ПОДЕЛИТЬСЯ
10 марта 2021 | 13:35
Патенттеу мен баптау. Қазақ тазысын асырауда қандай мәселелер көтерілді?
Кеше Желіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазымен серуендеп жүрген суреті пайда болды. Ақорда баспасөз қызметі сирек тұқымды иттің шынымен президентке тиесілі екенін растады. Олар екі жаста екені анықталды. Соңғы уақытта тазы асырау кәсібі дамып жатыр. Тазы асырайтын мамандар Tengrinews.kz тілшісіне бұл кәсіптің мәселелері мен итті қалай күту керегін айтты.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Кеше Желіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазымен серуендеп жүрген суреті пайда болды. Ақорда баспасөз қызметі сирек тұқымды иттің шынымен президентке тиесілі екенін растады. Олар екі жаста екені анықталды. Соңғы уақытта тазы асырау кәсібі дамып жатыр. Тазы асырайтын мамандар Tengrinews.kz тілшісіне бұл кәсіптің мәселелері мен итті қалай күту керегін айтты.
Тазыны қалай баптау керек?
Алматы тұрғыны Нұрғали Нұрышев төрт жылдан бері тазы асырайды. Бүгінде сегіз тазысы бар.
"Бірнеше жыл бұрын досым атқа мініп қайтайық деп фазендаға шақырған. Оның тазысы болатын. Атпен серуендеп жүргенде тазының созылуына, келбетіне, мүсініне ғашық болып, тазы ұстаймын деген мақсат қойдым", - дейді ол.
© "Қансонар" Республикалық қауымдастығы
Нұрышев қазаннан бастап аңға шығатынын айтады. Қазақстанды аралап аң аулайды екен. Жаз бойы тазыны семіртіп, жілік мойын толтырады. Күзге жақын тазыны ақырындап жүгіртіп, жілік майын, етін қатайтады.
"Сиырдың не қойдың қарнын беремін, онда витамин көп. Соны күрішке араластырып беремін. Сол арқылы тазы табиғи ет жинайды. Тазыны 3-4 айынан баптау керек. Алдымен түлкінің терісін беріп, жұлқытып ойнату керек. Сол кезде мойны сынып, аңға шыға алады. Кейін 7-8 айында аттың артына қойып, жүгіртіп, аңға салу керек. Алдымен қоянға, кейін қарсақ, түлкіге шабуылдайды", - дейді ол.
Сондай-ақ, тазы асыраушы қазақта ит сатуға болмайды деген ұғым туралы пікірін бөлісті.
"Қазақта ит сатуға болмайды деп сенеді. Бірақ екі жақ келіссе, аң аулайтын және мал қарайтын итті сатуға болады. Әрине, таныстарыма тазының күшіктерін сыйлаймын. Тазының бағасы әр түрлі болады. Таза қанды тазы қымбат тұрады. Мысалы, бұрын бір тазыны бір үйір байталға ауыстырған дейді. Бірақ жақын таныстарыңа, бауырларыңа мынадай ақша бер деп айта алмайсың. Кішігірім қарғы бауын тастап кет дейсің, ол 100 мың теңге тастай ма, мың теңге тастай ма - өзі біледі. Менен тазы алатын адамға бір шартым бар - оның өскенін, қалай жүгіргенін маған айтып отыруы керек. Өйткені, мен селекциямен айналысамын, сондықтан жүгірісін, рухын білуім қажет", - дейді Нұрышев.
"Барлық тазы құмай емес"
Тазы асыраушы Сұлтан Әбдірайымов тазы түрлері туралы сөз етті. Оның сөзінше, бәрін бірдей құмай тазы деп атауға болмайды.
"Тазыны сары ала қаздың жұмыртқасынан шықты деп айтады. Көбіне жастардың адасып жатқаны бар, басқасы бар. Құмай тазы деп негізі қазақ атамыз аттың тұлпары сияқты ішіндегі алғырын, жүректісін, жүйрігін айтады. Барлық тазы құмай емес. Олай айту - адасу.
Бүгінде үшке бөлінетін тазы бар: жарғақ тазы, шашақ тазы, дөрегей тазы.
Шашақ тазының құлағында шашағы бар, жарғақ тазыда шашағы болмайды. Дөрегей алпауыт, ірі алып болып келеді.
Кезінде аңшылықта жүріп сары ала қаздың ұясынан күшік тауыпты, сары ала қаз көбінесе, қасқырдың, түлкінің ұясына жұмыртқа салады. Сол ұядан тазының күшігін тауып алып, сол күшік құмай тазы болып шығады. Бір аңызда құмай құстың ұясынан алғаннай кейін құмай тазы деп аталып кеткен", - дейді Сұлтан Әбдірайымов.
Фото: Сұлтан Әбдірайымовтың жеке мұрағатынан
Қазақтың тазысы мен төбетін басқа елдер патенттеп алуы мүмкін бе?
2013 жылы құрылған "Қансонар" аңшылар мен аңшылық шаруашылығының республикалық қауымдастығы құрылған. Бұл қауымдастықтың бас директоры Қайырбек Мұсабаев тазы асырау мәселесі тоқталды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ тазысын басқа ел патенттеп алады деген ақпар тараған. Дәлірек айтқанда, 2018 жылы қарашада Ресей телеарналарының бірінде Мәскеуде ортаазиялық тазылардың көрмесі туралы сюжет шыққан. Сонда ұйымдастырушылардың бірі қазақ тазысын FCI (Federation Cynologique Internationale) халықаралық кинологиялық ұйымы арқылы патенттеп алынатынын айтқан.
"Бұл сюжет біздің қауымдастықтың Президент Әкімшілігіне үндеу жариялауымызға себепші болды. Бұл туралы халықаралық FCI ұйымына Қазақстан тазы мен төбет тұқымдарының шыққан елі екенін мемлекеттік органдар арқылы хабардар еттік", - дейді ол.
© aqmeshit-aptalygy.kz
Халықаралық ұйымның шарттары бойынша тіркеуге ұзақ уақыт қажет екен. Ол 20 жылға арналған ұзақ мерзімді бағдарламаны әзірлеуді қажет етеді екен. Қауымдастық өкілдері болашақта қазақ тазысы мен төбетінің саны қалпына келіп, мекеме де бұған ықпал ететіндеріне сенімді.
Маман төбет пен тазының жуық арада "Қызыл кітапқа" енуі мүмкін деген қауесетті жоққа шығарды.
"Қазақтың тазысы мен төбеті "Қызыл кітапқа" енетіндей қауіп төніп тұрған жоқ. Аңшы иттерді жыл сайынғы есептеу нәтижесіне қарап олардың саны тұрақты екенін байқауға болады. Олардың табиғи көбеюіне ешқандай кедергі жоқ", - дейді Қайырбек Мұсабаев.
"Қансонар" қауымдастығының деректеріне сүйенсек, елімізде 644 тазы және 8 төбеттің паспорты бар екен. Сонымен қатар, олар өңірлерде арнайы көрме ұйымдастыру арқылы тағы паспорт алуға жарамды 1300 тазы және 200 төбет бар екенін анықтаған.
Итбегілікті спорт түрі атануы мүмкін
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің ұлттық спорт түрлері және спорттағы мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов Жұлдыз FM радиосының эфирі барысында телефон арқылы байланысқа шығып, итбегілікті ұлттық спортқа айналдыру туралы пікірін айтты.
"Бүгінде министрлік итбегілікті спорт түрі етіп тануды мақсат қылып отыр. Құсбегілік, атбегілік бар. Оған енді өзімізге тарихи маңызды итбегілік қосылады. Дене шынықтыру және спорт саласының заңнамасына сәйкес, итбегілік толық рәсімделген жағдайда бірнеше ауқымды іс-шара атқарылады. Облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар ұйымдастыруға болады. Өңірлердегі мемлекеттік спорт мектептерінде итбегілік пәнін ашып, мамандарды жұмысқа тарта аламыз. Сонымен қатар, төрешілер мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курстарына ұйымдастыруға мүмкіндік пайда болады", - деді басқарма басшысы.
© "Қансонар" қауымдастығы
Оның айтуынша, қазір тазыны патенттеу және ЮНЕСКО-ға енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
"Бельгияда Халықаралық итбегілік федерациясы бар. Онда иттердің 400-ге жуық түрі тіркелген. Алайда оған тазы мен төбет енбепті. Сол федерацияға және ЮНЕСКО тізіміне ену бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылды. 2021 жылы жақсы жаңалығымыз болады деп сенемін", - деді министрлік қызметкері.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также