ПОДПИШИСЬ НА НАШ TELEGRAM-КАНАЛ
17 апреля 2020 | 09:05

Кеденнің негізін қалаған генерал

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін, 17 сәуірде қазақ кеденінің және егеменді еліміздің кеден комитетінің негізін қалаған генерал-лейтенант Нұрлан Хайдоллаұлы Тілемісов 70 жасқа толып отыр. Осы орайда Нұрлан Хайдоллаұлын келе жатқан мерейтойымен құттықтай отырып, оқырмандар назарына мерейтой иесінің оқушысы, кеден қызметінің полковнигі әрі ардагері Бекен Төлеужанұлы Нұрахметовтың естелік-эссесін ұсынамыз.


Бүгін, 17 сәуірде қазақ кеденінің және егеменді еліміздің кеден комитетінің негізін қалаған генерал-лейтенант Нұрлан Хайдоллаұлы Тілемісов 70 жасқа толып отыр. Осы орайда Нұрлан Хайдоллаұлын келе жатқан мерейтойымен құттықтай отырып, оқырмандар назарына мерейтой иесінің оқушысы, кеден қызметінің полковнигі әрі ардагері Бекен Төлеужанұлы Нұрахметовтың естелік-эссесін ұсынамыз.

Кеден негізін қалаған генерал

Әркез өткен өмір жолыма көз жіберіп, көргенім мен көңілімдегіні саралап отыру менің әдетіме айналғалы қашан. Сондай кездерде тарам-тарам тағдыр жолында өзіме қол ұшын берген, азамат ретінде қалыптасуыма ықпал еткен адамдар көз алдыма елестеп, көңілімді жылы бір сезім шуағы шарпып өтеді. Сол кезде ғана өзіңнің тағдырыңның дұрыс қалыптасуы жолында белгілі бір із қалдырған ғибратты жандарды тебірене отырып еске аласың. Еске ала отырып, "Осындай мейірбан адамдар болмағанда менің тағдырым қалай қалыптасар еді?" деген сауал да жүрегіңнің бір түпкірінде бүлкілдеп жатады. Иә, мен үщін сондай адамдардың бірі - тәуелсіз Қазақстан кеденінің негізін қалаған және кеден комитетінің алғашқы төрағасы болған генерал-лейтенант Нұрлан Хайдоллаұлы Тілемісов.

 1989 жылы Алматы облыстық "Жетісу" газетінде "Таможня" деген тақырыппен мақала жарияланды. Ол кезде таможня дегенді естуіміз болмаса, қандай қызмет екенінен онша хабарымыз да жоқ кез емес пе. Оқысам, қазақ республикалық кеденінің бастығы Нұрлан Хайдоллаұлы Тілемісовпен сұхбат екен. Өз-өзімнен көңілім жылып сала берді. Себебі, белгілі баспагер, жазушы әрі аудармашы Хайдолла Тілемісов ағаның баласы осындай қызметке келгеніне қалай қуанбайын. Ал Хайдолла аға өзімнің туған нағашым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың жан жолдасы болатын. Мен ол кісіні жақсы танитын едім. Ал баласы Нұрлан жөнінде Кәкімжан аға мен Орынша жеңгем ылғи жақсы пікір айтып отыратын. Сондай-ақ бұған дейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде сектор меңгерушісі болып қызмет істейтінінен де хабардар болатынмын. Енді міне, Нұрлан ағаның қазақ республикалық кеденінің бастығы болды дегенді оқығандағы қуанғанымның орны бөлек.

Нұрлан ағаның қабылдауына кіріп, оқырман қауымға кеденнің қыры мен сыры жөнінде бір жақсы мақала ұйымдастырсам ба деген ойда жүргенмін. Дәл сол кезде ойламаған жерден Кәкімжан аға қайтыс болып кетті де, бәріміз төбемізден жай түскендей жағдайға тап болдық. Бұл қайғылы жағдай мен үшін аспан айналып жерге түскенмен бірдей болды. Көз жасымды көлдетіп, Кәкімжан ағаның үйіне келдім. Үй іші адамға толы. Лезде бұл суық хабар бүкіл зиялы қауым өкілдеріне де жетіпті. Бір уақытта үстіне көкшіл әскери форма киген, ұзын бойлы, көзілдірікті жігіт кіріп келді. Бұндай әдемі әскери киімді бұрын көрмегендіктен бе, тесіле қарап қалдым. Әсіресе, иығындағы көк погоны мен жылтыраған жұлдыздары көзге ерекше көрінеді екен. Себебі, ол жұлдыздардың пішімі құқық қорғау органы қызметкерлерінің иығындағы жұлдыздарға мүлде ұқсамайды. Ішімнен не болса да Нұрлан аға шығар деп ойладым. Сөйтсем, қателеспеппін. Нұрлан аға Орынша жеңгеммен және басқа да туысқандармен көрісіп, көңіл айтып болған соң, дереу үйдегі телефонның құлағын көтеріп: "Сізді мазалап тұрған қазақ таможнясының бастығы Тілемісов" деп әңгімені бастады да, Кәкімжан ағаның жерлеу мәселелеріне байланысты біреулерге тапсырмаларды беріп жатты. Неге екенін білмедім, дәл осы көрініс маған керемет бір әсер етті.

Нұрлан аға екеуміздің таныстығымыз осы қайғылы жағдайдан басталды. Нұрлан ағаның сыпайы мінезі мен өте қарапайымдылығы адамды өзіне тартып тұрады екен. Әсіресе, Кәкімжан ағамызды соңғы сапарға шығарып салардағы жасаған қызметіне барлық туысқандар дән риза болды. Мансабы биік болса да, біреулерді жұмсамай-ақ, бас аяғына дейін өзі жүгіріп жүріп қызмет етті. Дәл осы кезде адамның мансабы қаншалықты биік болса, қарапайымдылығы да өзіне соншалықты жарасып тұратындығына көзім жетті. Сондықтан да болар, көңілімде бір жылы сыйластық сезімі ұя салды.

Көп ұзамай Нұрлан ағаның қызмет орнына бардым. Шағын кеңсенің ішінде асықпай отырып, кеденнің айналысатын саласы жөніндегі мәселелерді кеңінен түсіндіріп берді. Бұл кезде қазақ республикалық кедені Мәскеуге ғана бағынатын. Сонымен қатар кеденшілер тарапынан жасалып жатқан игі істер және контрабандаға қарсы күрес мәселесіндегі жетістіктер жөнінде әңгіме қозғалған кезде, бұл саланың жұмысы шынымен де мені қызықтыра бастады. Осы уақытқа дейін республикалық баспасөз беттерінде кеденнің жұмысы немесе кеденші келбеті жөнінде бірде-бір мақала жарияланбапты. Нұрлан аға өз қызметкерлерінің қай күні және қай айда қандай контрабандалық әрекеттерді әшкерелегені жөніндегі мәліметтерді алдыма жайып берді. Солардың ішінен Сәуле Нұрғалиева есімді бас инспектордың көрсеткіштері бәрінен де жоғары екен. Ұстаған контрабандасының ішінде алтын да, валюта да, інжу де бар. Әшкерелеудің бәрі Алматы әуежайында "Алматы - Үрімші" ұшағына мінетін жолаушыларды кедендік тексеруден өткізу барысында анықталыпты. Сонымен қатар Сәуле ағылшын тілінде таза сөйлейді екен. Содан кейін «Жас алаш» газетінің екінші бетіне өте келбетті, үстіне кеденшінің формасын киген кеден қызметінің майоры Сәуле Нұрғалиева жөнінде материал жарқ етіп шыға келді. Осы материал шыққан кезде ғана көптеген оқырмандар біздің елімізде тажожня деген қызметтің бар екенінен хабардар болды. Содан кейін аталмыш авиа рейсті кедендік тексеруден өткізу процесі жөнінде репортаж да жүргіздік. Ол кезде "кеден" деген термин жоқ, таможня деп қана айтылатын. Сол Сәуле Нұрғалиева бүгінгі күні кеден қызметінің полковнигі. Кеден комитетінде басқарма бастығы, Алматы облыстық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы кеден комитетінің Қытай халық республикасындағы өкілі сияқты жауапты қызметтер атқарды. Кеденшілер қауымы ішінде Сәуле Мұхамедрахымқызына талайлар кәсіпқой кеденші және тәлімгер ретінде өте құрметпен қарайды. Өткен жылы оны мемлекеттік кіріс комитеті басшылығы үлкен құрметпен кезекті еңбек демалысына шығарып салды.

Осыдан кейін Нұрлан аға екеуміздің арамызда да ағалы-інілік сыйластық басталды. Көп ұзамай Кеңес Одағы тарады. Сол жылдың (1991) 12 желтоқсанында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кеден комитеті дүниеге келді. Көп ұзамай сол комитеттің төрағасы етіп Нұрлан Хайдоллаұлы Тілемісовты тағайындау жөнінде Елбасының Жарлығы да шықты. Нұрлан Хайдоллаұлы кеден комитетінің төрағасы болып тағайындалғаннан кейін оқырмандарға бұл саланың біздің еліміз үшін қандай маңызы бар екенін түсіндіру мақсатында "Кеденнің келешегі үлкен" деген тақырыппен "Жас алаш" газетінің бір бетін алып сұхбат жарияланды. Сұхбаттың авторы өзім болдым. Сол сұхбатты оқығандардың бірі - сол кездегі баспасөз министрі, қазіргі уақытта Парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов Нұрлан ағаға телефон шалып, жақсы пікір айтыпты. Сол уақытта кеден жаңадан құрылғандықтан, бұл салада жұмыс істейтін кәсіпқой кеденшілер ғана емес, кеденші мамандарын оқытатын жоғары немесе арнаулы орта оқу орындары да жоқ болатын. Кеденге қызметкерлерді жаңадан жұмысқа жаппай қабылдап жатқан кезде Нұрлан аға маған: "Біздің салаға қызметке келуге деген ойың жоқ па? Өзіңді көрсете алсаң, жаңадан ашылған салада қызмет сатысымен көтерілу де оңай ғой» дегенді айтты. Мен "ойланып көрейін" дедім. Екі айдан аса уақыт ойланып жүрдім. Жеті жыл маңдай терімді төгіп, жұмыс істеген журналистиканы да қимаймын. "Жас алаш" газетінің бөлім меңгерушісі қызметімді де олқысынып жүрген жоқпын. Сонымен қатар детектив жанрындағы "Қорқаулар түнде жортады" атты кітабымды шығарсам ба деген жоспарым да бар болатын. Кеденге кетсем, сол жоспарларымның бәрі құмға сіңген судай бола ма деп те қобалжыдым. Ақыры, мың ойланып, жүз толғана келе, кеденге кетсем деген шешімге келдім.

Нұрлан Хайдоллаұлы алғашында маған кеден комитетінде жаңадан ашылатын бір бөлімнің бастығы қызметін ұсынды. Бұрын бұл салада істеп көрмегендіктен, ол қызметке баруға жүрексіндім де, не де болса жұмыстың қызу қайнаған жері - шекарадан бастайын деген шешімге келдім. Сөйтіп, қытай елімен шекарадағы атақты Жоңғар қақпасында орын тепкен "Дружба" кеден бекетінен бірақ шықтым. Кеденге қызметке келгенде еліміздің кеден заңы да қабылданбаған кезі болатын. Кеңестер Одағының "Кеден кодексін" басшылыққа алып, жұмыс істедік. Сонымен қатар Кеңестер Одағы кезіндегі кеденнен қалған қызмет киімі бәрімізге жетпеді. Кителі болса, шалбары жоқ, шалбары болса, көйлегі жоқ дегендей. Жұмысқа көбіміз азаматтық киіммен келіп жүрдік. Бастығымыз кеден қызметінің майоры Иван Алексеевич Красуленко. Қызметтік киім жағынан соның ғана ұпайы түгел. Бұған қоса ішімізде кеден жұмысын жақсы білетін бір адам жоқ. Тек бастығымыз бен аға инспектор марқұм Мадияр Серкеев қана Ташкент қаласында кеденшілерді дайындайтын екі айлық курстан өтіп келген екен. Солардың ғана кеден саласынан аз ғана түсінігі бар. Ал тауарларды ресімдеу кезінде бәріміз бір-бірімізге қарап, ана құжатты бір ақтарып, сасқалақтап қаламыз. Бұл дүниеде қиналған кезіңде жаныңда ақыл беретін адамның жоқ болғанынан қиын нәрсе жоқ екен. Кейде өз тәуекеліңмен шешім қабылдауға тура келеді. Тауарларды ресімдеп біттік дегенмен, бірнеше күн "қате кетіп қалған жоқ па екен?" деген секеммен жүресің. Жүктің кедендік декларациясының әр графасына дейін жаттап алдық. Кеден комитетінен бір нормативті-құқықтық акт келіп түссе, оны бірнеше дана етіп көбейтетін ксерокс та, компютер де жоқ. Кейбір құжаттар жоғалып кетсе, айғай шу басталады да, оның артында кінәліні табу да мүмкін емес. Осылайша, қиын бір кезеңнен де өттік ау, әйтеуір.

1993 жылдың мамыр айында Нұрлан Хайдоллаұлы сол кездегі көлік министрі Нығметжан Есенғарин екеуі Дружба стансасына келді. Кеденшілердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, ұжыммен шағын жиналыс өткізді. Сол кезде темір жол басшылары арқылы кеденшілердің тұрғын үй мәселесі де оң шешімін тапты. Себебі, ол кезде тұрғын үйлердің барлығы темір жолдың балансында болатын. Содан кейін менімен де жеке сөйлесіп, "Артыңнан жаман сөз естіген жоқпын. Бастығың жиналысқа келген сайын өзіңді мақтап тұрады. Ал енді бұл жерден шаршаған жоқсың ба? Алматыға қайтуға ниетің болса, айт. Әйтеуір үйдегі келін ағасы інісін алысқа жіберді деп ренжіп жүрмесін. Ол жерден де жақсы қызмет табылады" деді. Осы сөзді естігенде ылғи да сыртымнан амандығымды біліп, қамқор қолын созып жүретін аға ниетіне тағы да ерекше риза болдым. Неге екенін білмедім, сол кезде жұрттың қолы жетпей жүрген Алматыға ауысуға кереметтей ниетім болған жоқ.

1992 жылдың маусым айында "Дружба" кеден бекеті "Достық" кедені болып құрылып, штаттық кестесі мен статусы да өзгерді. Ал арада бір жыл өткенде жаңадан автокөлік өткелі бөлімі ашылды. Бұл құрылым бөлім деп айтылғанмен, атқаратын жұмысы "Қорғас" және "Бақты" кеден бекеттерінің жұмысымен бірдей болатын. Ол жерге бастық болуға ниет білдіргендер де көп болды. Бірде мені кеден бастығы И.Красуленко шақырып алды да: "Былтыр саған жүк бөлімінің бастығы қызметін ұсынған кезімде, тәжірибеңнің аздығын айтып, бармадың. Жолаушылар бөлімінің бастығы қызметінен де бас тарттың. Жақында Нұрлан Хайдоллаұлының қабылдауында болдым. Екеуміз ақылдаса келе, мына жаңадан ашылғалы жатқан автокөлік өткелі бөліміне сені бастық етіп тағайындасақ деген шешімге келдік. Бұл ұсыныстан бас тартсаң, онда төртінші ұсыныс болмауы мүмкін деді" деді. Мен қарсы болмадым. Бұл әрине, мен үшін үлкен өмір мектебінің басы болатын.

"Достық" кеденінде тура жеті жыл қызмет істеп, қатардағы лейтенанттан кеден қызметінің подполковнигі, қатардағы инспектордан кеден бастығы орынбасарының міндетін атқарушы лауазымына дейінгі өткелден өттім. Содан кейін 1999 жылдың ақпан айында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы "Бақты" кеденіне ауысуға тура келді. Ол кезде "Бақты" кедені Шығыс Қазақстан облыстық бас кеден басқармасына оперативті түрде бағынатын. Ал бас кеден басқармасының бастығы Нұрлан Хайдоллаұлы болатын. "Бақты" кеденіне ауысуыма өзіммен "Достық" кеденінде бірге қызметтес болған досым, марқұм Ержан Нұғыманов себепкер болды. Ол аталмыш кеденге бастық болып ауысқан кезде сол жаққа өзімен бірге қызметтес болуға ұсыныс жасаған еді. Өкінішке орай, сол жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты "Бақты" кедені уақытша жабылды да, көп ұзамай, кеденнің штаттық құрамы да елу пайызға қысқартылды. Мен ол кезде осы кеденде контрабанда және кеден тәртібін бұзушыларға қарсы күрес бөлімінің бастығы қызметінде болатынмын. Бір күні "Бақты" кеденіне арнайы түрде қызмет бабында Нұрлан Хайдоллаұлы келді. Кеден қызметінің генерал лейтенантын тиісті әскери тәртіппен қарсы алдық. Сол кезде менің көңілсіз жүргенімді байқаған Нұрлан аға сөз арасында: "Бізде "Ауыл" кеден бекетінде бастық тұрақтамады. Қазақстанды Сібірмен және Алтай өлкесімен байланыстырып тұрған сол учаскедегі жұмыста ақсап жатқан жерлер көп. Сонда келуге қалай қарайсың?" деді. Бұл ұсыныс мен үшін күтпеген жағдай еді. Осылайша, сол жылдың қараша айында ойламаған жерден ресеймен шекарадағы "Ауыл" кеден бекетінен бірақ шықтым.

Қытаймен шекаралық кеденде қызмет істегенде кеден жұмысын бір адамдай білеміз деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, білетінімізден білмейтініміз әлдеқайда көп екен. Себебі, қытаймен шекаралық кеденде жұмыс негізінен кеденнің экспорт, импорт режимінде ғана жүргізіледі. Ал бас кеден басқармасында кеденнің он алты режиммен жұмыс істейді екен. Сондықтан да бас кеден басқармасына ауысу арқылы кеденнің кәсіпқой мектебінен өтудің үлкен мүмкіндігіне ие болдым. Сонымен қатар, қытаймен екі ортадағы шекара мықтап қоршалған, тышқан да өте алмайды. Ал Ресеймен екі ортадағы шекара түгелдей ашық жатыр. Контрабандистердің қай жерден зу ете түсетінін де білмей қаласың. Кеден бекетінің аз ғана қызметкерімен оларға қарсы күрес жүргізіп, жолдарына тегеурінді тосқауыл қою мүмкін емес. Оларды ұстау үшін тыңшылар арқылы оперативті мәлімет жинап, күндіз-түні орман мен дала жолдарында тосқауыл қойылады. Содан кейін кеденшілер бірнеше күн оларды аңдумен орманның ішінде, даланың таса жерінде жатады. Олардың тісқаққандары құрылған тордан сытылып кететін кездері де болады. Сөйтіп, ит пен мысық сияқты аңдысып жүріп қана қолға түсіресің. Сонымен қатар контрабандистердің ішінде мұздай қаруланғандары да кездесіп қалады. Бәрінің қолында суық қару, рация мен спутниктік телефон. Бірдемеден секем алса болды, лезде хабарлай қояды. Контрабандистердің қолындағы озық үлгідегі байланыс техникасы әуелі кеденшілерде жоқ. Соған қарамастан, олардың өз ісіне адал кеденшілердің қармағынан құтыла алмаған кездері де аз кездеспеді. Бұл да бір үлкен мектеп қой, әрине.

Көп нәрсе ойламаған жерден болады деген рас-ау. 2002 жылдың ақпан айында кезекті еңбек демалысына шықтым да, Алматыға жол тарттым. 12 ақпан күні таңертең ұялы телефоным шыр ете түсті. Көтерсем, Нұрлан Хайдоллаұлы. "Қал жақсы ма, Нұрахметов мырза. Енді мына бұйрықты тыңда" деп мені "Бақты" кеденінің бастығы етіп тағайындау жөніндегі сол кездегі мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжановтың бұйрығын оқыды. Содан соң өз құттықтауын айтты да: "Демалысты доғар да, бүгін қайт. Ертең сені жаңа ұжымға таныстыруым керек" деді. Мына сөзді естігенде сенерімді де, сенбесімді де білмей, есеңгіреп қалдым. Себебі, ол орынға артында тегеурінді тіреуі бар небір мықтылар таласып жүргенінен хабардар болатынмын. Сөйтсем, оқиға былай болған екен.

2002 жылдың 25 қаңтарында Елбасы Астанада бүкіл деңгейдегі әкімдермен кеңес өткізіп, сол кеңесте қытаймен шекарада орналасқан кедендердің атына үлкен сын айтып, құқық қорғау органы қызметкерлеріне сол учаскелерде бір айдың ішінде тәртіп орнату жөнінде тапсырма берген болатын. Содан кейін Нұрлан Хайдоллаұлы жанына мені ертіп алып, "Бақты" мен "Майқапшағай" кедендерін аралап, жиналыс өткізді. Кеденшілердің алдына Елбасы сынынан қорытынды шығару жөнінде қатаң талаптар қойды. Ол кезде кедендік күзет және тәртіптік бақылау басқармасы бастығының орынбасары қызметінде болатынмын. Жолда қайтып келе жатып: "Мына кедендердегі жағдай маған ұнамайды. Бұлар қылмыстық топтардың ықпалында сияқты" деді. Содан кейін мен еңбек демалысына шығып кеттім. Көп ұзамай, яғни ақпанның 11 күні мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжанов бүкіл қытаймен шекарада орналасқан бес кеденнің бастықтарын және олармен қоса Нұрлан Хайдоллаұлын, оның кадрлармен жұмыс жөніндегі орынбасары марқұм Ерікжан Абдрахмановты да Астанаға шақыртты. Сол күні Зейнолла Кәкімжанов қытаймен шекарада орналасқан бүкіл кедендердің бастықтарын бір күнде орындарынан босатты. Әңгіме Нұрлан Хайдоллаұлына келіп тірелгенде ол министрдің алдына: "Сіздің маған берген тапсырмаңыз бойынша "Бақты" және "Майқапшағай" кедендерін аралап, ондағы ұжымның жағдайымен тыңғылықты танысып шықтым. Сол кедендерде Елбасының сынында айтылған кемшіліктердің орын алғаны рас. Енді маған деген сенім мәселесін шешуіңізді сұраймын" деп баянхат (рапорт) тастапты. Баянхатты оқып шыққан министр Нұрлан Хайдоллаұлына қарап: "Мен сізге сенемін. Ал енді өзіңіз басқаратын басқармада қытаймен шекарада орналасқан кедендерге тәртіп орната алатын кадрлар бар ма?" деп сауал тастапты. Сол кезде Нұрлан Хайдоллаұлы мен оның орынбасары Ерікжан Абдрахманов "Бақты" кеденіне менің кандидатурамды ұсыныпты. Сол кезде Зейнолла Кәкімжанов Нұрлан Хайдоллаұлына қарап: "Сіз "Бақты" кеденінің бастығы қызметіне ұсынып отырған Нұрахметовтың мен түрін де көрген жоқпын. Сондықтан да ол үшін өзіңіз басыңызбен жауап бересіз" депті. Мен үшін жауапкершілікті өз мойнына алған Нұрлан ағаның осы адамгершілік қасиетіне өмір бойы ризамын.

"Бақты" кеденіне қарай бет алып келеміз. Көңілім қобалжулы. Осыдан екі жарым жыл бұрын ғана өзім қызмет істеп кеткен ұжым болса да, басшы ретіндегі жауапкершіліктің орны бөлек қой. "Есіңде болсын,- деп бастады әңгімені Нұрлан Хайдоллаұлы. - "Бақты" кедені осы уақытқа дейін бандиттік құрылымның ықпалында болып келді. Сондықтан да бірінші кезекте солармен ауыз жаласып жүргендерді тазала. Екіншіден, кедендік төлемдерді көтер. Біздің министрдің талабы осы. Егер де өрескел кемшілік жіберіп алсаң, сен жіберген кемшілік мен жіберген кемшілік болып есептеледі. Сондықтан да министрдің екеумізге сеніп тапсырып отырған жұмысын абыроймен орындап шығуымыз керек. Нұрлан Хайдоллаұлының өзіме жүктеп отырған сенімі шынымен де жауапкершілігі зор екені түсінікті. Іштей қобалжып тұрсам да, "Сеніміңізді ақтаймын, аға" дедім.

Аталмыш кеденге келгенде мынандай аласапыранның ішіне түсемін, жұмыс мұншалықты қиын болады деп ойламаппын. Жаңа лауазымға тағайындалғаныма үш-төрт күндей ғана уақыт өткен болатын. Кешкілік жұмыстан қызмет көлігімен үйге келе жатсам, қоршаудың алдындағы қақпаға жақын жерде бір мемлекеттік номері 997, маркасы Ланд Крузер автокөлігі тұр. Біз оншалықты назар аудармай, қақпадан кіріп кеттік. Содан кейін жанымдағы көмекші жігітке "Ана тұрған не көлік, біліп келші" дедім. Бір уақытта ол қайтып келіп: "Аға, машинанаң ішінде Атаба отыр, сізді шығып кетсінші" деп айтты дейді. Нұрлан Хайдоллаұлынан және осындағы әріптестерімнен осы уақытқа дейін "Бақты" кедені сол Талғат Атабаевтың (лақап аты Атаба) ықпалында болып келгенін алдын ала естіген болатынмын. Осы кезде Нұрлан Хайдоллаұлының "кеденді бандиттік құрылымның ықпалынан ажыратуың керек" деп миыма қадап айтқан сөзі оралды. Содан кейін көмекшіме "мен ешқандай жағдайда да жолыға алмайтынымды жеткіз" дедім. Сонымен қатар бұл жағдайды дереу Нұрлан Хайдоллаұлына баяндадым. Ол менің бұл әрекетімді дұрыс деп бағалады да, бас кеден басқармасынан кедендегі тәртіпті және оперативті жағдайды күшейту үшін көмекке қосымша тағы да бес адам жіберетінін айтты. Кейіннен сол кезде арнайы қызмет органының өкілдері мені бандиттік құрылым басшысымен кездесе ме деген қауіппен сырттай бақылап жүргендерін естідім.

Біз кедендегі алғашқы жұмысымызды Бақты ауылының ішінде әр үйдің аулаларында контрабандалық металл тиелген жүк машиналарын ұстаудан бастадық. Шекара ашық болса да, бірнеше күн бойы еш қозғалыссыз тұрды. Жан-жақтан телефон соғулар мен небір дөкейлердің сәлемдемелері қаптады-ай келіп. Бұл кезде "Қорғас" кеденінде қаржы полициясы мен кеден қызметкерлері арасындағы қақтығыстың шарықтау шегіне жеткен кезі болатын. Сол кезде "Қорғас" кеденінің бастығы марқұм Ерікжан Абдрахманов телефон соғып: "Бекен, абай бол. Бүгін арандатушы топ менің қалтама героин салып жіберуге әрекет жасады. Бірақ ол әрекеттерінен ештеңе шықпады. Өздерін қаматып тастадым. Жігіттердің бәріне ескерт, сақ жүрсін" деді. Бұл оқиғаны дереу жеке құрамның назарына жеткіздім. Ертесіне Нұрлан Хайдоллаұлы телефон шалып: "Бекен, "Қорғастағы" жағдайды естіп жатқан шығарсың. Ал енді кеше КТК телеарнасынан "Бақты" кеденінен контрабандалық жолмен ақбөкеннің мүйізі мен спирт өтіп кетті деген хабар айтылды. Бұл не өзі?" дегенде төбемнен жай түскендей есеңгіреп қала жаздадым. Дереу есімді жинап алдым да: "Генерал мырза, бұның бәрі жалған арандатушылық әрекет. Неше күн болды шекарадан бір көлік өткен жоқ. Ол үшін басыммен жауап беруге дайынмын. Сонымен қатар кеденнің бақылау аймағында басқа да құқық қорғау органының қызметкерлері қаптап жүр. Олардың бәрі біздің сүрініп кеткенімізді аңдып отыр емес пе. Оперативті жағдай қатаң бақылауда" дедім. Сол кезде ол: "Мен саған сенемін. Бірақ бұл хабар өтірік болса да, "жанашырлардың" арқасында ертең министрдің құлағына неше түрлі өңделіп жетеді. Сондықтан да нақтылы айғақтармен жауап беруге дайын бол" деді.

Дереу жеке құрамды жинап, аталмыш ақпарат бойынша жиналыс ашуға тура келді. Бәрі бір ауыздан бұл мәліметтің жалған екенін айтты. Содан кейін бұл ақпаратты толық дәлелдеу үшін амалдың жоқтығынан қытайлық әріптестерге жүгінуге тура келді. Сәтін салғанда қытайлық әріптестер бізді өздері арнайы кездесуге шақырды. Кездесу барысында көршілер контрабандалық мүйіздің өткенін растады. Бірақ ол факт 2001 жылдың күз айында болған екен. Бұл оқиға жөнінде бүкіл қытайдың телеарналары сол кезде-ақ шулатып айтыпты. Аталмыш ескі ақпаратты КТК телеарнасына біздің сол кездегі "жанашырларымыздың" біреуі жерден жеті қоян тапқандай етіп әкеп берген ғой. Содан кейін қытайлық әріптестер спирт жөніндегі мәліметті орталықтағы басшылықпен келіскен соң барып беретіндіктеріне уәде етті. Көп кешікпей 90 тонна спирттің 2002 жылдың 28 қаңтарында өткені жөніндегі мәліметті жазбаша түрде берді. Ал мен болсам, қызметке 2002 жылдың 13 ақпанында келдім. Осылайша, бізге қарсы қолданылған ақпараттық арандатушылық әрекет нысанасына дөп тимеді. Бұл оқиға төбемізден қара бұлт үйірілген кездегі бір ғана мысал, әрине. Ал қалғаны уақыты келгенде айтыла жатар.

Жұмысты дұрыс жолға қою оңайға түспеді. Бандиттік құрылымның ықпалынан арылғанмен, басқа да көз алартушыларымыз көп еді. Кедендік ресімдеуден өткен тауар тиеген жүк машиналарын шекарадан шыққан бетте басқа құқық қорғау органдарының өкілдері қосымша тексеруден өткізіп жатты. Тауарларды кеденік ресімдеу кезінде жүктің кедендік декларациясына әр тал ине мен түймеге дейін енгіздіріп отырдық десе де болады. Әр басқан қадамымыз бен жасаған жұмысымыз қатаң бақылауда болғаны соншалық, психологиялық ахуал бір сәт те босаңсымауды талап етті. Нұрлан Хайдоллаұлының тегеурінді талабы бойынша кедендік төлемдерді бұрынғымен салыстырғанда 15-20 есеге көтеруге тапсырма берілді. Біз келгенге дейін әр көліктен өндірілген кедендік төлемдер орта есеппен 80-100 мың теңгені ғана құраған екен. Енді бұл көрсеткішті тауардың түріне қарай орта есеппен бір миллионнан үш миллионға дейін жеткізуге тура келді. Сөйтіп, кедендік төлемдердің өсуі 600 пайызды құрады. Осылайша, айына үш миллионнан ғана асатын кедендік төлемдер беретін кеденнің көрсеткіші отыз миллионнан асып жығылды. Ал кеден саласындағы құқық тәртібін бұзу фактілері бойынша бірнеше контрабандалық әрекеттердің жолы кесіліп, тек Қылмыстық кодекстің 209 бабы (экономикалық контрабанда) бойынша ғана алты қылмыстық іс қозғалып, бәр іс сотқа дейін жеткізілді. Соның нәтижесінде 6 тонна спирт, бірнеше миллион теңгенің тауарлары мен валюталары тәркіленді. Осы көрсеткіштер арқылы "Бақты" кедені республика бойынша кеден органдары арасында 2002 жылдың қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленді. Сол кезде қызмет барысында адалдық танытып, өзіммен бірге отқа да, суға да түскен әріптестеріме әлі күнге дейін ризамын. Осылайша, сол кездегі мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжанов пен Нұрлан Хайдоллаұлының қатаң талабы мен әділетті басшылығының арқасында үлкен бір өмір мектебінен өттік. Талайымыздың тағдырымыз қыл үстінде тұрған ол күндер ұмытылмақ емес, әрине.

Біздің кейіпкеріміз Қазақстан кеденін басқарған кезде кеден саласының материалдық-техникалық базасы дамымаған, кеден заңнамасы жетілдірілмеген және кедендік шекаралар айқындалмаған ең бір қиын-қыстау кезең болатын. Қазақстан кеденін сол қиыншылықтан алып шығып, кедендік шекараларды айқындап, талай кедендер мен кеден бекеттерінің уығын шаншыған Нұрлан Хайдоллаұлы екеніне ешкім дау айта алмайды.

Ал бүгінгі күннің кедені осыдан жиырма тоғыз жыл бұрынғы кеденмен салыстыруға да келмейді, әрине. Сонымен қатар, Нұрлан Хайдоллаұлы 2001 жылы, яғни кеден органдарының құрылғанының он жылдығы қарсаңында "Қазақстан кеденінің тарихы - История таможни в Казахстане" атты кітап та жазды. Кеден саласына еңбегі сіңген қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Иә, уақыт өтер, заман да өзгерер. Бірақ тарих ешқашан өзгермейді. Нұрлан Хайдоллаұлы егеменді Қазақстан кеденінің алғашқы генералы және уығын шаншыған басшысы ретінде тарихта қалатыны ақиқат. 

Бекен Нұрахметов,
полковник, кеден қызметінің ардагері,
Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов
атындағы сыйлығының лауреаты

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 481.75   522.79   5.02 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети