10 апреля 2019 | 18:45

Футболшы, таэквондошы әрі блогер - Аустралиядағы қазақ жігітінің өмірі

Еркебұлан Әзімхан осы уақытқа дейін бірнеше мемлекетке барып, онда біраз уақыт тұрып, жұмыс істеген. Олардың ішінде Малайзия, АҚШ, Аустралия елдері бар. Еркебұлан бұл елдерде оқумен қатар жұмыс та істеген, Аустралияда тұрып жатқанына екі жылдай болған. Сонымен қатар "Болашақ" бағдарламасы бойынша сол жақта білім алып жатыр. Ол Tengrinews.kz тілшісіне шет елдегі өмірі туралы сыр шертті.  

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Еркебұлан Әзімхан осы уақытқа дейін бірнеше мемлекетке барып, онда біраз уақыт тұрып, жұмыс істеген. Олардың ішінде Малайзия, АҚШ, Аустралия елдері бар. Еркебұлан бұл елдерде оқумен қатар жұмыс та істеген, Аустралияда тұрып жатқанына екі жылдай болған. Сонымен қатар "Болашақ" бағдарламасы бойынша сол жақта білім алып жатыр. Ол Tengrinews.kz тілшісіне шет елдегі өмірі туралы сыр шертті.  

Реклама
Реклама

Еркебұлан 29-да, Алматы қаласының тумасы. Осы жерде мектепті тәмамдап, жапон тілі мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген. 

"Университеттің соңғы курсында мен ҚР Парламент мәжілісінде, кейін БҰҰ-ның Алматыдағы кеңсесінде тағылымдамадан өттім. Негізі ол кезде мен алдағы уақытта еліме пайда тигіземін деп мақсат қойғанмын. Сол уақытта Малайзияда білімімді ары қарай шыңдауға мүмкіндік туды. Мен оны пайдаландым. Ол жақта төрт жыл болдым", - дейді ол.

Кейіпкеріміз Малайзиядан кейін Америкаға аттанған. Ол жақта бір жыл тұрған. АҚШ-та Еркебұлан таэквондодан жаттықтырушы болған. Кейін Форт-Лодердейл қаласында бір компанияда сату маманы болып жұмыс істеген.

"Америкадан кейін мен Аустралияға қарай бет алдым. Мінекей, қазіргі уақытта осында тұрып жатқаныма екі жылдай болды. Негізінде мен бұрын шетел асып, басқа жерде біраз уақыт тұрақтап қаламын деп ойламаған едім. Мәселен, Малайзияға баруға жақын достарымның біреуі ұсыныс жасап, ойда жоқта кетіп қалдық. Оған қоса ол жаққа бару үшін ата-анамның рұқсатын ұшуға бір екі күн қалғанда ғана алдым", - дейді ол. 

Еркебұлан бастапқыда Малайзияда аз уақыт тұруды жоспарлаған. Бірақ бірнеше компанияға жұмысқа тұрып, ол жақта төрт жыл өмір сүрген. Оның айтуынша, Малайзияда да екі тіл қолданылады. Мемлекеттік тіл - малай тілі, ал ағылшын тілі ресми. Бұл елде жұмыс істегенде ағылшын тілінде сөйлеген.

"Мен Малайзияда жүргенде ол жақтағы өмір сүрудің салты мүлде басқа екенін байқадым. Мұны мен артықшылық емес, айырмашылық деп есептеймін. Бұл жақта өмір түнгі уақытта басталады. Түнгі сағат 1-2-де адамдар жайбарақат тамақтанып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Олар қазақ халқына қонақжайлығымен ұқсайды. Олар ислам дінін де өте жақсы ұстанады", - дейді ол.

Еркебұлан Малайзияда қызмет көрсету саласының жақсы деңгейде дамығанын алға тартты. Ол жақта мейрамхана кәсібінің деңгейі жоғары көрінеді. Оның айтуынша, тәулік бойы қызмет көрсететін мейрамханалар көңілен шыққан.    

"Мен саяхаттаған мемлекеттердің ішінде АҚШ та өзгеше. Бұл жақта адамдармен тіл табысу өте оңай. Көшедегі мәдениеттің өзі ерекше, ерсілі-қарсылы өтетін адамдар бірін-бірі танымаса да күлімсіреп, амандасып өтеді. Мен осыған тамсандым. Америкадағы кейбір қазақ бауырларымыз жайлы менде екі түрлі ой қалыптасты. Меніңше олар бір-біріне мен ойлағандай жанашырлық танытпайды екен. Ара-тұра бей-жайлықты да байқайсыз. Мұның бірден-бір себебі сол елдегі өмір сүрудің қиындығы деп түсіндім. Оның үстіне АҚШ-тағы адамдар бір-біріне сенуден қалған сияқты. Дегенмен, бір-біріне қол ұшын созып, қашан да демеп жүретін бауырларымыз да жетерлік", - дейді ол. 

Еркебұлан Аустралиядағы өмір сүру салты аталған екі мемлекеттен де өзгеше екенін айтты. 

"Ал Аустралияда мен өзімді өте қауіпсіз сезінемін. Бірақ Майлазия мен АҚШ-қа қарағанда, Аустралияда түнгі өмір атымен жоқ. Адамдар таң атпай тұрып, ерте жатады. Алғашында кешкі сағат 8-9 шамаларында сыртқа шығып, барлық дүкен мен орталықтың жабық тұрғанын көріп, аң-таң болдым. Оған қоса, Аустралияда көшедегі жарық тым аз, көмескі", - дейді ол. 

Оның Аустралияға баруға сондағы адамдардың ағылшын тілінде әр түрлі акцентпен сөйлейтіні итермелеген екен. Ол әртүрлі этностың өзіндік акценті болатынын айтады.

"Өзім ағылшын тіліндегі түрлі акценттерге қызығамын. Әрине арасында құлаққа жағымсыздары да болады. Тіпті Қазақстанда орыс тілділер мен қазақ тілді адамдардың ағылшын тіліндегі акценттері жер мен көктей. Америкалық акценттен гөрі, еуропалық және британдық акценттер ұнайды. Ал Аустралияның тілі мүлде өзгеше. Ең басты себеп осы болар", - дейді кейіпкеріміз. 

Еркебұланның айтуынша, Аустралия адам капиталы жағынан 7-орында тұр. Оған қоса онда иммигранттар көп екен. Сондықтан болар, қауіпсіз көрінеді. Ол бұл елдің адамдар үшін неге қауіпсіз екенін былай деп түсіндірді: 

"Меніңше бұл жақтағы адамдардың қылмысқа бармауы, кезінде үлкен түрме болғандықтан қатал тәртіп адамдарды қылмыс жасамауға тәрбиелеген шығар. Бұл жақта келімсектердің көп болуына, жоғары жалақының да рөлі бар. Сидней өте қымбат қала, бірақ жалақы өмір сүруге жетеді. Мысалы, құрылыста істейтін адам түнгі ауысымға шықса, сағатына 13 мың теңгеге дейін алады. Аустралиялықтар барбекю жасауға өте құмар, қолдары қалт ете қалса әр сенбі мен жексенбіде дос-жарандармен жиналып барбекю қуырады", - дейді ол.  

Еркебұлан бастапқыда бұл елде балаларды таэквондодан жаттықтырған, кейін ол жұмысты қойып, қазіргі уақытта блогер болып жүр.

"Мен деректі фильмдер мен интервьюға қызығамын. Өзімнің YouTube-тегі арнамды жүргізіп отырамын. Сонымен қатар, қазақ тілділерге ағылшын тілін үйренуге арналған бірнеше шағын жобамды жасап жатырмын. Сондай-ақ, футболдан Аустралияның жоғары лигасында ойнаймын. Іріктеуден өтіп, қазіргі кезде Сиднейдегі Mac Warriors құрамасына іліндім. Әр сәрсенбі сайын жаттығуға қатысамыз, ал сенбі күндері лига ойындары болады", - дейді кейіпкеріміз. 

Еркебұлан 2020 жылға Жапонияға жұмысқа шақырту алған. Бірақ ол еліне оралып, туған жеріне қызмет жасағысы келеді. Ол алға қойған жоспарларын баяндады:

"Ең алдымен шетелдіктердің Қазақстан жайлы қалыптасқан ойын өзгерткім келеді. Айтқымыз келмесек те, барлығымыз Борат жайлы білеміз. Қазақстан жайлы білетін шетелдіктер бар, бірақ біздің елді Боратпен байланыстыратын адамдар одан да көп. Еліміздің имиджін жасап жүрген тұлғалар өте көп, меніңше, қарапайым адамдар да оған өз үлесін қоса алады. Шетелде жүрген кейбір қандастарымыз Борат жайлы әңгімеден қашу үшін өздерін Ресейден келдік деп таныстырғанын да көрдім", - дейді қазақстандық. 

Ол Аустралия сынды мемлекеттерде оқуға түскісі келетіндерге кеңесін де бөлісті. 

"Болашақ бағдарламасын пайдалануға болады. Бұл өте зор мүмкіндік. Себебі Аустралияда шамамен жылына 30 000 доллар төлеуіңіз керек. Ал Болашақ бағдарламасы бойынша Аустралиядан әлемнің басқа кез келген еліне оқуға түсе аласыз. Бірақ бұл елдегі оқудың ерекшелігі оқу орнын тәмамдағаннан кейін осы жаққа қоныс аударуға мүмкіндік аласыз. Кейбір азаматтар оқуын аяқтап, жұмыс таппаса да осында қалып қояды", - дейді ол. 

Осындай мүмкіндіктерге қарамастан, кейіпкеріміз Аустралияға қоныс аудару жоспарында жоқ екенін айтты. Ол өз елін шет елдерге танытып, оған қоса қазақ тілінде сапалы медиаконтент жасағысы келетінін айтты. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная