22 мая 2020 | 13:18

"Билікті сынағаны үшін өлтірілген". Танымал журналистің өліміне қатысты іс қалай аяқталды?

© Reuters

2018 жылы танымал журналист Джамал Хашукджи Сауд Арабиясының Түркиядағы елшілігіне барып, кейін қайта шықпаған. Оны бәзбіреулер сонда өлтіріп кеткен. Ал кеше журналистің отбасы әкесін өлтірген адамдарды кешіргенін хабарлады. Tengrinews.kz тілшісі Джамал Хашукджидің өлтіру ісі қалай аяқталғанын баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

2018 жылы танымал журналист Джамал Хашукджи Сауд Арабиясының Түркиядағы елшілігіне барып, кейін қайта шықпаған. Оны бәзбіреулер сонда өлтіріп кеткен. Ал кеше журналистің отбасы әкесін өлтірген адамдарды кешіргенін хабарлады. Tengrinews.kz тілшісі Джамал Хашукджидің өлтіру ісі қалай аяқталғанын баяндайды.

Джамал Хашукджи деген кім?

Реклама
Реклама

Джамал Хашукджи 1958 жылы 13 қазанда Сауд Арабиясының Медина қаласында дүниеге келген. Елдегі танымал бизнесмен Аднан Хашукджидің немере інісі. АҚШ-та журналистика мамандығына оқып қайтқан соң, Сауд Арабиясындағы түрлі басылымда жұмыс істеген. Танымал "Әл-Ватан" газетінің редакторы болған.

Ол АҚШ пен Сауд Арабия билігін сынауымен танылған. Оның ішінде, елдің вице-министрі және қорғаныс министрі Мұхаммед ибн Салманды жиі сынайтын. Белсенділерді саяси қуғынға алуына, сауд әскерінің Йемендегі соғысқа араласуына, Катарға қатысты сауд саясатына қарсы болған.  


© Reuters 

2016 жылы желтоқсанда сауд билігі Джамалға Дональд Трампты ашық сынағаны үшін журналистикамен айналысуға тыйым салған.

Ал 2017 жылы қыркүйекте Джамал Хашукджи АҚШ-қа қоныс аударып, Washington Post газетінде бір колонканы жүргізген. АҚШ-та да ол билікті сынауын жалғастырған.

Журналисті азаптап өлтірген

2018 жылы 2 қазанда Хашукджи Сауд Арабиясының Ыстамбұлдағы консулына барған. Оған екінші рет некеге отыру үшін құжат алу керек еді. Болашақ жары Хатидже Дженгизге консулға кіруге рұқсат берілмеген. Ол жарын сыртта күтіп қалған еді, ал Джамал одан кейін шыққан жоқ.


Джамал Хашукджидің консулға бара жатқан сәті. © Reuters

Сол кезде түркиялық полиция бәзбіреулер Хашукджиді консул ішінде азаптап, өлтіріп, мәйітін мүшелеп, басын кесіп тастады деген болжам айтқан. Кейін Түркия президенті Режеп Ердоғанның кеңесшісі Ясин Актай мен полиция өкілі Омер Челик журналисті 15 сауд агенті өлтіргенін мәлімдеген.

Түркиялық Daily Sabah газеті журналистің өлімі кезіндегі аудиожазбаны тапқан, онда Хашукджидің соңғы сөзі жарияланған. Аудиожазба Хашукджидің Apple Watch сағатына жазылып қалған екен.

"Менің астмам бар. Бұлай жасамаңдар, мені өлтіресіңдер", - бұл Джамалды өлер алдындағы соңғы сөзі, кейін оған инъекция еккен.

Сондай-ақ, қылмыскерлер Хашукджиден туыстарына соңғы рет хабарлама жіберуді сұраған.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Suddeutsche Zeitung басылымына берген сұхбатында қылмыскерлер журналистің денесін мүшелеп кесіп жатқанда музыка тыңдағанын айтқан.

Haberler мәліметінше, Джамалдың мәйітінің бір бөлігі консул маңындағы құдықтан табылған. Ал қалған бөлігі чемоданға салынып, Түркиядан шығарылуы ықтимал. Мұндай болжамды Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар айтқан.

Журналист өлімінен соң кімдер қызметінен кетті?

Билікті сынап жүрген журналистің өлімі дүние жүзін дүр сілкіндірді. Сауд Арабиясының королі Сальман бен Абдель-Азиз Әл Сауд өзінің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Сальман Әл Саудқа журналистің өлімін зерттеп, барлау қызметінде тексеріс жүргізуді тапсырған. Джамал Хашукджи осы ханзаданы көп сынаған болатын.


Мұхаммед бен Сальман. © Reuters

18 қазанда The New York Times басылымы корольдіктегі дереккөздеріне сілтеме жасап, Сауд Арабиясының билігі журналист өліміне Жалпы барлау қызметі басшысының орынбасары Ахмед Асириді айыпты қылуға тырысқанын хабарлаған. Сол арқылы билік ханзаданы күдіктілер тізімінен алып тастауды жоспарлаған.

Нәтижесінде Сауд Арабиясында Жалпы барлау қызметінің бірнеше басшысы қызметінен кетті. Ал 25 қазанда сауд прокуратурасы журналистің қасақана өлтірілгенін мәлімдеді.

Хашукджидің мәйіті әлі табылмады

Бұл оқиға басқа елдерді де бей-жай қалдырмады. NBC News мәліметі бойынша, Ақ үй өлім тергеуін мұқият тексеретінін мәлімдесе, БҰҰ сауд билігін Джамалдың өліміне кінәлі екенін мойындауды сұрады. Себебі Хашукджи өлімінің негізгі нұсқасы ретінде журналистің сауд билігін сынауы қарастырылған.

19 қазанда АҚШ-тың 40 конгрессмені президент Дональд Трампқа үндеу жасап, Сауд Арабиясына санкция жариялауға шақырған.

Сонымен қатар, журналистің өліміне байланысты Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Лиам Фокс, Франция Қаржы министрлігінің басшысы Бруно Ле Мер және оның америкалық әріптесі Стивен Мнучин, сондай-ақ, батыс елдерінің көптеген бизнес өкілі Сауд Арабиясындағы инвестициялық конференцияға барудан бас тартты. Дәл осы себеппен Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард шараға қатыспады.


© Reuters 

Бір журналистің өлімінің осындай салдары болды. Сондай-ақ, билікті сынаған Джамал Хашукджидің өліміне кінәлілер жазасыз қалмады.

Бір жылдан аса уақыттан соң, 2019 жылы 23 желтоқсанда Сауд Арабиясы соты журналисті өлтірді деген бес күдіктіні өлім жазасына кесті, ал тағы үш айыпталушы 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал кеше түнде Джамал Хашукджидің ұлы әкесін өлтіргендерді кешіретінін мәлімдеді.

"Біз, қайтыс болған Джамал Хашукджидің балалары, әкемізді өлтіргендерді кешіретінімізді хабарлаймыз", - деп жазды ол Twitter желісіндегі парақшасында.

Ол Рамазан айының қасиетті күнінде кешірім беретінін мәлімдеген. Ал Джамал Хашукджи мәйітінің бөлшектері әлі табылған жоқ.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная