ПОДЕЛИТЬСЯ
05 октября 2021 | 15:23
"Ол Президент болатынын Елбасынан бұрын білген адам бар" - Тоқаевтың экс-кеңесшісі
Мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі, Қазақстан Журналистер академиясының академигі Мақат Садық осыдан 14 жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевпен қызметтес болған кезін еске алды. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Президент туралы тың деректерді айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі, Қазақстан Журналистер академиясының академигі Мақат Садық осыдан 14 жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевпен қызметтес болған кезін еске алды. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Президент туралы тың деректерді айтып берді.
Мақат Садық 2007-2008 жылдары ҚР Парламенті Сенатының баспасөз хатшысы қызметін және Сенат төрағасы Тоқаевтың кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Тоқаевтың жанынан қалай табылды?
"ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігіне қарасты Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары қызметінде жүргенмін. Сол кездері Сенат спикері боп сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болдым. Жарты сағаттай әңгімелесуден кейін Сенаттың Баспасөз қызметіне жетекшілікке шақырды. Келісімімді бердім. Бұл 2007 жылдың ақпаны болатын. Содан бері екі жылға жуық Парламент Сенатында қызмет атқардым", - дейді ол.
Ашық саясат немесе Баспасөз қызметі қандай бағытта жұмыс істеді?
Мақат Кәбірұлының айтуынша, қазіргі Президент жергілікті басылымдарға ерекше назар аударып, мақалаларын үзбей оқып шығады.
"Күнделікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына кедергісіз қолғабыс жасадық. Қасым-Жомарт Кемелұлы әр Сенатордың ай сайын республикалық БАҚ-та көлемді сұхбаты шығуын талап еткен еді. Қазір қалай екенін білмеймін, бірақ біз барлық БАҚ басшылары мен өкілдеріне қоңырау шалып, қандай да бір өзекті тақырыпқа сауалдары болса, Сенат депутаттары дайын екенін хабарлап отыратынбыз. Сенаторлар да бізді барынша қолдады. Тоқаев мырза Парламентке келген кез келген журналисті арнайы күтіп, ерекше ілтипат білдіретін. Сол жылдардағы БАҚ басшыларының барлығы дерлік спикермен жеке кездесті", - деді Мақат Садық.
Мемлекет пен халықты тікелей байланыстыратын ашық саясат қағидасының алғышарты сонау 2007 жылы нысанаға алынған екен.
"Қазір кеңінен талқыланып жүрген "Тыңдаушы мемлекет" тұжырымдамасы сол жылдарғы Сенаттан бастау алғанын айтайын. Олардың қорытындысы бойынша елімізге қатысты бірнеше өзекті тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Сенат баспасөз қызметі арнайы оқулық кітаптар шығарды. Республикалық телеарналарға 20-25 минуттық деректі фильмдерді де дайындап бердік", - дейді кейіпкер.
Шығармашылық адамы...
ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметін басқарған ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен жұмыс істеу неге оңай екенін түсіндірді.
"Қасым-Жомарт Кемелұлын нағыз шығармашылық адамы дер едім. Әр іске ерекше көзқараспен қарайды. Әке жолын қуып, жазушылықпен де айналысып жүр. Бірнеше кітап жазды. Сол себепті Тоқаев баспасөз қызметінің жұмысын жақсы біліп, оның маңызын әрдайым ескеріп отыратын", - деп атап өтті Мақат Садық.
Сонымен қатар, ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір ерекшелігін атап өтті.
"Қасым-Жомарт Кемелұлы материалдарды тез оқып, жылдам қорытады. Бірде оған өзім де куә болдым. Вена қаласында өткен Саммитте қызметкерлерім дайындаған дайджесті жиын кезінде алдына қойдым. Елу беттік жазбаны 10-15 минутта оқып шығып, ескертпелерін айтқан еді. Ол кісінің оқу тәсілі мүлде бөлек", - дейді ол.
Сол кездегі Тоқаевқа жақын адамдар
Мақат Садықтың айтуынша, Тоқаев мемлекеттік принципке берік боп, маңына БАҚ өкілдерінен басқасын жуытпайды.
"Қасым-Жомарт Кемелұлына ең жақын кісілер журналистер қауымы ма деп ойлаймын. Президент болғаннан кейін билік Парламентте журналистер қатарын бірнеше есе көбейтті. Журналистер мерекесінің датасын нақты күнге бекітті. Журналистерге әлеуметтік қамқорлықтың жасалуын көтерді. Сарапшы журналист ретінде түйгенім, тәуелсіздіктің 30 жылдық мерзімінде журналистер тарапынан атына өте сирек сын айтылған бірден-бір мемлекеттік қызметкер деп қазіргі Президентті айта аламын", - дейді ол.
Тоқаевтың Президент болатынын анасы білген
Қасым-Жомарт Кемелұлының ел басшылығына келетінін өткен ғасырда шешесі Тұрар Шабарбаева сезген екен.
"Біз білмесек те, бұл туралы жарты ғасыр бұрын оның анасы сезді. Президентіміздің "Әке туралы сөз" кітабынан үзінді келтірейін: "Алматыға СОКП ОК Бас хатшысы Леонид Брежнев келді. Жаздың жаймашуақ күні мен, әкем және шешем үшеуміз Ленин даңғылында тұрдық. Даңғыл бойын милиция қоршаған - үкіметтік автомашиналар кортежі тау жаққа өтуі тиіс еді. Ақыры МАИ-дың жол бастаушы автомобилі көрінді, іле-шала кеңес жетекшісі отырған "Чайка" үлкен жылдамдықпен ағызып өтті. Қала халқы үшін бұл үлкен оқиға - қас қағым сәтке болса да баршаға құдайдай елестейтін Л.Брежневтің жүзін көріп қалды ғой. Машиналар көзден таса болған соң анам әкеме "Мен осындай бақыт біздің Жомартты да айналып өтпесін деп тілек тіледім" деді. Әкем шешеме разылықпен қарап, сонан соң ойлы жанарын маған аударып, "Алла жар болсын" деп батасын берді". Бұл әңгімеден әке батасы көкке жетіп, ана тілегі орындалған байқауға болады", - дейді Мақат Садық.
Президенттікке таласқандар көп
"ҚР кезектен тыс Президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өткені баршамызға аян. Сол кезде президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда жеңіске жетіп, ел тұтқасы болған жағдайда "Сабақтасқтық. Әділдік. Өрлеу" атты үш бағыттан тұратын бағдарлама ұсынғанын да білеміз. Өте тамаша бастамалар дер едім. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке өзінің интеллектісінің арқасында келді. Назарбаев дәуіріндегі кез келген мемлекеттік қызметкер Тұңғыш Президенттің ізбасары болуды армандағаны сөзсіз ғой. Баршамыз куә болғандай, оған әрқайсы әртүрлі жолмен келуді жоспарлады, десе де Тоқаевтың деңгейі қашан да биік еді", - дейді ол.
Президентпен кездеспегелі 5 жылдан асты
Мақат Садық 2016 жылдан бері Президентпен жолықпапты. Оның айтуынша, Президент бар уақытын мемлекеттік саясатқа арнайды.
"Соңғы екі жыл бойы пандемия өршіп тұр. Мұндай кезеңде Президент қабылдауына сұрану әбестік болар еді. Менсіз де шешілмеген мәселелер жетіп артылады. Мемлекет басшысының жұмыс кестесі бірнеше ай бұрын жоспарланып қоятынын да естен шығармаған абзал", - дейді Садық мырза.
Тоқаев туралы қызық әңгіме
"2007 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның ресми делегациясы Еуропадағы кезекті жиынға Үкіметтің арнайы бортымен ұшты. Елге ораларда Еуропа әуежайынан көтерілген ұшақтың шассиі жабылмай қалды. Қонуға рұқсат берілмеді. Капитан бактағы керосинді толық жағу үшін Атырауды екі айналды. Ұшақтағылардың есі шыққан. Тіпті, жанымда отырған белгілі журналист Олег Квятковский әйеліне қоштасу сөзін де жазып қойыпты. Кейіннен жағдай қалыпқа келіп, ұшақ аман-есен қонды. Әуежайда бірнеше өрт сөндіруші көліктер қаз-қатар тізіліп, бізді аңдып тұр екен. Атыраудың әкімі де алаңға салынып, сол жерден табылды.
Арғы дүниені ойлап үлгерген журналистер мен экипаж мүшелері артынан жиылып, шайға отырдық. Сонда командирдің "Арамызда халыққа керек тұлға бар. Сол кісінің арқасында мына ақ дастарханда мейрамдатып отырмыз" деп Тоқаев мырзаны меңзеген еді. Сол бір отырыс әлі есімнен кетпейді", - деп сөзін аяқтады ол.
Мақат Садық өзінің еңбек жолында "Қазақстан Президенті Телерадиокешені" басшысы, "Қазақстан" РТРҚ" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін де атқарған.
Мақала авторы: Мұхтар Жәмішжанов
Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также