Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
21 мая 2021 12:07

"Үш күндеп тамақ ішпейді". Африкада тұрып жатқан қазақ жігітінің әңгімесі

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ақниет Тұрғанәли Ақниет Тұрғанәли

Африка десе аштық пен қара нәсілді адамдардан өзге көзіңізге не елестейді? Бұл елдің бүгіні қандай? Tengrinews.kz тілшісі Шығыс Африкадағы Оңтүстік Суданда тұрып жатқан Ақниет Тұрғанәлимен сұхбаттасты.


Африка десе аштық пен қара нәсілді адамдардан өзге көзіңізге не елестейді? Бұл елдің бүгіні қандай? Tengrinews.kz тілшісі Шығыс Африкадағы Оңтүстік Суданда тұрып жатқан Ақниет Тұрғанәлимен сұхбаттасты.

Ақниет Тұрғанәли - Қарағандының тумасы, 2010 жылдан бері Түркияда тұрады. Түркиялық университетке оқуға түсіп, 2016 жылы бітірген. 2017 жылдан бері "Түрік Қызыл Жарты Ай" қоғамында жұмыс істейді.

"Оңтүстік Суданға бір жылға іссапармен келдім"

Орыс тілін білетін болғандықтан мені қоғам орыстілді мемлекеттерге іссапарға жіберетін. Қазақстанда да бірнеше рет іссапармен болдым. Құрбан айт, Оразада жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға көмектесу үшін бардық. Арыста болған жарылыс кезінде де көмекке мұқтаж жандарға Қазақстандағы "Қызыл Жарты Ай" қоғамымен бірге қолдан келгенше көмектестік. 2017-2021 жылдың басына дейін Анкарадағы бас кеңседе қызмет етіп жүрдім, жыл басында Оңтүстік Суданға іссапармен бір жылға жіберді.

Бұл жерде "Түрік Қызыл Жарты Ай" қоғамының өкілі болып саналамын және қоғамның осы жақтағы барлық жобасын қадағалаймын. Қызметтегі басты мақсат - гумантиралық көмек көрсету. Алайда, әр мемлекеттің жағдайына қарай шараларда өзгеріс болып отырады, мәселен, сұраныстар әртүрлі болады.

 "Соғыс болып жатыр екен..."

Оңтүстік Судандағы халықтың жағдайын жақсы деп айтуға келмейді. Батыс, Америка, еуропалық және БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Оңтүстік Судан әлем бойынша ең нашар өмір сүретін мемлекеттердің бірі болып саналады. Бұл елге келмес бұрын бірқатар мәлімет жинақтадым. Интернеттегі ақпараттың көбінде "соғыс болып жатыр, адам қырылып жатыр" деген мәндегі деректер болды. Шыны керек, бастапқыда біраз қобалжу болды, бірақ ортаға, жұмысқа бірден үйреніп кеттім.

Оңтүстік Судандағы қазіргі ахуалды өз көзіммен көріп жүргеннен кейін айта аламын, жағдайы өте төмен. Себебі, бұл елдегі мемлекеттік жүйені өте дамыған деп айтуға келмейді. Бұл мемлекеттің егемендік алғанына 10 жыл ғана толды, оған дейін Судан мемлекетінің қоластында болған. 2011 жылы соғыстардан кейін Оңтүстік Судан болып бөлініп шыққан. Бұл мемлекет тәуелсіз 10 жылдың ішінде дамыды деп айтуға келмейді, қолдарынан келгенше жұмыс істеп жатқан ел.

 "Балалар дала кезіп кетеді"

Халықтың жағдайы өте нашар. Аш, жалаңаш балаларды көшеден көп көремін. Кейбірі жетім, кейбірі ата-анасы бола тұра жетімнің күйін кешеді. Себебі оларды асырайтын жағдайлары жоқ, сондықтан балалар дала кезіп кетеді. Ондай балалар не жұмыс істейді, болмаса адамдардан ақша сұрайды.

Көшеде жүрсең аяқкиімсіз, жыртық киіммен жүрген балалар мен ересектерді үнемі көресің. Оларды көрген сайын жаным ашиды, көмектескім келіп кетеді. Бірақ, бұл елде де ауқаттылар бар, тіпті соңғы модельдегі көліктермен жүреді. Тіпті, Қазақстанда көрмеген көліктерді осы жақтан көрген сәттер болды. Дегенмен, көпшіліктің жағдайы төмен.

 "Су мен тамаққа ақшасы жоқ"

Оңтүстік Судандағы ең басты проблемалардың бірі - су мен азық-түлік. Бұл елде канализация жүйесі жоқ. Ауқатты дегендердің өзі үйлеріне бөшке қойып, су сатып алып құйып, қолданады. Біз бірқатар жерде құдық қазып беруге тырысамыз. Жоспар орындалса, халық суды тегін ішіп, қолданатын болады.

Жақында 6 мың адамға азық-түлік тараттық. Су мен тамаққа ақшасы жетпейтін халық үшін киім мен өзге де заттарды алу өте қиын. Тазалық та өте маңызды, тазалық сақталмаған соң түрлі ауру тарап жатады, сондықтан ондай отбасыларға гигиеналық заттар - сабын, ұнтақтан бастап өзге де қажетті дүниелерді беруге тырысамыз. Сонымен қатар, гигиенаға қажетті заттарды беріп қана қоймай, тазалықтың маңызын, лас суды химиялық заттармен қалай тазалауды үйретіп, түсіндіреміз.

 "Үш күндеп тамақ ішпейді"

Оңтүстік Суданда жүргеніме 4 ай болып қалды, сол аралықта бірнеше оқиға болды. Осыдан 3 апта бұрын, Ораза ұстап жүргенімде жұмыспен басқа қалаға бардым. Гигиеналық заттарды таратып жатсам, жергілікті тұрғындар: "Сіздермен жұмыс істеу жақсы екен, бұған дейін келген шетелдіктер түс болса, кеш болса тамақ жеуіміз керек деп, кетіп қалатын. Ал сіз таңнан кешке дейін бір рет те тамақ ішпедіңіз" деді.

Мен алдымен оларға көмек көрсетуге келгенімді түсіндіріп, екіншіден, Ораза ұстағанымды айтқанда, "бізге ұқсайды екенсіздер, біз кейде күніне бір рет немесе екі күнде бір рет тамақ ішеміз" деді. Олардың айтуынша, кей отбасылар жағдайдың жоғынан үш күндеп тамақ ішпейді екен. Сол сәтте жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсіндім.

"Коронавирусқа тест тапсыру қымбат"

Коронавирус күніне 5-10 адамнан анықталады, ресми тіркелетіні сондай. Коронавирусқа тест тапсыру қымбат - 80 доллар (шамамен 34 300 теңге). Жергілікті тұрғындардың ондай ақшасы жоқ және жағдай болмаған соң халық қыдырып немесе шетелдерге көп шыға бермейді, тек дәулеттілер болмаса. Бәлкім, осының да әсері бар шығар.

 "Қазақстанды біледі"

Біз үшін азық пен су, киім мен көлік күнделікті қолымызда бар, қарапайым дүние болып көрінеді, ал мына әлем басқа, қолда барға еріксіз рақмет айтқызатын әлем.


Суреттерді Ақниет Тұрғанәли жолдады.

Тағы бір таңғалдырған дүние, бұл жақта біраз адам Қазақстанды біледі, шамамен 70 пайызы. Қайдан, қалай біледі, ол жағын мен білмеймін...

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети