28 января 2019 | 14:55

Қазақ елі, Тұран, Қазақұя - Қазақстан атауын қалай өзгерту ұсынылды

© Тұрар Қазанғапов

Ел атауын өзгерту туралы пікірталастар мен талқылаулар кейінгі уақытта қыза түсті. Оған таяуда Азат Перуашевтың Қазақстан Республикасы атауын "Қазақ Республикасы" деп өзгертуді ұсынуы себеп. Әлеуметтік желілерде де өз ұсынысын айтып жатқандар көп. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан атауын өзгертуге қатысты қандай ұсыныстар болғанын еске алады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ел атауын өзгерту туралы пікірталастар мен талқылаулар кейінгі уақытта қыза түсті. Оған таяуда Азат Перуашевтың Қазақстан Республикасы атауын "Қазақ Республикасы" деп өзгертуді ұсынуы себеп. Әлеуметтік желілерде де өз ұсынысын айтып жатқандар көп. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан атауын өзгертуге қатысты қандай ұсыныстар болғанын еске алады.

"Қазақ елі"
Реклама
Реклама

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың 2 ақпанында республикамыздың ресми атауы "Қазақ елі" болып өзгеруі мүмкін екенін айтып қалған еді. Бұл туралы ол Атырау облысына жасаған жұмыс сапарында Назарбаев зияткерлік мектебінің жұмысымен танысу барысында мәлім еткен болатын. 

"Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты "стан" деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында "стан" жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе "Қазақ елі" деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салғаны жөн", - деген еді Президент.


Елбасы Назарбаев зияткерлік мектебінде. 2014 жыл. © Akorda.kz

"Қазақия, Қазақұя"

Профессор Қайрат Закирьянов 2014 жылдың ақпанында Tengrinews TV редакциясына берген сұхбатында елді "Қазақұя" немесе "Қазақия" деп атауды жөн деп мәлімдеген.

Оның айтуынша, мың жыл бұрын византиялық императорлардың бірі "Касакия" деген ел жайлы жазған, бұл ел Дон өзенінің шығысында орналасқан деген-мыс. Закирьяновтың айтуынша, "-ия" деген қосымша қазақтың "ұя" деген сөзінен шыққан.

Ал қазақстандықтарды профессор ұлтына қарамай қазақ деп атау жөн деген.

Ал жазушы Смағұл Елубай сұхбаттарының бірінде елді "Қазақия" деп атасақ жөн болар еді деген пікір айтқан.

"Немесе Қазақ республикасы деп, бірақ жақшаның ішінде Қазақия деп жазылса жөн болар еді. Мәселен Ресей дейміз. Шындығында ол - Ресей Федеративтиік республикасы ғой. Әлем қысқаша Ресей деп таниды. Сол секілді "Қазақ елі" деп атау шетелдіктерге қиындау тиюі мүмкін. Қазақия десе қысқа және түсінікті", - деген еді жазушы.

"Тұран"

Белгілі ғалым, академик Ерментай Сұлтанмұрат 2014 жылы ақпанда ел атауын "Тұран" деп өзгертуді ұсынған. 

"Жаһандану мен неоклониалим жағдайында кез келген түркі халқына қандай "ұлымын" деп санаса да бірліктен басқа жол жоқ. Бірлікке қол жеткізу үшін барлығын осы бағытта ойлап, іс-қимыл жасауға шақыратын фактор керек. Сол маңызды факторлардың бірі - ел атауын "Тұран" деп өзгерту, қазіргі Қазақстан барлық түркінің отанында, Түркі әлемінің орталығында орналасқан", - деген еді академик.

Оның айтуынша, бұл түркі суперэтносының бірігуінің белгісі болады, ал бұл қазақ халқының гүлденуінің кепілі болады.

"Ұлы дала елі"

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде сол сәттен бастап және мәңгіге Қазақстан - Ұлы дала елі екенін жариялады. Елбасы бұл атаудың ресми емес, тек сондай сипатта айтылып, танылуын сөз етті.

"Біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық, сондықтан бүгін және мәңгілік Қазақстанымыз - Ұлы дала елі, бұл Ұлы жаңғырған дала елі, біздің Отанымыздың көп этникалық халқының бесігі. Сүйікті Отанымыздың халықтық атауы осы - Ұлы дала елі", - деді Назарбаев.


Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын. 11 қыркүйек, 2015 жыл. © Akorda.kz

Президенттің айтуынша, бұл атау "біздің Отанымыздың өткені мен бүгінгісін, болашағын айшықтап тұр. Біздің қазақстандық мінезіміз бен оның негізгі ерекшеліктері - ашықтық, рухани байлық, жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық, бейбітшілікті сүю, даналық пен еңбексүйгіштік сынды қасиеттері көрініс тапқан".

"Біздің жаңа Қазақстанның осындай сипаты әр қазақстандықтың ой-санасында өз орнын тауып, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін", - деп атап өткен еді Елбасы.

"Казахстан" емес, "Казакстан"

2015 жылы қазақстандық заңгер Жангелді Сүлейменов "Қазақстан" атауының орыс тіліндегі нұсқасын өзгертуді ұсынған. Заңгер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мемлекеттің атауы ресми тілде қате жазылып жүргендігін айтып, мәселе көтерген.

Сүлейменовтің айтуынша, мемлекеттің қазақ тіліндегі "Қазақстан" деген атауы, қазіргі таңда "Казахстан" деп аударылып жүр. Айтуынша, төлқұжаттағы латын тіліндегі аударма да қате. Ол мемлекеттің атауындағы "х" әрпі қате екенін айтқан. 

"Қазақстан" - "Казахстан" деп аударылмайды ғой негізі, дұрысы - "Казакстан" болуы керек. Конституцияда мемлекеттің атауы қазақ тілінде "Қазақстан", ал орысша - "Казахстан" деп жазылған. Тарихқа қарасаңыз, 1925 жылы біздің мемлекетіміздің атауы Қырғыз республикасынан Қазақ республикасы болып ауысты. Яғни, ол кезде біздің атауымыз орыс тілінде "Казакстан" болған. Ал 1936 жылы қазақтардың өздері қалап, орыс тіліндегі мемлекеттің атауын - "Казах" деп өзгерттік. Қазақстан атауын "Казакстан" деп өзгерту үшін мемлекеттен бір тиын да шығын шығармаудың жолы - кезең-кезеңмен көшу. Бұл кезеңдер ішінде мемлекеттің "Казахстан" атауы балама түрде жүре береді. Ал айналдырған 15 жылдың ішінде мемлекеттің барлық құжаттары жаңа атауға көшіп бітеді", - деген ұсыныс айтқан еді Сүлейменов.

Айтпақшы, латын негізіндегі қазақ тілінің жаңа әліпбиі шыққалы бері "Қазақстан" атауын Qazaqstan деп жазатындар көбейді. Десек те, бұл нұсқа бойынша жазу туралы ресми құжат әзірше жоқ. Қазақстанда құжат жүзінде ел атауы барлық жерде Kazakhstan нұсқасы тұр.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная