Францияда 1,5 миллионға жуық адам неліктен шеруге шықты?

06 Желтоқсан 2019, 16:12
0
Францияда 1,5 миллионға жуық адам неліктен шеруге шықты? - Франциядағы наразылық шарасы © REUTERS
Франциядағы наразылық шарасы © REUTERS

5 желтоқсаннан Париж жаппай ереуіл режимінде өмір сүріп жатыр. Себебі - елдегі зейнетақы жүйесіндегі реформа. Ереуілге автобус жүргізушілері, мектеп қызметкерлері мен адвокаттар шыққан. Кейіннен шараға дәрігерлер, инженерлер мен қоқыс жинаушылар да қосылған. Франция халқы неге жаппай ереуілге шықты және қандай талабы бар? Бұл туралы Tengrinews.kz материалынын оқыңыз. 

Жаңа зейнетақы реформасы

BBC мәліметінше, халықтың ашуына тиген реформаның мағынасы - ел президенті зейнетақы жүйесінде жаңа режим енгізбек. Яғни, жаңа жүйе бойынша, қызметкер жұмыс істейтін әр күні үшін балл жүйесі арқылы ұпай жинайды. Сөйтіп зейнетақы жиналған балл негізінде беріліп отырады. 

Жаңа зейнетақы жүйесі бойынша, көптеген маман зейнетақысынан айырылуы мүмкін. Олардың қатарында теңізшілер, заңгерлер мен опера әншілері де бар. Ал Франция үкіметі жаңа реформа бойынша жұмыстарды 2020 жылдың басына дейін аяқтауды жоспарлаған. 


Франциядағы наразылық шарасы © РИА Новости

Францияда зейнет жасы соңғы 10 жылда 60-тан 62 жасқа ұлғайған. Макрон ұсынып отырған жаңа зейнетақы жүйесі бойынша, тұрғындарға 62 жаста зейнетке шығу тиімсіз болады екен. Себебі зейнетақыны толық алу үшін француздар 64 жасқа дейін жұмыс істеуі керек болады. 

Lefigaro.fr француз басылымы жүргізген сауалнама бойынша, Францияның 68 пайыз тұрғыны шеруге шыққандардың талабын заңды деп танып отыр. Сауалнамаға 18 бен 34 жас аралығындағы адамдар қатысқан. 

Макрон реформаны соңына дейін жеткізетінін мәлімдеді

Билік өкілдері зейнетақы реформасына байланысты наразылық акциялары болатынын алдын ала біліп, тұрғындарды ескерткен. "Новая газета" мәліметінше, елдегі басты және екінші деңгейлі кәсіподақ ұйымдары халықты шеруге шығуға шақырған. Дүкен иелері мен мейрамхана басшылары сақтану мақсатында есік-терезелерін шегелеп тастаған. 

Ал Франция басшысы бұл реформаны соңына дейін жеткізбей қоймайтынын мәлімдеген. 

"Мен реформаны соңына жеткізбей қоймаймын. Бұл реформаның елге қажет екеніне сенімдімін. Сондықтан мен реформаны қорғаймын", - деп мәлімдеді Эммануэль Макрон. 

Франция ІІМ ресми мәліметі бойынша, зейнетақы реформасына қарсы республика бойынша 806 мыңнан аса адам шеруге шыққан. Ал CGT кәсіподақ ұйымының мәліметі мүлде басқа болып шықты: олардың есебі бойынша шеруге 1,5 миллион адам шыққан. 


Франциядағы наразылық шарасы © РИА Новости

"Новая газета" мәліметінше, наразылық шараларына елдің жетпіс қаласы қатысқан. CGT кәсіподақ ұйымы көшеге 250 мың адам шықты десе, жергілікті полиция өкілдерінің мәліметінше, тек 65 мың адам наразылық акциясына қатысқан. Кәсіподақ ұйымдарының басшылары елдегі шеру алдағы таңда да жалғасын табатынын айтқан. Ал SNCF ұлттық темір жол компаниясы наразылық шарасы 9 желтоқсанға дейін жалғасатынын мәлімдеген. 

Бұл - зейнетақы реформасына қатысты алғашқы шеру емес

Биылғы шеру - Франциядағы зейнетақы реформасына қатысты алғашқы дау емес. Мәселен 1995 жылы жергілікті тұрғындар билік өкілдерінің зейнетақы жүйесіне енгізбек болған жаңа реформаға қарсы наразылық акциясына шыққан. Үш аптаға созылған шеру кезінде көлік жүйесі тоқтатылып, тұрғындардың қалаға қатынауы қиынға соққан. Наразылық шарасы халық тарапынан қолдау тауып, билік өкілдері жаңа жүйеден бас тартып, кейін шегінуге тура келген. 


Франциядағы наразылық шарасы © REUTERS

Бүгінде Франция ішкі істер министрі Кристоф Кастанер республика бойынша 250-ге жуық наразылық шарасы болуы мүмкін екенін айтқан. Бүгінгінің өзінде қалалық және жүрдек пойыздардың тек 10 пайызы жұмыс істеп тұр екен. Ал кейбір аймақтық бағыттар мүлде қызметін тоқтатқан. 

Одан бөлек, 16 метро бағытының тек бесеуі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Қала сыртынан орталыққа қатынау қиынға соққан. Сонымен қатар, Air France компаниясы ішкі рейстердің 30 пайызын тоқтатқан. Ал EasyJet әуе компаниясы 200-ге жуық рейсті тоқтатқан. Бүгінде 60-тан аса адам ұсталған. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц