Қазір мемлекеттік бағдарламалар аясында баспананы тиімді алуға болады. Алайда олар туралы көбі нақты ақпарат біле бермейді. Алматылық жастарға баспана алудың қандай жолдары бар? Бұл Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Қазір мемлекеттік бағдарламалар аясында баспананы тиімді алуға болады. Алайда олар туралы көбі нақты ақпарат біле бермейді. Алматылық жастарға баспана алудың қандай жолдары бар? Бұл Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Бағдарлама қашан іске қосылған еді?
Алматылықтарға арналған "Алматы жастары" бағдарламасы "2020 жылға дейін жастарды қолдау жол картасы" аясында 2017 жылы іске қосылған. Ол үшін 2017 жылы жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлінсе, 2018 жылы 2 миллиард бөлінген.
Бағдарламаның басты ерекшелігі - жастар ипотеканы бастапқы жарнасыз және 10 миллион теңгеге дейінгі соманы жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие түрінде ала алады. Несиелендіру мерзімі 3 жыл мен 25 жыл аралығында. Ол үміткердің төлем қабілетінің негізінде анықталады.
Бағдарлама аясында 2017 жылы 6 657 өтініш түсіп, 108 отбасы тұрғын үй сатып алуға несие рәсімдеген. Ал 2018 жылы 7,5 мыңға жуық өтініш түсіп, 238 пәтер тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілген.
"Алматы жастары" бағдарламасы арқылы 35 жасқа дейінгі кез келген санаттағы алматылық пәтер сатып алу үшін жеңілдетілген несие ала алады. Тұрғын үйді қатысушылар пайдалануға жаңадан енгізілген тұрғын үй кешендерінен бастапқы нарықта өз еркімен таңдайды.
Жеңілдетілген несиелендіруден үміткерлердің пулы "Алматы жастары" бағдарламасына арнап әзірленген ұпай жүйесіне сәйкес іріктеледі. Ол қатысушының некеде тұрған жыл саны, балаларының саны, жұмыс орны мен өтілі, кәсібі, Алматыда тіркелген-тіркелмегені секілді көптеген шартты ескерген.
2018 жылы бірінші балаға 10 ұпай, ал әр келесі бала үшін 20 ұпайдан берілген. Сондай-ақ өтініш берген сәтте некеде тұрғандарына 1 жылдан аз болған жас жұбайларға 30 ұпай берілген.
Қатысу талаптары
- Өтініш беру кезіне қатысушы және жұбайының жасы 35 жасқа дейін болуы тиіс. Бағдарламаға қатысуға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;
- Өтініш беру кезіне ерлі-зайыптылардың екеуінде де Алматы қаласында кем дегенде 1 жыл тұрақты тіркеудің болуы қажет. Сондай-ақ бірге тұратын отбасы мүшелерінде Алматы қаласында тұрақты тіркеу болуы қажет;
- Қатысушының және бірге тұратын отбасы мүшелерінде, сондай-ақ отбасы мүшесіне қосылған және өтініште көрсетілген отбасының басқа мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында сатып алумен жалдамалы тұрғын үйдің немесе меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы керек. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатымен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар бағдарламаға қатыса алмайды;
- Қатысушының және бірге тұратын отбасы мүшелерінде, сондай-ақ отбасы мүшесіне қосылған және өтініште көрсетілген отбасының басқа мүшелерінің ҚР аумағында соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығына тиесілі тұрғын үйді иеліктен шығару немесе тұрғын үй-жайларды ауыстыру арқылы тұрғын үй жағдайларын әдейі нашарлату деректері болмауы керек;
- Қатысушының Алматыда ресми жұмысының өтілі кем дегенде жарты жыл болуы керек;
- Кепілді қамтамасыз етуі сатып алынатын тұрғын үй болып табылады. Кепілді қамтамасыз етуі жетпеген жағдайда, жылжымайтын мүлік не "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" тұрғын үй құрылыс жинақтары түрінде қосымша кепіл қажет.
Сатып алу құқығы жоқ бағдарлама
Айта кетейік, "Алматы жастары" бағдарламасынан бөлек қала жастары үшін "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша сатып алу құқығы жоқ, жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі жастарға пәтер беріледі. Ең басты шарт - пәтер алушы Алматы қаласының тұрғыны болуы қажет. Кем дегенде 2 жыл қалада тіркеуде тұрып, жеке басында пәтер болмауы қажет.
Пәтердің ай сайынғы төлемі - шамамен 10-12 мың теңге. Жалға берілетін пәтердің жалпы көлемі - 40 шаршы метр. Пәтер 5 жылға жалға беріледі. Бағдарлама әзірше Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында іске асқан. Өзге өңірлерде 2022 жылдан бастап іске қосылады.
Биыл бұл бағдарлама бойынша алматылықтарға Алатау ауданындағы "Саялы-2" ықшамауданындағы пәтерлер беріле бастайды. Бағдарлама бойынша конкурс аяқталғаннан кейін 250 отбасыға пәтер кілті табысталады. Сатып алу құқығы жоқ жалдамалы пәтер иелері шамамен қарашаның аяғына қарай қоныс тойын тойлайды деп жоспарланған.
Жалпы жыл соңына дейін 1050 отбасына пәтер кілтін табыстау жоспарланған. Сатып алу құқығы жоқ жалдамалы пәтерді алғысы келетін жастардың айлық табысы 100 мың теңгеден аспауы керек.
Еске салайық, бағдарлама бойынша алматылық жастардан 2019 жылдың 30 қазаны мен 12 қарашасы аралығында өтініш қабылданды.
Оқи отырыңыз:
Мембағдарлама арқылы баспана алу үшін жалақы қанша болуы керек?
Қазіргі ипотека бағдарламалары: Алғашқы жарна мен пайызды есептеу