КРУШЕНИЕ САМОЛЕТА В АКТАУ: ONLINE-ТРАНСЛЯЦИЯ
13 сентября 2018 | 16:10

Кеңседегі жұмысты тастап, бодибилдер болған қазақ

Сандуғаш Сұлтан
Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Ақбар Жармағамбетов. © Tengrinews.kz иллюстрациясы Ақбар Жармағамбетов. © Tengrinews.kz иллюстрациясы

Бүгінгі кейіпкеріміз қазақстандық бодибилдингтің танымал өкілі, жаттықтырушы, спортшы, Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, Proform Classic 2013 халықаралық фестивалінде жетінші орын алған Ақбар Жармағамбетов Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берді. Әңгіме барысында ол жақындарының бәрі бодибилдер атануына қарсы болғанын, подиумның артында шын мәнінде не болып жатқанын, әр қатысатын байқауына қатаң диета сақтайтынын және бодибилдерлерді қолынан дым келмейтін маникен дейтіндерге жауап қатты.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Бүгінгі кейіпкеріміз қазақстандық бодибилдингтің танымал өкілі, жаттықтырушы, спортшы, Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, Proform Classic 2013 халықаралық фестивалінде жетінші орын алған Ақбар Жармағамбетов Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берді. Әңгіме барысында ол жақындарының бәрі бодибилдер атануына қарсы болғанын, подиумның артында шын мәнінде не болып жатқанын, әр қатысатын байқауына қатаң диета сақтайтынын және бодибилдерлерді қолынан дым келмейтін маникен дейтіндерге жауап қатты.

Жезқазған облысының тумасы, 30 жастағы Ақбар Жармағамбетов спортпен айналысып келе жатқанына 19 жыл болған. Бастапқыда дзюдомен айналысқан Ақбар өмір бойы өзін спортқа арнайтынын ойламағанын айтты.

"Спортпен ең алғашқы таныстығым 10 жасымда басталды. Ол кезде ағам спорт залға алып келіп, дзюдомен таныстырды. Бірақ кейіннен бұл спортқа деген қызығушылығым бәсеңдеп, брейк-данспен, яғни көше биімен айналыса бастадым. Брейк-дансты қатты сүйгенім соншалық, қысқа уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, тіпті өз тобымды құрып, солармен бірге өнер көрсететінмін. Бұл би түріне өзімнің жеті жылымды арнадым. Бимен айналысқаныма еш өкінбеймін, себебі бодибилдингте әлі күнге дейін көрсетіп жүрген жетістіктерім соның арқасында. Пластика, координация, денені дұрыс көрсете білуді биден үйрендім. Алғаш спортзалдағы темірмен 15 жасымда таныстым. Дәлірек айтсам, досым шақырды. Сол досымның бодибилдинг саласындағы білімі терең екенін аңғарып, осы спорт түрін меңгердім. Оған дейін еркін күреспен, дзюдомен, қол күрестіру сынды спорт түрімен айналыстым. Алайда, жай ғана спортқа деген қызығушылық бүкіл өмірімді өзгертетініне қазір айтса сенбес едім"- дейді бодибилдер.

Ақбардың айтуынша, бодибилдингке қатты қызыққаны соншалық, студент кезінде құрылыста жұмыс істеп жүргенінде жаттығу темірлерін өз қолынан жасап алған екен.

"Ес білгелі спортпен айналысып келе жатқанымның арқасында бодибилдингте мен тез арада сымбатты дене жасап, жетістікке тез қол жеткізе бастадым. Бұл спорт түрі мені қызықтырғаны соншалық, күндіз де, түнде де, үйде болсын, жұмыста болсын, көшеде болсын жаттыға бастадым. Спортзалға баруға ақша жоқ студенттік кезде құрылыста жұмыс істеп жүргенімде өзіме жаттығатын біраз құрылғыларды қолдан жасап алып, үзіліс кезінде жаттыққан жайым бар", - дейді ол.

Бодибилдердің айтуынша, өзінің ірі денесінің арқасында жігіттер арасында туындайтын жанжалдардан оңай құтылып кететін де жағдайлар болады.

"Денем ірі болып, өзім спортпен айналыссам да, ешқашан жігіттерге бірінші болып тиісіп көрмеппін. Тиісу ойымда да жоқ. Иә, студент кезімде денем ірі болған соң жігіттер алыстан көріп, қашып кетіп немесе "Қой, мынауың тым мықты" деп кері қайтып кететіндер көп болды", - деп күлді Ақбар Жармағамбетов.

Ал табысы жайлы айта келе, ол негізгі табыс көзі бапкерлік жұмысы екенін нақтылады.

"Қарапайым адамдарға қарағанда, жұлдыздармен жұмыс істесең, әрине, табыс жағынан екі есе көп түседі. Екеуін әрдайым қатар алып жүруге тырысамын. Чемпионатқа қатысқан кезде алған орныңа байланысты жүлде қоры болады. Сыйлық я ақша алған орныңа қарай беріледі", - дейді спортшы.

Арада жеті жыл өтсе де, Ақбар бұл бұл спорт түрімен өзі үшін, өзіне ұнағаны үшін айналысып келе жатқанын айтады. Сондай-ақ, төрт жыл қол күресімен айналысып, әртүрлі спорт жарысында кәсіпқой спорт шеберіне кандитат атағын алған екен.

"Бодибилдингпен айналысып жүргенімде әртүрлі категорияда чемпионатқа қатысу арманым еді. Сөйтіп, ең алғаш рет Теміртауда өткен 2011 жылы 24-ші ашық чепионатқа қатыстым. Ойыншы я боксшы, атлет қаншалықты жаман я керісінше жақсы ойнасын, барлығы жаттықтырушыңа байланысты. Жаттықтыру әдісі жақсы болса, сәйкесінше спортшы да жақсы нәтиже көрсетеді. Ол кездері мені шеберлігі жоғары, білікті маман жаттықтырған еді. Сол кісінің арқасында 2012 жылы Алматыда өткен Қазақстанның ашық чемпионатында екінші орын иелендім. Сондай-ақ, Mister & Miss Mega Alma-Ata атты коммерциялық турнирде екінші орын алған жайым бар. Сол жылдары тек өзіме емес, басқаларға да үлгі болдым. Себебі ешқандай препараттарсыз-ақ керемет нәтижелерге қол жеткізуге болатынын өз тәжірибеммен көрсеттім. Proform Classic 2013 халықаралық байқауында абсолют категориясында 74 келі өз салмағыммен 7-орынға ие болдым. Тағы Қазақстан чемпионатында сол абсолют категориясы бойынша екінші орынды алған едім", - дейді ол.

Ақбардың айтуынша, барлық спорт саласында жүргендер допинг қолданады екен. Алайда, айтуынша, ол спортта жүргеніне қанша уақыт өтсе де, тыйым салынған препараттарды бірде-бір рет қолданып көрмеген.

"Қазір жұрт "Бәріне топырақ шашып не керегі бар?" деп ойлауы да мүмкін. Бірақ, спортта денені өз бетімен дамыту мүмкін емес. Мүмкін болса, мыңнан бірі ғана өз күшімен денесін үлкейте алады. Әрине, бұрын-соңды спортпен айналыспаған, бала кезінен өзін спортқа баулымаған адамға қиын. Егер жастайыңнан күнделікті, режиміңді бұзбай айналыссаң допингсіз-ақ талай белестерді бағындыру әбден мүмкін. Дұрыс жол әрдайым қиын болады. Жұрт жеңіл деп ойлайтын "подиумға" шығу үшін атлеттер өзінің 24 сағатын спортзалға арнап, қатаң диетаға отырып, маңдай терін төгеді. Өзін құрметтейтін спортсшы болса, дұрыс жолды таңдайды. Алайда, қай жолды таңдауы өз еркі", - дейді кейіпкеріміз.

Бодибилдердің айтуынша, ата-анасы мен туыстары бұл спорт түріне баруына қарсы болған. Тіпті әлі күнге қарсы екен. Ақбар жұрт тарапынан да "Бұл спорт түрі емес" деген сөздерді жиі естиді екен. Алайда, кейіпкеріміздің мұндай сөздерге өз жауабы бар.

"Ата-анам бұл жолды таңдауыма әрқашан қарсы болған. Қазір де қарсы. Әсіресе "Ұл баланың ісі емес, өз мамандығың бойынша жұмыс істе" дейтін. Мамандығым бойынша жұмыс істедім, алайда жалғастыру мүмкін болмады. Өзім Қарағанды мемлекеттік техникалық университін тәмамдадым, мамандығым бойынша бірнеше жыл қызмет атқардым. Тіпті, зейтнетақы қорында менеджер болып жұмыс істеп, жақсы табыс таптым. Қызмет мансабым жоғарылап, тағы бір-екі компанияда жұмыс істеп үлгердім. Алайда, бұл менің жолым емес екенін түсініп, барлығын тастап, армандаған спорт саласына кетіп қалдым", - деді ол.

Оның сөзінше, жұрт бодибилдинг десе, құдды бір сұлулық байқауы ретінде қабылдап, "Подиумда құры жүрген секілдісіңдер" деген пікір жиі айтылады.

"Подиумда құры жүрген болып көрінсек те, бұл жай жүрудің артында қаншама еңбек, қаншама маңдай тер төгілді. Жай жүргенімізді апталап қайталап, айнадан қалай көрінетінімізді тексеріп, залда жаттықтырған денемізді байқау кезінде қалай дұрыс көрсете білу керектігін үйреніп, ол үшін біраз уақыт жұмсаймыз. Себебі денесі сымбатты, аяқ-қолы ірі болып тұрса да, дұрыс жағынан көрсете алмай, байқаудан шығып қалатындар да болады. Сұлулық байқауы дейтіндерге келер болсам, бұл эстетикалық спорт түрі. Бокс кезінде боксшы төбелессе, футболда ойыншы алаңда доп қуып жүрсе, бұл жерде сен өзіңнің денеңді көрсетесің. Дәл солай футболды жай ғана доп қуып жүреді, қиын түгі жоқ дей салуға болады. Алайда, ойыншыға жай алаңға шығудың өзі қаншалықты термен келгенін бірі білсе, бірі білмейді", - дейді Ақбар.

Оның айтуынша, чемпионат кезінде екі апта, тіпті одан да көп қатаң диетаға отырады. Ал диета кезінде, бодибилдерлер тіпті суды да ұрттап ішпейді екен.

"Қазір мен Азияда өтетін чемпионатқа дайындалып жатырмын. Артық салмақтан айрылып, денені үлкейтіп, қатайту керек. Спортшылар осындай байқауларға қатысар алдында артық салмақты, ағзадағы артық су мен майды кетіреді. Әйтпесе, өз категориясындағы салмақтан өте алмай қалу қаупі бар. Қазір мен 80 келі артық салмақтан 76-ға дейін тастадым. Енді Үндістанның Мумбай қаласында өтетін чемпионатқа қатысу үшін тағы 73 келіге дейін тастауым керек. Ондай артық майларды кетіру спортшылар арасында "сушка" деп атайды. Яғни, біз тек ақуызбен тамақтанамыз. Тіпті суды да ішпейміз. Жұмыртқаның ақуызымен тамақтанып, айран секілді сусындар ішіп жүрмін. Отау құрған кезімде басында әйелім біраз қиналды. Біресе тамақты қуырып қойып, біресе тұзын көп қосып жіберетін. Сөйтіп, бір-екі айдан кейін үйреніп, маған ілесіп, қазір өзі де дұрыс тамақтануға көшіп кетті", - дейді атлет.

Ақбар жақсы жаттықтырушы болсаң, адамдар өзі ағылып келетінін, тіпті танымал жұлдыздармен де жұмыс істеуге мүмкіндік туатынын айтады, тек жұмысыңды сүйсең болғаны. 

"Бала кезімнен бері әртүрлі спорт саласында болғандықтан, бәрін өз басымнан кешіргендіктен кімге қандай ыңғай жасау керектігін жақсы біліп алдым. Жаттықтырушы болып енді жұмыс істей бастағанымда жұрт маған ағылып келе бастады. Кейін тіпті теледидардан көретін жұлдыздардың өзі жазылып, солардың жеке жаттықтырушысы болдым. Баян Мақсатқызы, Ерке Есмахан, Асылхан Төлепов, Гүлназ Жоланова, Әйгерім Қалаубаева, Еркебұлан Даиров, Мадина Балғабаева секілді жұлдыздардың дене бітімін түзеп, бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Адамдарға бұл іс оңай болып көрінгенімен, әр клиентке түрлі ыңғай табасың.

Біреуі "Мен толықпын" деп келеді, біреулер "Тез арада арықтау керек" десе, енді біреулері өз басындағы проблемасын баяндап жатады. Осыларды ескере отырып, клиенттерімнің көңілін тауып, мәселесін шешуге бар жанымды саламын. 24 сағат бойы спортзалда жұмыс істесем де, мүлдем шаршамаймын, себебі, мен бұл жұмыстан ләззат аламын", - дейді ол.

Ал "әйеліңіз қыздардың артық назарынан қызғанбай ма?" деген сұрағымызға ол былай деп жауап қатты:

"Әйелім мені басқа қыздардан қызғанып көрмепті. Себебі бұл менің жұмысым екенін түсінеді. Қыздар тарапынан әрине дене бітіміме қарай көп қызығушылық танытып, танысуға бірінші болып қолқа салып жатады".

Ақбардың айтуынша, қазір ол танымал жұлдыздарды трансформациялау, яғни арықтату үшін Youtube-те жоба бастап жатыр екен. Сол жұлдыздардың ең алғашқы қатысушысы болып танымал вайнер Жека "Fatbelly" келген.

"Спортпен айналысқалы бері менің өмірім түбейгелі өзгерді. Денсаулығым болсын, ұйқым болсын, көңіл-күйім болсын, барлығы орнында. Бұл тек спорттың арқасында. Дәл осылай басқа адамдардың өмірі өзгергенін қалаймын. Жұртқа көмек қолымды созғым келеді, өз-өзіне деген сенім ұялатқым келеді. Қазір спорттық ойын-сауық арна ашуға дайындалып жатырмыз. Ол жерде қызықты экстрим жаттығулар мен тапсырмалар болады. Қазіргі уақытта танымал вайнер Жеканың трансформациясын күтіп жатырмыз яғни, келген қонақ арықтаумен қатар арманындағы әдемі дене бітіміне қол жеткізеді. Бұл тек жұлдыздарға қатысты болса, ендігі арманым қарапайым адамдарға көмектесу", - дейді бодибилдер.


© Суреттер жеке мұрағаттан

Ақбар бодилидингпен зейнет жасынан кейін де айналысамын деп отыр.

"Спортпен өмір бойы айналыссам да шаршамаймын. Себебі ол маған ләззат сыйлайды. Ал бодибилдингке келсем, ол жерде 45 жастан кейін "ветеран" деген категориямен шығатындар да бар. Бұйырып жатса, дәл Арнольд Шварценеггер секілді кино мен спортты бірге алып, зейнет жасыма дейін айналысамын", - дейді атлет Ақбар Жармағамбетов. 

 

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 515.11  course down  535.94  course down  5.16  course down

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer