ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
21 декабря 2020 | 16:58

Жалақы, зейнетақы және вакцинация. 2021 жылы болатын айтулы өзгерістер

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Әлихан Сариев © Әлихан Сариев

Биыл елімізде бірнеше заң қабылданып, біраз өзгеріс болды. Оның ішінде, жаппай вакцинацияның басталуы, зейнетақының бір бөлігін алуға рұқсат ету бар. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап еліміздегі шенеуніктер саны 25 пайызға қысқарады. Тengrinews.kz тілшісі 2021 жылы болатын айтулы оқиғалар туралы баяндайды. 


Биыл елімізде бірнеше заң қабылданып, біраз өзгеріс болды. Оның ішінде, жаппай вакцинацияның басталуы, зейнетақының бір бөлігін алуға рұқсат ету бар. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап еліміздегі шенеуніктер саны 25 пайызға қысқарады. Тengrinews.kz тілшісі 2021 жылы болатын айтулы оқиғалар туралы баяндайды. 

Мұғалімдердің жалақысы көтеріледі

1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында бірқатар мәселе көтеріп, үкіметке түрлі тапсырма берді. Президент жолдау барысында мұғалімдер мәселесіне тоқталып, олардың жалақысы өсетінін айтты.

"Білім саласындағы басты мәселелердің бірі - ұстаздар жалақысының аздығы. 2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді", - деді Тоқаев.

Шенеуніктер саны 25 пайызға қысқарады

Қыркүйектегі жолдауда Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертіп, шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды.

"Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз", - деді Президент.

Үнемделген қаражат арқылы басқа қызметкерлердің жалақысы артады. 

Жаңа жүргізуші куәліктерінде саусақ іздері болады

Көлік құжатына саусақ іздерін 2021 жылдан енгізе бастайды. Бұған дейін жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжаттың жаңа үлгісінің эскизі пайда болған. Куәліктің түсі де өзгереді. 

"Жады көп жаңа үлгідегі чиптерді енгізіп жатырмыз. Ол көп ақпарат сақтау үшін қажет, себебі құжат иесінің биометрикалық деректерін, оның ішінде саусақ іздерін де енгізбекпіз. Чип құжаттың артқы бөлігінде орналастырылады. Жаңа көлік құжаты жеке құжатқа ұқсас. Тіркеу туралы куәлікке сәйкес құжаттың түсін өзгертуді жоспарлап отырмыз", - деп хабарлады ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев. 

"Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасы басталады

Мемлекет басшысы қыркүйектегі жолдауында 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын бастауды тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасымен ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейтіледі.

"Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын", - деді Президент. 

АЕК, ең төменгі зейнетақы мен жалақы мөлшері өзгереді 

Биыл 22 тамызда Қаржы министрлігі АЕК, ең төменгі зейнетақы мен жалақы, сондай-ақ 2021 жылы белгіленуі жоспарланған ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін атады. 

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

1) жалақының ең төменгі мөлшері - 42 500 теңге;

2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 18 524 теңге;

3) зейнетақының ең төменгі мөлшері - 43 272 теңге;

4) Жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ заңнамаға сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтар мен басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) - 2 917 теңге;

5) базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі - 34 302 теңге

Қазақстандықтар көлік, пәтер сатып алғаны туралы декларация тапсырады

12 маусымда қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ОКҚ онлайн-эфирінде 2021 жылдан бастап Қазақстан халқы түгел кіріс туралы декларация тапсыратынын айтты. Сондай-ақ министрдің айтуынша, қазақстандықтар ірі шығыстары туралы декларация тапсыруы мүмкін. Бүгінде үкіметтің мұндай ұсынысын депутаттар талқылап жатыр. 

"Ендігі жылдан бастап жаппай халықтың арасында декларациялау жұмысын бастаймыз. Бұл негізінен кірістер бойынша. Ал шығыстар бойынша декларацияны жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ кейбір ірі шығыс болса, мысалы үй сатып алса, пәтер немесе автомобиль сатып алатын болса, олар бойынша декларация толтыру керек болады. Бұл сұрақ қазір заң жобасында қарастырылған. Парламентте қарастырылып жатыр", - деді Жамаубаев.

Қазақстандық ЖОО-лардың дипломы Еуропа елдерінде жарамды болады

2021 жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшалары бар диплом беріледі. Ол қосымшада елімізде алған жоғары білім біліктілігінің еуропалық біліктілік санатымен сәйкес екені міндетті түрде көрсетіледі. Болон процесі хатшылығы қабылдаған өзін-өзі сертификаттау бойынша есепті дайындау үшін Білім және ғылым министрінің бұйрығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. 

Ахмет Байтұрсынұлының әліппе үлгісі оралады  

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы Тамыз конференциясында Қазақстан мектептеріне "Әліппе" қайтарылатынын мәлімдеген болатын. 

"Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізілетін болады. (...) Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме негізінде жұмыс жүргіземіз", - деді министр. 

2 қарашада Әліппені әзірлеуге бағытталған жұмыс тобы қорытынды шығарды. Жаңа оқулық негізінде келер оқу жылы балалар жаңа Әліппемен оқып, желтоқсанда Әліппемен қоштасады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтқан болатын.

"Жалпы әліппені 2021-2022 оқу жылында енгізу жоспарланған. Осы жоспарға сай жұмыс жүргізіліп жатыр. (...) Әліппенің жалпы мазмұны Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесін пайдаланып жасалатыны айтылды", - деді Каринова ОКҚ брифингінде. 

Зейнетақының бір бөлігін алуға рұқсат етіледі

Тұрғындар үшін қыркүйектегі жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі - зейнетақыға қатысты. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады.

"Менің тапсырмамның аясында тұрғындар зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл - қазір өте өзекті. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын", - деді Президент жолдауында.

Әр жастың өз "жеткіліктілік шегі" болады. Бұл әзірше болжам бойынша жасалған сандар. Адамның жасы ұлғайған сайын оның БЖЗҚ шотындағы ақша да көбеюі керек. 

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу кезінде сома бойынша белгілі бір шектеулер қойылмайды. Яғни ол адам БЖЗҚ шотында белгілі бір соманы жинап, ондағы ақшаны үй алу үшін шешуі мүмкін, ал біраз уақыт соң үйді жөндеу үшін тағы бір бөлігін ала алады. 

Вакцинациялау басталады

2021 жылдан бастап қазақстандықтарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады.

Қазақстандық вакцина сынақтың екі кезеңінен өтті, 25 желтоқсанда үшіншісі басталады. Премьер-министрдің айтуынша, ешқандай жанама әсерлер тіркелмеген, отандық вакцина жоғары тиімділікті көрсетті. Сынақтар 2021 жылы наурыздың соңында бітеді.

Осы жылдың соңына дейін 2 миллион мөлшер көлеміндегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 488.27   530.83   5.01 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети