ПОДЕЛИТЬСЯ
04 июля 2018 | 14:39
Оң босағада отырып қалған қыздардың ойы неде?
Статистикаға сүйенсек, еліміздегі қыздардың 28,2 пайызы, ал ер-азаматтардың 39,6 пайызы бойдақ. Орташа есеппен қыз балалар 24 жасында тұрмыс құрса, ер-азаматтар 27-28 жасында шаңырақ көтереді. Медициналық тұрғыдан қарайтын болсақ, 27-28 жастағы нәзік жандылар "кәрі қыз" болып есептеледі екен. Расында да, соңғы кездері қыз-келіншектер арасында түрлі себептермен тұрмыс құрмай, мансап қуалау немесе өзі үшін бала туып алу кең етек жайғаны кеткені рас.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Статистикаға сүйенсек, еліміздегі қыздардың 28,2 пайызы, ал ер-азаматтардың 39,6 пайызы бойдақ. Орташа есеппен қыз балалар 24 жасында тұрмыс құрса, ер-азаматтар 27-28 жасында шаңырақ көтереді. Медициналық тұрғыдан қарайтын болсақ, 27-28 жастағы нәзік жандылар "кәрі қыз" болып есептеледі екен. Расында да, соңғы кездері қыз-келіншектер арасында түрлі себептермен тұрмыс құрмай, мансап қуалау немесе өзі үшін бала туып алу кең етек жайғаны кеткені рас.
Бүгінде тұрмыс құратын жасқа жеткен қыздардың барлығының осы тақырыпқа келгенде айтатын жауаптары бар. Оның ішінде ең көп тараған жауаптардың бірі - материалдық жағдайды түзету, өзін-өзі жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Психолог Лаура Барлыбаева да қазіргі уақытта өзін тұлға ретінде қалыптастырғаннан кейін және материалдық игілікке жеткен соң ғана тұрмысқа шығуды жөн көретін қыздардың саны артқанын айтады.
"Менің ойымша, бұл мәселеде қыздардың екі санатын қарастыруға болады. Бірінші санаттағы қыз-келіншектер тұрмысқа шығу дегенді проблема көреді, байбалам салады. Оған қорқыныш, өз-өзіне деген сенімсіздік, осыған дейінгі сәтсіз тәжірибе немесе қоршаған ортадағы адамдардың тағдыры, жауапкершілік және де, өкінішке орай, қоғамның пікірі мен қысымы себеп болып жатады. Ал екінші санаттағы қыздар бұл жайлы аса қатты алаңдамайды. Олар бірінші кезекте өздерін тұлға ретінде қалыптастыруды жөн көреді. Себебі олар тек саналы жасқа келгенде тұрмысқа шығып, отбасын құру дұрыс деп санайды", - дейді Лаура Барлыбаева.
Бірақ, психологтың айтуынша, бұл жақсы немесе бұл жаман деп кесіп айтуға болмайды.
"Біздің қыз-келіншектер жайлы айтатын болсақ, тұрмысқа шығу - әркімнің өз қалауы мен өз таңдауы. Бұл жерде ешқандай проблема жоқ, проблема тек біздің басымызда, ойымызда. Сондықтан қыздарға әрқашан жүрегінің және жанының сұлу болуы керек екенін айтамын", - дейді психолог.
Ал бұл туралы отырып қалған қыздардың не ойлайтынын білу үшін Tengrinews.kz тілшісі тұрмыс құрмаған қыздардың өзімен тілдесіп көрді.
Бірінші кейіпкеріміз 34 жастағы Айнұр есімді қыз. Ол сұхбатында неліктен тұрмыс құрмай жүргені жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, кейіпкеріміз көп ұзамай екінші жартысын кездестіретініне сенімін білдірді.
"Жас келген сайын талаптар да өсе береді" дейді ғой. Бұл рас. Едәуір жасқа келген соң "ай қарап" жүрмейсің ғой, карьера жасайсың, қызметіңде бірталай өсесің және өзіңе сай жігіт іздейсің. Алайда өмір көрсетіп жатқандай мансапқор, пысық жігіттер ерте үйленіп, қыздардың "құрығына" ерте түседі екен. Ал бізге едәуір жетістікке жеткен, өзімізден мықты, адал, мінезі жайдары жігітті шөп ішінен ине іздегенмен бірдей, ондайлар өте аз. Қоғамның ықпалымен көптеген қыз жігіттің жағдайына да, мансабына да қарамай тұрмысқа шығып жатады, кейде тіпті ұнатпай да шыға салатындар бар. Бірақ, дегенмен, ер адам әйелден бір бас жоғары, отбасын асырай алатындай деңгейде болу керек деп ойлаймын. "Үйлену оңай - үй болу қиын" деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Ертең отбасындағы жанжал екі адамның түсініспеушілігінен, ақша жетіспеушіліктен, болашақ балаларды асырау мен олардың тәрбиесіне қатысты болады. Осының бәрін отбасын құрмай шешіп алған жөн деп ойлаймын. Бәлкім, осы пікірімді оқып, көптеген адам маған "Бұлай жүре берсең, жүре бересің ғой" дейтін шығар, алайда мен отбасылы болған құрбыларымның қателіктерін қайталағым келмейді. Сонымен қатар, әр адамның өз жұбы болады дегенге сенемін. Менің "жартым" да бұл әлемде жер басып жүргеніне және оған көп ұзамай жолығатыныма сенемін. Бастысы - сенім және позитив көзқарас", - дейді Айнұр.
Екінші кейіпкер 32 жастағы алматылық Гүлмира неліктен тұрмысқа шығуға асықпайтынын түсіндірді.
"Бірінші кезекте, туыстарымның тарапынан қысым көремін. Мұны жасырмаймын. Бірақ мен өзім тұрмысқа шығуға қатты асығып жатқан жоқпын. Иә, құрбыларымның көбі тұрмыста, 2-3 баласы бар. Кейде қымсынамын да. Дегенмен мұнда мәселенің барлығы жасқа келіп тірелмейді. Қалай айтсақ та, біздің менталитет, біздің стереотип әсер етеді. Достарымның, құрбыларымның, әріптестерімнің және туыстарымның менің артымнан не айтып, не ойлап жатқанын беске білемін. Олардың мені көргенде қоятын алғашқы сұрағы "Қалың қалай?" емес, "Қашан байға тиесің?" деген сұрақ. Оған да үйренесің. Аса қатты қымсынбаймын десем де, түбінде уайымға бататын кездерім болады. "Неге мен жалғызбын? Мансап, достар, ақша болса да, қасымда екінші жартым жоқ". Бірақ мен ол адамды әлі кездестірген жоқпын. Мұны мен өзімді жұбату үшін айтып жатқан болармын, бірақ расында да солай. Өзімнің адамымды әлі кездестіретініме сенімдімін. Менде ең жақсы күйеу болады. Болашақ жарымның бет-әлпетін үнемі елестетіп жүремін, визуализация дейді ғой. Ал ең бастысы менің ойымша, асықпау. Ол адаммен сенің туыстарың немесе достарың тұрмайды, онымен бірге өмір сүретін сен. Осыны есте сақтау маңызды", - дейді Гүлмира.
Сондай-ақ, қазір танысу агенттіктерінің көмектеріне жүгінетіндердің саны аз емес екені рас. Ол агенттіктерге көбіне 30 жастан асқан қыздар келеді екен. Бұл туралы Алматыдағы танысу агенттіктерінің бірінің директоры Ольга Владимировна айтады.
"Ең қызығы, тіпті 25 жастағы қыздар біздің көмекке жүгінеді. Ал жалпы алғанда, агенттікке хабарласатындардың басым бөлігінің жасы 30-дан асқан, тіпті 40-тан асқан келіншектер де келіп жатады. Олар тұрмыс құрмаған, балалары жоқ. Бірақ, айтқым келетіні, 40-50 жастағы ер адамдар 32-33 жастан келіншектерге қызығушылық танытпайды. Оларды болашақ әйелі ретінде қарастырмайды", - дейді танысу агенттігінің директоры.
"Тағы бір байқағаным, қыздар қазір "ханзаданы" іздейді. Барлық жағынан болсын - мансап, ақша, өз үй-жайы бар, ақшасы, көлігі бар. Көбі бай, ауқатты жігіттерді іздейді. Бұл жайлы олар өздері айтады. Дәулетті, ауқатты ер адамдардың да өз кезегінде әйелдерге қоятын талаптары жоғары емес пе? Бірінші кезекте, олар болашақ жарының жас болғанын, сұлу әрі білімі бар, жақсы отбасынан шыққанын қалайды. Сондай-ақ, әйелдің өзге некеден балалары болмауын қалайды. Алайда олардың өздерінде бұрынғы әйелдерінен балалары бар болатын жағдайлар көп", - дейді агенттік өкілі.
Сұхбат соңында ол қыздарды "бай" жігіттерді ғана күйеу ретінде қарастырмай, айналада жүрген парасатты, ар-ұяты бар және өзіңді бақытта ете алатын жігіттерге назар аударуға шақырды.
Показать комментарии
Читайте также