Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
06 октября 2020 10:59

"Ақ үйдің тас-талқаны шықты". Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік қалай өрбіді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

5 қазанда Қырғыз елінде басталған митинг жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Салдарынан көптеген адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. Бүгінде елдегі жағдай өршіп тұр. Қырғыз еліндегі жаппай тәртіпсіздік қалай өрбіді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында. 


5 қазанда Қырғыз елінде басталған митинг жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Салдарынан көптеген адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. Бүгінде елдегі жағдай өршіп тұр. Қырғыз еліндегі жаппай тәртіпсіздік қалай өрбіді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында. 

4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтті. "Жогорку Кенештің" сайлауына барлығы 16 саяси партия қатысқан. Қырғызстанның "Жогорку Кенеші" - 120 депутаттан тұратын Қырғыз Республикасының бір палаталы парламенті, мемлекеттің заң шығарушы органы. "Жогорку Кенеш" пропорционалды жүйе бойынша 5 жыл мерзімге сайланады.

Cайлау нәтижесі бойынша бірінші орында "Биримдик" партиясы, екінші орында "Мекеним Кыргызстан" партиясы, үшінші орында "Кыргызстан" партиясы тұрған болатын. Сөйтіп сайлау нәтижесімен келіспей, оған қарсы болған халық митингіге шықты. 

Қырғызстандағы митинг: Талап қандай, биліктің айтары не?

Наразы халық Бішкектің орталығындағы алаңға жиналды

"Sputnik Қырғызстан" мәліметінше, жергілікті тұрғындар 5 қазан сағат 11:00 шамасында ел астанасындағы "Ала-Тоо" алаңына жиналған. Басылым хабарлауынша, бастапқыда наразылық шарасына мыңға жуық адам жиналып, бірнеше партияның жақтастары митингке шықты. 


© Sputnik Қырғызстан

Наразылық акциясын ұйымдастырғандардың бір ғана талабы болды: "сайлаудың нәтижесін жою, себебі ол әділетсіз өткен". 5,81 пайыз дауыс жинаған "Республика" партиясының басшысы Мирлан Жээнчороев жақтастарын айтқандарынан таймауға шақырды.

Ауруханаларға 100-ден аса адам жеткізілді

Қырғызстан көшелеріндегі жағдай ушығып, көптеген адам түрлі жарақат алды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 6 қазан сағат 00:00-дегі жағдай бойынша, Бішкектегі травматология және ортопедия ғылыми зерттеу орталығына 65 адам түсті, оның ішінде, құқық қорғау органдарының 40 өкілі. Екі жәбірленуші жансақтау бөліміне жатқызылды, олардың жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалады.

Ұлттық ауруханаға 40 адам түсті, оның екеуі жабық краниоцеребральды жарақаттармен жансақтау бөліміне жатқызылды. Тағы екі адам №1 қалалық клиникалық ауруханаға түсті. Жеті адам Шу облыстық ауруханасына жатқызылды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емделуге жіберілді. 

Сондай-ақ министрлік 6 қазанда сағат 00:00-дегі жағдай бойынша қаза тапқандар жоқ екенін мәлімдеген еді. 

"Бішкектің жедел медициналық жәрдем орталығының фельдшеріне шабуыл жазылды. Түрлі жарақат алған фельдшер ауруханаға жатқызылды. Екі жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады", - деді елдің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері. 

Бішкекте митингіге шыққандар Ақ үйге басып кірді

Митингіге шыққандар мен қарулы күштердің текетіресі сағат 20.00-ден бастап "Ақ үйге" басып кірумен аяқталды. Республиканың заңнамалық органына өтпей қалған партия жақтастары қақпаны жүк көлігімен бұзып, ішке кірді. Куәгерлердің айтуынша, осыған бірнеше минут қалғанға дейін парламент ғимаратынан көліктердің колоннасы шыққан. 

Ақ үйге кіргендер бір-біріне: "Сындырма" деп, парламент ғимаратын тонамауға шақырған.

Сондай-ақ митингіге шыққандармен бірге ғимаратқа республиканың экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадыр Атамбаев (ол елдегі "Қырғызстанның социал-демократтары партиясының басшысы") кірген.

Территорияда Мемлекеттік күзет қызметінің мамандары жоқ. Ресми расталмаған ақпаратқа сүйенсек, ел президенті Сооронбай Жээнбеков оңтүстікке ұшып кеткен. Артынша президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева Сооронбай Жээнбеков Бішкекте екенін хабарлады. 

Сондай-ақ митинг кезінде екі тәртіп сақшысы ауыр жарақаттар алған. Алдын ала мәлімет бойынша, оларға тас лақтырған. Екеуі Ұлттық госпитальға жатқызылды. 


© Sputnik Қырғызстан

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев тергеу изоляторынан босатылды

Бішкекте митингіге шыққандар экс-президент Алмазбек Атамбаевты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторынан босатты.

Ведомствоның басшылығымен келіссөз жүргізілгеннен кейін оны Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратынан шығарды. Митингіге шыққандар бірден экс-президентті қолдап, "Атамбаев" деп айғайлады.

Айта кетейік, Атамбаев өткен жылдың жазынан бері қамауда отыр.

23 маусымда Бішкектің Первомай аудандық сотында криминал авторитет Азиз Батукаевты заңсыз босату туралы іске қатысты сот үкімі шығып, Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев 11 жыл 2 айға сотталған болатын. Бұл істі тергеу 2019 жылдың қаңтарында қайта басталған еді. 

Митингіге шыққандар басып алған Ақ үй өртене бастады

Митингіге шыққандар басып алған Ақ үй ғимаратында парламент пен президент әкімшілігі отыратын.

"Ақ үй" өртеніп жатыр", - деп жазды Sputnik Қырғызстан Telegram каналында. 

Өрт төртінші қабаттағы кабинеттердің бірінен шыққан және кейін күшейген. Жалын басқа жерлерге де жетті. Басылымның мәліметінше, Ақ үйге өрт сөндірушілер келген. Өрт шыққанға дейін басып кіргендер ғимараттың кіреберісіне "күзет" қойған.

"Кіреберісте олар адамдарды кіргізбей тұр... "Біз бұл жерде өлсек те тұрамыз, сіздерді кіргізбейміз", - деді агенттік тілшісі тікелей эфирде.

Сондай-ақ ол Ақ үйден шыққан адамдар ештеңе ұрламауы үшін бәрін тінтіп, тексеріп жатқанын айтқан.

Митингіге шыққандардың басты талабы орындалды

Қырғызстан парламенті - Жогорку Кенеш сайлау қорытындылары жойылды. Бұл туралы 24.kg басылымына бас прокурордың міндетін атқарушы Алмамбет Шықмаматов хабарлады. Ол бұл оппозицияның басты талабы екенін және оның орындалғанын атап өтті. Шықмаматов әзірге жаңа дауыс беру күні белгіленбейтінін айтты. 

Сонымен қатар, Қырғызстанның бас прокурорының міндетін атқарушы Алмамбет Шыкмаматов жаңа қызметке тағайындалғаннан кейін жоспарын бөлісті. Ол жаппай тәртіпсіздіктерге, тонауға және жағдайдың қиындауына жол берілмеуі керегін, мүмкіндігінше заңды түрде әрекет жасалатынын айтты. 

"Жогорку Кенеш депутаттарын сайлауды жаппай бұрмалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалады", - деді ол. 

Шықмаматов қадағалау органының басшысы ретінде ол бірқатар қылмыстық іс қозғамақ.

Желіде Ақ үйдегі алапат өрттің суреті пайда болды

Бішкектегі Ақ үйде шыққан өрт өрши түсті. Sputnik Қырғызстан мәліметінше, өрттің күшейгені соншалық қара түтін шыға бастады. Қазіргі уақытта ғимаратқа өрт сөндірушілер барған.

Митинг кезінде бір адам қаза тапты

Соңғы мәліметтер бойынша, Қырғызстандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бір адам қаза тапты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыста 590 адам зардап шеккен. Оның 150-і ауруханаға жатқызылса, 13-і жансақтау бөліміне жатқызылды.

Бішкектегі Ақ үйдің тас талқаны шықты - БАҚ

БАҚ беттерінде Бішкектегі Ақ үйдің кабинеттері мен мәжіліс залының тас талқаны шыққаны туралы ақпарат тарады. 

Кабинеттердегі компьютерлер жоғалып, есіктердің терезі сындырылған. Бірнеше қабаттың төбесінен су ағып жатыр. 

Белсенді адамдар тобы Ақ үйді күзетіп, айналаны жинастыра бастаған.  

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети