Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
06 апреля 2020 12:09

Коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізіп жатқан елдер

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

Әлемде Covid-19 жұқтырғандардың саны миллионнан асты. Бірақ бүгінде коронавирусқа қарсы ем әлі табылған жоқ. Қазір бірнеше ел эпидемияға қарсы вакцина іздеп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қарсы жасалып жатқан вакциналар туралы соңғы жаңалықтарға шолу жасады.


Әлемде Covid-19 жұқтырғандардың саны миллионнан асты. Бірақ бүгінде коронавирусқа қарсы ем әлі табылған жоқ. Қазір бірнеше ел эпидемияға қарсы вакцина іздеп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қарсы жасалып жатқан вакциналар туралы соңғы жаңалықтарға шолу жасады.

Түркиядан "жақсы жаңалық"

Вируспен күресу үшін ем іздеп жатқан елдердің бірі - Түркия. Кеше бұл елде коронавирусқа қарсы ем туралы ақпарат тарады.

Жануарларға жасалған коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан сәтті өткен. Бұл туралы Хаджеттеп (Анкара) университеті медициналық факультетінің профессоры Атеш Қара айтты.

"Жақсы жаңалық. Жануарларға микро ине арқылы жасалған коронавирусқа қарсы вакцина иммунды жауабын берді. Яғни қарсы денелер бөлінді. Қазір "бұл адамдарды қорғай ала ма?" деген жауапты білетін уақыт келді", - деп жазды ғалым Twitter желісіндегі парақшасында.

АҚШ сынағы тышқандарға жасалды

АҚШ та вирусқа қарсы күресін жалғастырып жатыр. Таяуда америкалық дәрігерлердің Covid-19 вирусына қарсы вакцинаны сынақтан өткізгені хабарланған. Классикалық вакцинаның алдын ала сынағының нәтижесі EbioMedicine журналында жарияланды.

Ғалымдар коронавирусқа қарсы ем табу үшін SARS пневмониясы және MERS безгегімен күрестен алынған тәжірибені пайдаланған.


© Reuters 

Зерттеу авторларының бірі, Питтсбург университетінің доценті Андреа Гамботтоның айтуынша, ғалымдар вакцинаны вирустың РНҚ бөліктері негізінде емес, S-ақуыздарының фрагменттері негізінде жасаған. Себебі SARS-CoV-2 дәл сол арқылы ағзаға енеді.

Сондай-ақ, америкалық мамандар вакцинаны ағзаға наноинелермен жабдықталған пластырь арқылы енгізуді ойлап тапқан. Соның арқасында препарат қажет тереңдікке барып, иммунитетпен өзара байланысады.

Сынақтан алдымен вирус жұқтырмаған тышқандар өткен. Екі аптадан соң тышқандарда коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болған. MERS вирусына қарсы ем дәл осы жүйе бойынша анықталған болатын.

Ресейде вирусқа қарсы үш препарат жасалды

Ал ресейлік ғалымдар коронавирусқа қарсы пайдаланылуы мүмкін үш препарат ойлап тапқан. Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының медик-биологиялық секциясының жетекшісі Владимир Чехонин РИА Новости агенттігіне берген сұхбаты барысында айтты.

Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын Ресейде вирусқа қарсы триазавирин дәрісі шығарылған. Қытайлық мамандар бұл препаратты коронавирустық инфекцияны емдеуде қолдану үшін қызығушылық танытқан.

"Бірақ бүгін тек респираторлық вирусты инфекцияны емдеуде қолданылатын осы препараттың ерекше, ингаляциялық формасы дайын. Мен оның COVID-19 инфекциясын емдеуде ең қолайлы болатынына сенімдімін. Әрине, қазіргі жағдайда мұндай мүмкіндік өте маңызды ", - деді Чехонин.

Сондай-ақ, оның айтуынша, ресейлік мамандар фавипиравир вирусқа қарсы препаратының өте тиімді синтез жүйесін әзірлеген. Бұл препаратты бұған дейін Жапонияда РНҚ-вирустары арқылы пайда болатын инфекцияларды (қазіргі COVID-19 вирусы да кіреді - ред.) емдеу үшін қолданып келген.


© Reuters 

Әлем ғалымдары коронавирустың емін іздеп жатыр. Соңғы зерттеулерге шолу

Францияда сынаққа 800 науқас қатысады

Inserm ұлттық денсаулық және медициналық зерттеулер институтының мәлімдеуінше, Францияда Covid-19 коронавирусын емдеудің төрт әдісі бойынша клиникалық сынақтар басталған.

Институт сайтында зерттеуге коронавирустың салдарынан ауыр халде жатқан 800 француз қатысатыны хабарланған. Ғылыми жұмыс Париж, Лилль, Нант, Страсбург және Лион ауруханаларында өтеді.

"Зерттеудің мақсаты - ғаламдық пандемияны жеңуге көмектесетін төрт эксперименттік емдеу стратегиясының тиімділігі мен қауіпсіздігін тексеру. Барлық 800 науқас қатысқаннан екі аптадан кейін біз жұмыс нәтижелерін жариялай аламыз", - деді Лиондағы Круа-Русс ауруханасы инфекциялық аурулар қызметінің басшысы Флоранс Адера.

Қытайда сынақ 31 желтоқсанға дейін жалғасады

Бұған дейін Қытайда академик Чэнь Вэй бастаған зерттеу тобының коронавирусқа қарсы ем тапқаны хабарланған. Сынақтан өткен жануарлардың нәтижесі жақсы болған. Енді наурыздың аяғында адамдар сынақтан өтіп бастады.

Қытайлық "21 Шицзи Цзинцзи Баодао" газетінің хабарлауынша, үш топқа бөлінген 108 ерікті сынаққа қатысып жатыр. Бірінші топқа вакцинаның төмен дозасы беріледі, екіншісіне - орташа, үшіншісіне - жоғары. Клиникалық зерттеулер 16 наурыздан 31 желтоқсанға дейін өтеді деп жоспарланған.


© Reuters 

Сынақтың бірінші кезеңі басталып кеткен - вакцина еріктілерге берілді, бірақ олардың қанша адам екені айтылған жоқ. Енді сынаққа қатысушылар 14 күн карантинде тұрақты медициналық бақылауда болады. Содан кейін олар алты ай бойы тексеріліп тұрады. Сол уақытта дәрігерлер вакцинаның жанама әсері бар-жоғын, ағзада коронавирустың S-ақуызына қарсы бірегей денелер құрылып-құрылмайтынын зерттейді.

Еріктілердің бірі сынаққа 18-ден 60 жасқа дейінгі адамдар қатысып жатқанын айтады. Сынақтың алғашқы кезеңіне Ухан қаласының Учан, Хуншань және Дунху аудандарының тұрғындарына қатысқан.

Қазақстанда вакцина әзірленеді

20 наурызда Қазақстанда да вирусқа қарсы вакцина әзірленетіні хабарланған. Вакцина әзірлеумен Ұлттық биотехнология орталығы мен биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының мамандары айналысып жатыр.

Ғалымдар бес кандидаттық вакцина ойлап таппақ. Олардың ішінен клиникалық сынақтарды өткізу үшін ең тиімдісі таңдалады.

Отандық вакцинаны алдымен жануарларға тексеріп көрмек. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі еріктілерді сынақтан өткізеді.

"Ол үшін коронавируспен ауырмаған сау адамдар қажет болады. Вакцина әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіден: кандидаттық штамм алу, дайындау технологиясын әзірлеу, қауіпсіздікті сынау, клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар", - деді Оқу-білім беру орталығының директоры Хайрулла Абеуов.

Ғалымның айтуынша, препаратты әзірлеу үшін бір жыл қажет. Себебі биологиялық процеске байланысты зерттеуді жеделдетуге болмайды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети