл Қазақстанның басынан өткелі тұрған оқиға, болжамдарды зерттейді, қазіргі қалыптасқан жағдай мен экономика, жаһандану, геосаясат және басқа да салаларды саралайды. Қазақстанның жүргізген саясатының дұрыс-бұрыс тұстарын зерттейді. Болашақтағы мақсаттарға жету үшін қабылданбаған шешімдерге болжам жасап, болашағы мен зардаптарын айқындайды. Бұл саяси санасы зерек, терең жас буында тәрбиелеуде өте тамаша пән. Сол жерде мен экономика, құқық, саясаттағы білімімді пайдаландым. Болашақта университетте жүргізетін қазіргі әлемдегі Қазақстан пәніне ұқсас жаңа электив курс жазып, пән жүргізбекпін", - деп жоспарын бөлісті ол.  

8 арман, 25 нақты мақсатыммен мақтанамын дейді кейіпкеріміз. Себебі адамның 95 пайызы өзінің армандары мен нақты мақсаттарын білмейді.

"Үлкен жетістікке жеттім деп айта алмаймын, себебі елімнің атын танымал еткен марқұм Денис Тен, әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайбергенов, әлемнің үздік боксшыларын нокаутқа түсірген Гена бауырымыздай ұлы дүние жасап үлгергенім жоқ. Мақтанатын дүнием, 8 арман және 25 нақты мақсатым бар. Осымен мақтана аламын. Қаншама зерттеу, сауалнама жүргізген кезімізде байқағаным, адамның 95 пайызы өзінің армандары мен нақты мақсаттарын білмейді. Ол біруден бөлек барлық күш-қуатыңды, қаражатыңды мақсатқа жету жолына қою, армандардың орындалу жолында сарп етудемін. Ол бір өмірдің мәні мен мақсатын айқындайды. Күннен-күнге уақытыңның өтіп бара жатқанын сезінесің, оны тек ұмтылыспен өткізесің", - дейді ол. 

"Жоғары оқу орнында білім алудың маңызы өте жоғары. Иә, стандартты жауап, алайда оның стандартты емес түсінігі бар", - дейді Данияр Бибатыр. 

"Мәселен, білім билікке немесе байлыққа жеткізе қоятын құрал емес. Білімді қалай падаланасыз, сол жекізеді. Оның пайдалану тиімділігі - сіздің жетістігіңіздің көрсеткіші. Екіншіден, аудитория мен университет студентке немесе адамға барлығын бермейді. Оның бермеуінің өзі сабақ. Университеттердің мен байқаған бірнеше ғана мақсаты бар: біріншіден, белгілі бір мамандық, сала бойынша білімді өзге қарапайым адамдарға қарағанда сәл тереңдеу қылу, яғни сіздің бәсекеге қабілеттілігіңізді арттыру жолында еңбек етеді. Екіншіден, ЖОО-да студент өзін-өзі табуы үшін түрлі мүмкіндіктермен қоршауға тырысады. Яғни, білім-ғылымда, әлеуметтік салада, қоғамдық қызметте, түрлі іс-шараларға қатысып, ұйымдастыруда идеялық, тәжірибелік тұрғыдан жүзеге асыруда өзін-өзі табуға мүмкіндік береді. Сөйтіп барлық саланың дәмін татып көрген жас буын, өзінің кім болғысы келетінін, немен шұғылданғысы келетінін, өмірлік мақсатын айқындауға бір қадам болса да жақындайды. Сол себептен ЖОО-ның маңызы өте жоғары", - деп тұжырымдады ол. 

ЖОО білімнің көзі емес. Білімнің көзі ғаламтор.

"Ең соңғысы, алған біліміңізден кейін, белгілі бір квалификация пайда болады. Яғни  тәжірибе алу, жұмысқа орналасу мақсатында, мансабыңызды бастауда ең алғашқы трамплин, итерме күш болады. Тек бір адамның типажына бұл аса маңызды емес. Оны мойындау керек, заманның лебіне қарай. ЖОО-ның барлығы сізге өзін табуға арналған мүмкіндік. Ол білімнің көзі емес. Білімнің көзі ғаламтор. Ал өзін университетке дейін тауып қойған азаматтарға маңызы өте аз. Себебі өмірлік мақсатын, саласын таңдап қойған азаматтар өз білімін жетілдіріп, жетік меңгеріп, шын мәнінде бәсекеде өзгеден бір, екі, я үш бас жоғары екенін көрсете білсе, оған ешқандай құжаттың қажеті жоқ. Қазіргі нарық бойынша, заманның келбеті бірте-бірте осындай болып келеді. Әлбетте бұл мемлекеттік қызметке қатысты айтылған нәрсе емес", - деп ойын бөлісті ол. 

Кеңестік заманда, я болмаса ХІХ-ХХ ғасырдағы түсінік бойынша, мұғалім ол білімнің көзі болды. Көп кітап оқыған, бойына білімін сіңірген, оны қорытып, жас буынға үйрететін бір тірі YouTube немесе ғаламтор, Google болатын. Бүгінгі таңда ондай қызмет, құзірет, немесе міндеткерлік мұғалімде жоқ. Себебі мұғалімнің білетін дүниесі - кітапта тұр. Оқушы, студенттер білімді мұғалімсіз-ақ кітаптан ала алады. Оны өз бетінше оқып, мұғалімнің білімінен әлде қайда терең ақпараттарды табуға, меңгеруге болады. Бұл Данияр Бибатырдың ойы. 

"Сонда мұғалімнің қызметі қандай дейсіз ғой? Жас буын өзін-өзі табуға, осындай ақпараттық қоқыс алаңынада қай сала бойынша зерттеуін, күшін, жасын, уақытын, арнайтынын айқындау үшін, мұғалімнің қызметі өте зор. Кез келген жас баланың белгілі бір салаға қызығушылығы мұғалімнің арқасында туындайды. Пәнді жасайтын мұғалім. Яғни пән ұстазды емес, ұстаз пәнді жасайды. Сол себепті ұстаздың қызметі маклер емес, модератор есебінде. Алып беруші емес, қызықтырушы есебінде. Соны түсінсек, білім беру үрдісінің мәнін айқындай аламыз", - дейді ол. 

Әрдайым жаңашылдыққа ұмтылатын біздің кейіпкеріміз балаларды қандай тәсілмен оқытатынан айтты.

"Мысалы әлеуметтік желі арқылы сабақ жүргіземін. Ауырып қалған бала мені тікелей эфирден-ақ көріп отыра алады. Партаға шеге қаққандай отырғызып қою деген дүние менде жоқ. Кез келгені отыра ма, тұрып немесе жүре ме өзі біледі. Оның аса маңызы жоқ. Ең бастысы ойымыз талқылап отырған тақырыбымызды. Оны өмірде пайдалана білу мен пайдасын түсінгенде. Одан бөлек тағы бір талап қоямын, субардинациялық тұрғыда барлық шектеулерді ұмытқызамын. Мен мұғалім, ұстаз, менің айтқанымның барлығы дұрыс сөзінен аулақпын. Себебі менікі де қате болуы мүмкін. Қабілетке, дағдыға өте көп ден қоямын. Білімді менсіз де алуға болады және алған білімін сабақ үстінде қолдану, қорытындылау үшін кері сабақ тәсілін пайдаланамын. Біз жас буынның тек білімін емес, қабілетін дамытамыз. Ғылымға деген қызығушылығын оятып, кез келген дүниеден алған ақпараттан өміріне деген тиімділік коэфицентін арттырамыз. Бұл барлық пәнге қатысты айтылған нәрсе, ең бастысы өмірінде қайда, қалай пайдаланатынын түсіну. Сол кезде студенттің ынтасы пайда болады. Ал ынта бар жерде қызығушылық жоғалмайды. Бұл анық, көзім жеткен дүние", - деп тәжірибесін бөлісті ол. 

"Субординация бойынша бір ғана шектеу қоямын. Ол - адамгершілік шегін бұзбау. Сонымен қатар коучингпен айналысамын, оның басты ережелерінің бірі - сыныптың есігі жабылған соң барлығы бір-бірімен тең және барлығы бір-бірінен үйренеді. Соның ішінде мұғалім де есептеледі. Бұл үштік ережесі. Яғни студент-мұғалімнен, мұғалім-студенттен, студент-студенттен. Үй жұмысында тапсырмаларым бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысы бірінікін бірі жалғастырушы, тереңдетуші. Тағы бір оқыту тәсілі - "Сократ стайыл". Оны өз бетімше солай атаймын. Ол дегеніміз жүріп, аудиториядан тыс жерлерде сабақ өткізу. Кез келген сұрақтарды әлеуметтік желіде немесе тірідей тапқан жерінен жолығып, келісіп, талдауға рұқсат. Осыдан шығар студенттер сабақтарымнан қалмауға тырысады, өзге топтың сабағына да сұранып келеді", - дейді Данияр мырза. 

"Мұғалімдер, "сабақ оқымайсың", "жалқаусың" деген сияқты сөздерді айтатынын жиі естіп жатамыз. Түсінгенім, балаға оқы дей бергеннен оған не үшін оқып жатқанын түсіндіру маңызды. Оны ұқтыра білсе, бала материалдың көлемі мен қиындығына қарамастан оқи береді. Сөйтіп оны итермелеу, мәжбүрлеу қажеттілігі туындамайтын жағдайға жетеміз. Қазір әлемнің 10 үздік университетінге бар тәсілге көштім. Әрбір midterm сайын 1 кітапты топпен бірге оқып, талдатқызамын. Баланы кітап оқуға қызықтырғым келеді. Себебі кезінде әкем мені осыған баулыған", - деп қорытындылады ол.

Дайындаған Камила Долаева

Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная