ПОДЕЛИТЬСЯ
19 июля 2021 | 17:07
Эпидахуал жөніндегі кеңес: Тоқаев "қыңыр" антиваксерлер туралы не деді?
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Tengrinews.kz тілшісі Президентті маңызды мәлімдемелерін жинады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Tengrinews.kz тілшісі Президентті маңызды мәлімдемелерін жинады.
"Эпидахуал нашарлап барады"
Ең алдымен Президент соңғы кезде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артып кеткенін атап өтті.
"Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын осы мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырдық. Сол кезде Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Әсіресе, елордадағы жағдай өте күрделі", - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елімізде ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп бара жатқанын айтты.
"Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет", - деді Тоқаев.
Вируспен күресудің жалғыз жолы - вакцина
Мемлекет басшысының сөзінше, вируспен күресудің жалғыз жолы - вакцина.
"Біздің ең өзекті мақсатымыз - вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы - аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл - жаппай вакцинация, екпе салу", - деді Президент.
Президентті айтуынша, бүгінде иммунизация курсынан 2,8 миллион адам өткен. Алайда динамиканың жақсы болғанына қарамастан, өңірлер бойынша жағдай бір мәнді емес.
Тоқаев пандемияны өңір басшыларына арналған емтиханмен салыстырды. Президент бұл "емтиханды" әкімдердің тең жартысы "үшке" тапсырғанын атап өтті.
Тоқаев вакцинацияға қарсы адамдарды сендіруге барлық құралды пайдалану керегін айтты.
"Біз барлық құралмен, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруіміз керек. Батыстың кейбір дамыған елінде сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысқан. Біз ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда мұндайға бармаймыз.
Себебі "қыңыр" антиваксерлердің шағын тобының кесірінен отбасыларының әл-ауқатын өз еңбегімен қамтамасыз етіп отырған азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз", - деді ол.
Тоқаев жалған вакцинация паспорты бойынша арнайы топ құруды тапсырды
Президент иммундау процесін тежейтін тағы бір өзекті мәселе - жалған вакцинация паспорты екенін айтды.
"Бұл жағымсыз құбылыстың таралуына кез келген әрекетті тез арада тоқтату маңызды. Жұмыс басталды, оны жалғастыру керек. ІІМ жанынан жұмысты үйлестіретін, қоғамшылдар мен халықтан ақпарат алатын және өңдейтін ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ол вакцинация төлқұжаттарын қолдан жасауға жол берген адамдарға қатаң жаза қолдануды тапсырды.
"Мен бұл мәселені кеңейтілген отырыста көтердім. Бұл елдің ұлттық қауіпсіздігі туралы", - деді Мемлекет басшысы.
Президент карантин талабын бұзғандардың жазасын қатаңдатуды тапсырды
Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте Президент Ashyq жобасының пандемия жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның сөзінше, бағдарлама өзін ақтады.
"Сонымен қатар, соңғы уақытта вирус жұқтырғандар мен байланыста болғандар, яғни қоғамдық орындарға баратын "қызыл" және "сары" мәртебесі бар адамдар саны өсіп жатыр. Алайда бағдарлама оларды тіркегеннен кейін, жауапсыз адамдар басқа демалыс орнын іздей бастайды.
Шамасы, мұндай жауапсыз адамдар айыппұлдардан қорықпайды, немесе оларды ешкім жазбайды. Жүйеде ЖСН мен иммундық статусты бекіту бар ғой. Мұндай жауапсыздық жазалануы керек. Карантин шектеулерін сақтамағандарға талаптарды қатаңдатуды тапсырамын", - деді Президент.
Ол Ashyq-тың жұмыс істеу аясын кеңейтуді, функционалын жетілдіруді және оның жұмысына күнделікті мониторинг жасауды ұмытпауды тапсырды.
"Кәсіпкерлік нысандарды Ashyq пайдаланатындар тізіміне енгізу өте ұзақ бюрократиялық процесс екені туралы ақпарат бар. Бұл жүйенің операторы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы екеніне қарамастан осылай. Үкіметтен осы мәселені шешуді сұраймын", - деді Тоқаев.
Ол, сондай-ақ, Ashyq-пен жұмыс істейтін бизнесті қолдауды, сондай-ақ осындай мониторинг шараларын елемейтін кәсіпкерлерді қатаң жазалауды тапсырды.
Құрбандық шалатын жерлерде жұрттың жаппай жиналуын болдырмау керек
Президент Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмау керегін айтты.
"Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек.
Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет. Еліміздің әр азаматына айтарым: денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал, Үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруы тиіс", - деді Тоқаев.
"Коронавирустың жаңа толқыны ең жойқын болып отыр"
"Соңғы күндері жүздеген азаматымыздан айырылып қалдық. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық сатып алынды", - деді Президент.
Президент кеңесте көтерілген мәселелерді шешуге байланысты қабылданған шаралар туралы есепке бір ай уақыт берді.
"Бүгін көтерілген мәселелер Үкіметтің қатаң бақылауында болуы керек. Жедел іс-қимылдың нақты жоспары қажет. Қабылданған шаралар туралы бір айдың көлемінде есеп беруді сұраймын", - деді Мемлекет басшысы.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также