ПОДЕЛИТЬСЯ
10 октября 2018 | 18:28
"Өзін бір, өзгені екі рет ойлаған азамат". Дархан Мыңбай Шерхан Мұртаза туралы
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты "Шерхан жолы" атты эссе жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты "Шерхан жолы" атты эссе жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жұлдыз болсаң да ағып түсер сәт келер..." деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, фәни жалғаннан бақилық жолға аттануды да Жаратушы ие әу баста өлшеп-кесіп қойған. Қазақтың біртуар перзенті Шерхан Мұртаза тіршілігін тоқтатты.
Иә, ешқашан сызылып сөйлемейтін, еш уақытта иіліп сөйлемейтін, қандай жағдайда да белі бүгілмейтін, қай кезде де сөзі үзілмейтін Шерхан Мұртазаны қазақта білмейтін жан кем де кем. Ондай бар болса, бір кем дүние.
Уақыттың қадірін өлім түсіндіреді. Сондай уақыттың бір дәуірі - қазақ журналистикасындағы Шерхан Мұртазаның дәуірі. Сол дәуір де түгесілді.
Сыры мен түйгенін Камал Смайыловқа жазып үлгермеген болса, Алланың әмірімен кәміл досына асықпай жеткізетін болар. Азан шақырып қойған "айдынды да айбарлы" есімін барша жұрттың есіне мықтап салып кеткен Қалтай Мұхамеджанның жанына барды. Анасы Айшаның образын асқан махаббатпен сомдап, ана затына бұрын-соңды болмаған ескерткіш орнатқанын жаһанға жария еткен Ақселеу Сейдімбектің әруағына жақындап, дамыл тапты. "Дулығалы нарға" балап, "қабыландай қаһарлы мінез танытып, қайсар тағдыр кешіп келеді" деп бағалаған Әбіш Кекілбаев сынды руханият сардарына мәңгілік серік болды.
Екі ғасырдың тарихын көзімен көріп, шежіреден шер тарқатып түзе білген, егесін тапқан елінің, ту ұстайтын Ерінің қорғаны болып, өзін бір рет, өзгені екі рет ойлаған азаматтың қадір-қасиетін қалың елі елеп, бұқара халқы бағалады. Алайда дәу ағашқа дауыл көп тиеді. Арыз жазып, аяғынан шалғандардың шаласы қалса да, қарасы азайғандай. Ендігі жерде өзі жиі қайталап отыратын, әлемге танымал "Живи сам и давай жить другим!" деген қаратпа сөз сондайларға қалдырған өсиеттей естіледі.
Қазақ әдебиетінде, көркем туындыда Рысқұлұлы Тұрардың тұлғасын қаншалықты дәл көрсетсе, сол жанкешті еңбегі Шерxан Мұртазаның даңқын сондай айқын биікке асырды. Қаламгерді қайраткер, жазушыны тұлға деңгейіне жеткізді.
Бұл Шерxан жолы еді", - деп жазды Дархан Мыңбай.
Еске сала кетейік, Шерхан Мұртаза 2018 жылы 9 қазанда Алматы қаласында дүниеден өтті. Жазушымен қоштасу рәсімі ертең, 11 қазанда Мұхтар Әуезов атындағы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 10.00-де өтеді. Шерхан Мұртаза 86 жаста болған еді.
Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қазақтың Шерағасы өмірден өтті. Қаламгер шығармалары - өшпес мұра
Показать комментарии
Читайте также