ПОДЕЛИТЬСЯ
20 августа 2018 | 09:40
"Ұзатылған кейуананың" видеосы таралды: 80-ге келген ерлі-зайыптының махаббат хикаясы
Таяуда әлеуметтік желілерде "70 жасында тұрмысқа шықты", "70-ке келіп ұзатылды" деген видеолар тарады. Осы жағдай жұртты қызықтырмай қоймағаны анық, себебі сан түрлі пікірлер жазылды. Осыған орай, Тengrinews.kz тілшісі той иелерін тауып, сұхбаттасты.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Таяуда әлеуметтік желілерде "70 жасында тұрмысқа шықты", "70-ке келіп ұзатылды" деген видеолар тарады. Осы жағдай жұртты қызықтырмай қоймағаны анық, себебі сан түрлі пікірлер жазылды. Осыған орай, Тengrinews.kz тілшісі той иелерін тауып, сұхбаттасты.
Жұртты қызықтыру мақсатында мұндай видеолардың сипаттамасы асыра сілтеп жазылатыны бар, осы жағдайда да шындыққа жанаспайтын тұстарын айта кетейік. Әженің жасы 70-те емес, 80-ге таяп қалған және ұзатылып жатқан жоқ, "Гауһар тойын" атап өтіп жатыр екен.
Отмечай незамужних подруг У них всё ещё впереди @kazan_bas #kazan_bas
Публикация от KAZAN_BAS • ҚАЗАН_БАС (@kazan_bas) 18 Авг 2018 в 2:34 PDT
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көктерек ауылында тұратын Оңлабай (Ел ішінде Оңтай ата) Мүлкібаев ата биыл 80-ге толады, ал құдай қосқан жары Қожашқызы Тиышкүл әжейменмен отасқанына алпыс жыл болған екен. Тоғыз ұл бір қызды дүниеге алып келіп, "ұлды ұяға, қызды қияға" қондырған зейнеткерлердің балалары, немерелері туыстары осы атаулы мерейтойды салтанатпен өткізуді жоспарлапты.
Оңтай атаның айтуынша, той секілді қарапайым өткізуді ойлаған, алайда көрші ауылда тұратын қайын жұрты, яғни Тиышкүл әжейдің туыстары тойға бір күн қалғанда, "қызды ұзатамыз" деп үйлеріне алып кеткен. Сонымен, Оңтай ата құдасын жігіт жолдас етіп, аудан орталығынан лимузин жалдап, қызды алып кетуге барады. Төс тарту, ілуін беру (қалың мал) тағы басқа салт-дәстүрді орындағаннан кейін, Тиышкүл апамызды сыңсу айтып ұзатады. Дәл осы сәттің видеосы Желілерде тарап жатыр екен. Мейрамханаға барар жолда Биназар бабаның басына барып тәу еткен. Салтанатты шараның ары қарайғы жалғасы тойханада өткен.
Ал енді осы оқиға алпыс жыл бұрын қалай болды? Оңтай ата Мойынқұм ауданындағы Құмөзек ауылында дүниеге келген. Әскердегі борышын өтеп келген соң, ауылында 17 жас шамасындағы қызды көреді. Бұл Биназар ауылынан ағасының үйіне келген Тиышкүл әже болатын.
"Қалайда осы Қожаштың қызын аламын" деп жүріп, соның нәтижесінде үйлендік. Той төбенің басында өтті. Ол заманда солай өтетін. Қайынағама ат мінгіздім, бірақ бүгінгідей үлкен той жасау мүмкін болмады" - дейді ақсақал.
Оңтай ата мал бағып, трактор жүргізіп, есепші (бухгалтер) болып жұмыс істеген, күреспен айналысқан. 1999 жылы Көктерек ауылына көшіп барған. Зейнетке шыққан соң, ауыл имамы болған. Жары да, өзі де қажылыққа барып келген. Бес баласы Алматыда тұрады екен, ал қалған бесеуі Жамбыл облысында. Немерелері Ғабидулла мен Жұмадулла Мүлкібаевтар күрестен халықаралық жарыста Қазақстанның намысын қорғап жүр.
Бүгінде Оңлабай ата мен Тиышкүл әженің 32 немересі, 11 шөбересі бар.
Қыркүйек айының ортасында Оңтай атаның балалары ат шаптырып, күрестен жарыс өткізбекші.
Суреттер мен видеолар Мүлкібаевтар әулетінің жеке мұрағатынан алынды
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также