21 февраля 2022 | 10:21

Жалғыздық, өз ортасында түсініспеу, қанағаттанбау. Лудомания себептері қандай?

Көрнекі сурет. © pixabay.com

​1999 жылы аустралиялық Билл Морган жүк көлігін жүргізіп келе жатып, жол апатына ұшыраған. 14 минутқа созылған клиникалық өлімнен кейін 12 күн бойы комада жатқан. Ол бір өлімнен аман қалғаннан кейін жаңа өмірінің құрметіне лотерея билетін сатып алып, 17 мың долларға бағаланған автокөлік ұтып алады. Жергілікті БАҚ өкілдері сұхбат алу барысында әзіл ретінде тағы бір билет алуын өтінеді. Сөйтіп, Морган 250 мың доллар ұтып алады. Өлімнен аман қалып, екі бірдей ұтысты иеленген Билл Морган ең жолы болғыш адамдар қатарына кірген. Ол осы екінші ұтысынан кейін ешқашан лотерея билетін сатып алмайтынын айтқан.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

​1999 жылы аустралиялық Билл Морган жүк көлігін жүргізіп келе жатып, жол апатына ұшыраған. 14 минутқа созылған клиникалық өлімнен кейін 12 күн бойы комада жатқан. Ол бір өлімнен аман қалғаннан кейін жаңа өмірінің құрметіне лотерея билетін сатып алып, 17 мың долларға бағаланған автокөлік ұтып алады. Жергілікті БАҚ өкілдері сұхбат алу барысында әзіл ретінде тағы бір билет алуын өтінеді. Сөйтіп, Морган 250 мың доллар ұтып алады. Өлімнен аман қалып, екі бірдей ұтысты иеленген Билл Морган ең жолы болғыш адамдар қатарына кірген. Ол осы екінші ұтысынан кейін ешқашан лотерея билетін сатып алмайтынын айтқан.

Тәуелділік, қызығушылық тақырыбы қозғалғанда, шетелдік БАҚ-та жиі тараған осы баяндалған оқиғаны мысал ретінде келтіруге болады. Оңай олжа, адреналин деп құлқынның соңынан кеткендер қаншама адамның көз жасына қалып, бір күнде бүкіл тапқанынан айрылып жатады. Психологияда мұны "лудомания" деп атайды. Лудомания деген не, оның белгілері қандай деген сұрақтарға Komekcentеr оңалту орталығының директоры, клиникалық психолог Нұрлыбек Тұрсынбеков жауап берді. Сондай-ақ, лудоманияға шалдыққан кейіпкерлердің оқиғасы Tengrinews.kz тілшісінің материалында. 

Құмарлық - адам өз-өзін басқара алмаудан, өз әрекетіне жауап бере алмаудан туындайды. Медицинада бұл термин химиялық, психологиялық тәуелділік түрлеріне байланысты қолданылады. Психологтың айтуынша, адикциялық (тәуелді) мінез-құлық өмірдегі шындықтан қашуға әкеп соғады. Бұл кезде психикалық күй психотропты заттарды қабылдау немесе зейінді күшті эмоция тудыратын белгілі бір әрекет сияқты өзгереді. Соның бірі - құмар ойындарға тәуелділік.

Реклама
Реклама

"Бұл - өте кең таралған тәуелділік. Адамның өмірге деген қызығушылығы азайып, бақылауды жоғалтып, типті эмоционал реакциялар көрсетеді. Ол науқастың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби жұмысына, жеке өміріне және қаржы жағдайына ауыр әсер етеді. Ол көбіне психоактив заттарға тәуелділікпен бірге қатар жүреді. Құмар ойынның диагнозы клиникалық көріністеріне байланысты белгіленеді. Емдеу тәсілі - психотерапия, дәрілік терапия, қолдау топтарына қатысу", - деді маман.

Маманның пікірінше, құмар ойындарға тәуелділіктің дамуына әсер ететін факторлар психикалық бұзылыстың дамуына әкеп соғатын жеке тұлғаның психотип ерекшеліктеріне де байланысты болады. Соның ішінде:

  • өзін-өзі бағалай алмау, жұмысқа, жетістіктеріне қанағаттанбау;
  • материалдық жағдайға шамадан тыс назар аудару;
  • жалғыздық сезімі, достары, туыстары тарапынан түсінбеушілік;
  • отбасындағы шиеленіс;
  • күнделікті өмірден ләззат ала алмау;
  • балалық шақта ойындарға шамадан тыс қызығу;

Сонымен қатар, ол құмар ойындарға тәуелділіктен арылтатын ең тиімді тәсілдерді санамалап берді:

  • Барлық проблеманы ашып айтуға мүмкіндік беретін жеке психотерапиялық әңгімелер.
  • Ауыр уәжді және қалпына келтіру параметрлерін ұсынуды жою үшін гипноз.
  • Шындықтағы сендірудің рационалды әдістері.
  • Психикалық сауықтырудың топтық формалары.
  • Психокоррекцияның когнитив әдістері.
  • Музыка, әдебиет, таңдаулы фильмдер көмегімен арт-терапия.
  • Құмар ойындарға тәуелділіктің асқынып кеткен түрлері медициналық емді қажет етеді.
  • Кей жағдайда қосымша медициналық дәрі-дәрмек терапиясы ұсынылады: депрессияны жеңілдететін антидепрессанттар, айқын психоэмоционалды реакциялар үшін қажет седативтер, қалыпты ұйқы мен сергектікті қалпына келтіру үшін дәрілер, ноотропты және көңіл-күйді тұрақтандырғыштар (нормотимиктер), дәрумендер.

Психологтың айтуынша, Қазақстанда көбінесе бұл симптомға 25-30 жас аралығындағылар шалдығады.

"Құмар ойындарға тәуелділік белгілері жасөспірімдік шақта 13 жастан басталып, 35 жасқа дейін қалыптасады. Компьютер ойындарына тәуелділік көбінесе жасөспірімнің өз өміріне қанағаттанбауынан туындайды. Бұл - тәуелділіктің бастапқы қалыптасу кезеңі", - дейді ол.

Сонымен қатар, осындай типтегі адамдар өз жағдайын қабылдай алмайды, материалдық мәселелерді шешетін айтарлықтай соманы ұтып алу мүмкіндігін көздейді, сөйтіп, шығынды елемейді, кейде тіпті алынған сомаларға назар аудармайды. 

Ал лудоманияға шалдыққандар қаншалықты өз бетінше маманға жүгінеді деген сұраққа психолог 90 пайыз жағдайда олар көмекке өздері жүгінбейтінін, әдетте жақын туыстары емдеуді сұрап әкелетінін айтты.

Ол жеке тәжірибесінде күлкілі хикаядан қайғылы оқиғаға дейін түрлі жағдай болғанын әңгімелеп берді.

"Мысалы, бір жігіт өз-өзіне қол жұмсай берді. Бірақ бұл әрекеті әрқашан сәтсіз аяқталатын. Бірде арқан үзіліп кетті, енді бірде күзетші байқап қалды. Нәтижесінде ол жігіт емделіп шықты. 5 жылдан бері ойнамайды. Өкінішке қарай, қайғылы деректер де бар. Күйеуі ойынға құмар болған әйел 6 ай консультацияға келіп жүрді. Күйеуі - әскери полковник, 39 жаста еді. Екеуінің 4 баласы болды. Нәтижесінде, күйеуі өз-өзіне қол жұмсады, емдеуге жетпеді", - деді ол.

Психолог бұл мәселенің тамыры тым тереңде жатқанын айтты. Алайда ХХ ғасырда ойын автоматтары шыққан кезде бұл мәселе одан сайын күрделеніп кеткен, сондықтан ХХІ ғасырда көптеген елде тыйым салатын заңдар қабылданған. Сонымен қатар, әр адамның жағдайы әртүрлі болатыны айтылды. Оның айтуынша, емдеу шаралары амбулаторлық және стационарлық болады. Ойынға тәуелділікті жан-жақты емдеу орта есеппен 6 айдан 9 айға дейін созылады, ол емдеудің бейімделу, оңалту және қайта қоғамға қосу деген 3 кезеңін қамтиды. 

Ал атын атамауды өтінген кейіпкеріміздің айтуынша, лудомания бір адамның ғана емес, айналасындағы бірнеше адамның өмірін ойрандайды. Ол емделуге 8-9 ай уақыт кеткенін айтты. Ең қызығы қазір ол өзінде бұл симптом балалық шақта пайда болғанын түсінген.

"Ең қиын болғаны - бұл ләззатты енді ешқайдан сезіне алмаймын деген ой. Ол өмірімнің 12-13 жылының тас-талқанын шығарды.

Кішкентай кезімнен бастап алдау, манипуляция секілді белгілері пайда бола бастады. Сонымен қатар, рұқсат етілмеген нәрсенің бәрі қызық көрінетін. 10-сыныптан бастап ойын автоматтарына құмар болдым. Мектеп бітіргеннен кейін карта ойнап, кейін бәс тігетін интернет ойындарына көше бастадым. Уақыт өте келе есебі жоқ қарызға баттым. Тіпті өз үйімнен ақша, алтын, ата-анамның зейнетақысын ұрлап жүрдім", - деді ол.

Сонымен қатар, ол ешқашан өз жағдайын айтарлықтай проблема деп санамаған. Басында "ақша үшін" деген сылтауды желеу еткен. Бір рет қойғаннан кейін де "бұл жолы бәрі басқаша болады" деп қайта ойнап, бүкіл кәсібінен айрылған. Бірақ бәрі "өз рахаты үшін екенін" түсінген кезде суицид жасағысы келген.

"2020 жылы бәрінен ұтылып, ештеңе қалмағаннан кейін суицид жасағым келді. Бірақ қорқыныш болды. Кейін басқа қалаға қашып кеттім. Орталыққа емделуге келгеннен кейін ғана ауру екенін түсіндім. Не істеп, не бүлдіргенімді кеш түсіндім", - деп еске алды кейіпкер.

Ол 1,5 жылдан бері бұдан алыс екенін, қоғамға қайта араласып, айналасымен жақсы қарым-қатынаста екенін жеткізді. Оның айтуынша, осы өмірі "ойынға құмар кезге қарағанда, әлдеқайда ұнайды". 

Автор: Жансая Қадыржанова

Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная