ПОДЕЛИТЬСЯ
19 сентября 2018 | 11:39
"Сұлу көп, сұраныс жоқ". Қазақстанда модель болудың қыр-сыры
Модель болу үшін тартымды келбет, сұлу дене пішіні және ең бастысы талап пен ниет керек. Елімізде модель бизнесін әзірше тек қосымша жұмыс ретінде көреді. Модельдік бизнесте ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан және бұл өмірге енді аяқ басқан саланың өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне немен айналысатынын, мұндағы сұраныс пен шетелден айырмашылығын айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Модель болу үшін тартымды келбет, сұлу дене пішіні және ең бастысы талап пен ниет керек. Елімізде модель бизнесін әзірше тек қосымша жұмыс ретінде көреді. Модельдік бизнесте ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан және бұл өмірге енді аяқ басқан саланың өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне немен айналысатынын, мұндағы сұраныс пен шетелден айырмашылығын айтып берді.
Әлемдік деңгейге қалай жетеміз?
Қазақстанда модельдік бизнес енді-енді дамып келеді, сол себептен сұраныс та аз. Ал оның дамуына бірнеше фактор әсер етеді екен.
1. Қазақстан халқының саны, артқан сайын сұраныс та көбейеді
2. Бизнестің дамуы, өнім шығару
3. Дизайнерлер тарапынан зор үлес
4. Модель агенттіктері мен продюсерлердің аянбай жұмыс істеуі
5. Шетел модель мектебімен танысу
Олжас Тоғымбет. © Жеке мұрағаттан
Бұл 34 жастағы отандық модель Олжас Тоғымбеттің тұжырымы. Ол Мысырдың Каир қаласында араб тілінің маманы, Алматыда қаржы және несие мамандығын тәмамдаған екен. Актер болуды армандаған ол елге оралғаннан кейін түрлі кастингтерге бара бастапты, бірақ нәтижесіз болғандықтан бұйырмағаны шығар деп тастап, өз ісімен айналыса берген. Бірақ өмірде бәрі тосын, 27-28 жасында інісін модель мектебінен алып кетуге келгенде агенттік директоры оны байқап "жұмыс істегің келмей ме?" деп сән индустриясына тартқан. Осыдан бастап Олжас Тоғымбеттің модель ретінде өмірі басталыпты.
"Мамандығым бойынша соңғы 5-6 жыл жұмыс істеп жүргенім жоқ. Шағын кәсіп аштым, сән әлемі мен киноиндустрияға байланысты жұмыс істейміз, жалпы айтқанда барлығы түсіріліммен байланысты. Өзім де шетел брендімен серіктеспін, анда-санда қалаға да келіп тұрамын", - дейді ол.
Олжас Тоғымбет. © Жеке мұрағаттан
"10 жыл керек"
Олжастың айтуынша, Азия елдерінде жұмыс істеу арқылы Еуропаға шығуға болады. Ал Қазақстан әлемдік деңгейге шамамен 10 жылда жетіп қалады.
"Өзім Малайзия, Сингапур елдеріндегі модель өмірін көрдім. Олар бұл салада қатты дамып кеткен. Елге оралғаннан кейін Италияға да шақырған. Қаншалықты қазақи фактура болсақ да, Азия елдерінің келбетіне келеміз. Сондықтан онда біздің модельдерге де сұраныс бар. Әрине, сұраныс болғандықтан, талап та жоғары. Қазақстандағыдай емес. Бізде белгілі 90-60-90 стандартын көбіне ұстанбайды. Себебі Fashion индустриясы енді дамып келе жатқандықтан, модельге талап қатал болса, база жеткіліксіз болып қалады", - дейді Олжас.
Шетелде тек модель болып күн көруге мүмкіндік бар. Ал бізде ол тек қосымша табыс көзі. Алайда, екінші жұмыс ретінде жақсы қаражат табуға болады екен.
Олжас Тоғымбет. © Жеке мұрағаттан
Қазақстандық модельдердің табысы
"Шетелде 3-4 жақсы бренд, фирма немесе агенттіктермен келісімшартқа отырса өзіңді ғана емес, ата-анаңды асырауға болады. Ал елімізде ол маманданған кәсібі болмаса, тек қосымша табыс көзі. Себебі, модельдікпен өзін асырай алатын дәрежеге жеткеніміз жоқ. Алайда сұранысқа ие модель Қазақстанда да жақсы табыс таба алады. Мысалы, бейнебаянға түскені үшін орташа есеппен 500 АҚШ долларын, ал фотосессияға 300 доллар алуға болады. Бәрі модельге байланысты. Бұдан көп немесе аз да алатындар бар", - дейді Олжас Тоғымбет.
Көбіне Еуропалық брендтер азиялық фактураны жиі алады екен. Себебі бізде аудитория көп. Қытай, Жапония, Корея және басқа елдердің халқының саны аз емес. Олжастың айтуынша, барлығы бағыңа байланысты.
"Модель ретінде агенттікке қабылдаған кезде, көп жағдайда алдымен келбетке, кейін бойға қарайды. Ол агенттіктің саясатына байланысты. Бірі креатив модельдер іздейді, екіншісі подиумға арналған. Ал қыз немесе ұлдың танымал болып кетуі ең алдымен бағына, кейін әрине, келбеті мен ұмтылысына, өз-өзімен жұмыс істеуі мен талабына байланысты. Маркетинг пен PR-ды ұмытпаған жөн. Бақ келемін десе аз уақытта танымал модель атануға болады", - дейді қазақстандық.
Олжас Тоғымбет. © Жеке мұрағаттан
Олжас Тоғымбетпен салыстырғанда модельдік өмірге ерте аяқ басқан шымкенттік Тілеужан Нәзір Кореяның Сеул қаласында Asia Model Festival байқауына Қазақстанның атынан қатысқан үш модельдің қатарында болған. Тілеужанның модель болуына анасы себеп болыпты.
Тілеужан Нәзір. © Жеке мұрағаттан
"Шымкентте модель мектебіне 9-сыныпта бардым. Бұл саладағы менің алғашқы қадамын десе болады. Бірақ негізінен көңілімді сабақ оқуға бөлдім, мектепті үздік бітірдім. Кейін Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім, бірақ мұнда қалаған мамандығым болмағандықтан оқудан шығуды дұрыс көрдім. Жазда бос жүрмеуім үшін анам басқа модельдік агенттік тауып, оқуға жіберді. Ондағы басшымыз талабымды байқаған соң, менімен жұмыс істеп, даму жолымда көмектесті. Сөйтіп Шымкент, Алматы қалаларында және шетелге тапсырыс түсе бастады, түрлі жобаларға қатыстым. Қазір де шетелден ұсыныстар түседі, жақында Шанхайдан келісімшарт келді", - деп баяндады ол.
Модель Кореядағы байқауға дайындық барысы жайлы әңгімеледі.
"Күніне 4 сағаттан ұйықтап, 6 сағат дефилеге шығып, қалған уақытын жаттығу залында өткізіпті. Қойылған талап жоғары болса да, есесіне компания атынан тегін ел аралап, үлкен тәжірибе алып қайтқан. Осындай халықаралық көрсетілімнен кейін модель ретінде адамның жолы ашыла бастайды. Мұндайда менеджерлермен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Себебі жұмыс, тапсырыс ұсынатын сол адамдар", - дейді ол.
Шетелдегі модельдерге қойылатын талап қандай?
Тілеужанның айтуынша, модель болу үшін ең алдымен үлкен ықылас, әрдайым даму мен өзін жетілдіріп отыру керек. Себебі әлем тоқтап тұрмайды. Артыңда қаншама жас, талапты ұл-қыздар өсіп келеді. Сондықтан қызметкер ретінде бәсекеге қабілетті сақтау керек. Ол шетелде қыз модельдерге қойылатын талап туралы айтып берді.
1. Бойы. 178 сантиметрден 2 метрге дейін.
2. Жасы. Бала кезден ақ модель болуға мүмкіндік бар. Әрине, атқаратын жұмыс түрлі болса да, 25 жаспен салыстырғанда 14 жастағы қыздың болашағы зор.
3. Дене пішіні. Бүгінде арық, төс өлшемі кіші қыздар сәнде. Үлкен өлшемді қыздар да сәнге енді. Бірақ оларға сұраныс аз. Ал бұл бағытта жетістікке жету үшін көп күш жұмсау керек.
4. Келбет. Ерекше келбет сұранысқа ие. Мысалы үлкен көз, ерін немесе қоңқақ мұрын. Себебі мінсіз бейнеден әлем шаршады. Тері аппақ болудың да қажеті жоқ. Түрлі дақтар, мүмкін тыртық - қызды көптің ішінен ерекше көрсетеді.
5. Икем. Түрлене білу қабілеті. Бүгін ақсүйек, ертең үйсіз жан кейпін көрсетуде адамдарды сендіре білу де өнер. Көңіл-күйді көрсету ептілігі де бар және фогорафтың айтқанын тыңдаған абзал.
6. Жүріс-тұрыс. Кез келген биік өкшелі аяқ-киімде нық, еркін, сонымен қатар әдемі жүру керек. Киімге байланысты жүрісті өзгерте білу қажет.
7. Тез тіл табыса білу. Тапсырыс берушілер қарапайым, көңілді адамдармен жұмыс істегенді қалайды.
8. Тіл білу. Ең бастысы ағылшын тілін меңгерген жөн. Себебі тілде әлемнің жартысы сөйлейді. Өзге француз, неміс тілдерін білу де артық етпейді.
Тілеужан Нәзір. © Жеке мұрағаттан
"Модель болғыңыз келсе, алдымен агенттіктер іздестіріп, оларға портфолио жіберу керек. Бірақ жалғыз модельге жұмыс табу қиын болады. Сондықтан түрлі агенттіктерде оқып, келісімшартқа отыру керек. Ал кейін агенттік сізге тапсырыс тауып, кастингтерге жібереді. Жалпы айтқанда жұмыс табуда көмегін аямайды. Алайда, алаяқтардан абай болу керек", - дейді Тілеужан.
"Агенттікті таңдар алдында мұқият болған абзал. Оның қанша жыл нарықта жұмыс істегенін, қандай үлкен компаниялармен келісімшартта болғанын, құрамында қанша модель бар, қандай жетістікке жеткенін саралау керек. Ал келісімшартқа отырар алдында барлық шартпен танысуды ұмытпау маңызды", - дейді ол.
Тілеужан Нәзір. © Жеке мұрағаттан
Тілеужанның да айтуынша, Қазақстанда модельдік тек хобби ретінде қарастырылады.
"Модель бизнесінде жүргеніме аз уақыт болмаса да, мен үшін модельдік тек хобби ретінде жүреді. Негізгі мамандығым - режиссура. Модель болу да оңай емес. Әрдайым жақсы формада жүруің керек, бетіңе безеу шықпасын деп диета ұстап, күту міндетті. Спортты да тастамаған жөн. Ол қыздарға да, ұлдарға да қатысты дүние. Мысалы, Кореяда модель болу үшін мектеп бітіргеннен кейін алдымен модель колледжін, кейін университетін тәмамдау керек. Ал бізде ол басқашалау", - дейді ол.
Тілеужан Нәзір. © Жеке мұрағаттан
Ер жігіттің модель болуы біздің қоғамда кей жағдайда үлкендер тарапынан қарсылық тудырып жатады. Тілеужан Нәзірге де сын айтылыпты, бірақ бұл мәселеде қиындық тумаған.
"Менің модель болғаныма туысқандарым тарапынан түрлі көзқарас болды. Бір ағаларым "дұрыс, жарайсың" деп қолдаса, басқалары "жігітке тән емес" деп сынады. Алайда әкем қарсылық білдірмеді, достарым да ештеңе айтпады. Сондықтан бұл жағынан қиындық тумады", - дейді ол.
Камила Қожахан. © Жеке мұрағаттан
Ал жақында ғана Алматы аруы-2018 атағын жеңіп алған 18 жастағы Камила Қожахан Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2-курс студенті. Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі мамандығы бойынша білім алады екен. Бала кезінен модель болуды армандаған ол қыздар мен ұлдарға мектепте өтетін "Қыз сыны", "Жігіт сұлтаны" байқаулары алғашқы модель мектебі екеніне сенімді.
"Әрбір қыз бала сұлулыққа құмар емес пе! Бала кезімде "Топ Модель по-Американски" бағдарламасын үзбей көретінмін. Соған қарап өзім де сән әлемінде жүруді армандадым. Ол арманым орындалып жатқандай, 3 ай қарқынды дайындықтан кейін Алматы аруы байқауын жеңдім. Модель бизнесіне жаңадан келсем де, бұл салада шетелдің тәжірибесі елімізге қарағанда жоғары екенін байқаймын. Себебі онда халық модель жұмысын бағалайды, сыйлайды. Бізде де осы үрдіс қалыптасса деймін, - деді Камила.
Камила Қожахан. © Жеке мұрағаттан
Енді жаңа Алматы аруы "Қазақстан аруы" байқауын күтіп, дайындалып жүр екен. Оған қоса оқуын да жалғастырып, тереңдетіп ағылшын тілін оқып жатыр және кроссфитпен айналысады. Қалалық іс-шаралардан да шет қалмай, бірнеше әлеуметтік және шығармашылық жоба дайындап жатыр.
Камила Қожахан. © Жеке мұрағаттан
Показать комментарии
Читайте также