ПОДЕЛИТЬСЯ
24 мая 2019 | 15:52
Dendy, Sega, Sony Playstation. 90-жылдардың балалары не ойнайтын еді
Балалық шағы 90-жылдары өткен кез келген адам қазір ойын приставкасы десе, бұрынғы Dendy немесе бәрі Sega деп атайтын Sega Mega Drive секілді консольдарын еске түсірері сөзсіз. Бұл балалардың приставкасы бар үйде жиналып, кезек-кезекпен ойнайтын кезі. 24 мамыр бүкіл әлем бойынша бейнеойындар күні екенін көбі біле бермейді. Тengrinews.kz тілшісі қазір ер жетіп, бір-бір саланың маманы болып отырған қазақстандықтармен сұхбаттасты. Материалымызда олар кезінде ойын деңгейлерінен өте алмай, жүйкесін тоздырса да, күні бойы приставкада ойнауды аңсап жүретін сәттерін еске түсіреді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Балалық шағы 90-жылдары өткен кез келген адам қазір ойын приставкасы десе, бұрынғы Dendy немесе бәрі Sega деп атайтын Sega Mega Drive секілді консольдарын еске түсірері сөзсіз. Бұл балалардың приставкасы бар үйде жиналып, кезек-кезекпен ойнайтын кезі. 24 мамыр бүкіл әлем бойынша бейнеойындар күні екенін көбі біле бермейді. Тengrinews.kz тілшісі қазір ер жетіп, бір-бір саланың маманы болып отырған қазақстандықтармен сұхбаттасты. Материалымызда олар кезінде ойын деңгейлерінен өте алмай, жүйкесін тоздырса да, күні бойы приставкада ойнауды аңсап жүретін сәттерін еске түсіреді.
"Сега" алу үшін кірпіш тасыдық"
"Сеганы" ең алғаш сатып алған сәтім әлі есімде. Қателеспесем, 4-сыныпта оқитын кезім болатын. Шамамен, 10-11 жаста болғанымда көрші балалармен жиналып, қолдан "Сега" сатып алдық. Шатаспасам, бағасы - 1500 теңгенің төңірегінде. Ақшаны қалай таптық дейсіз ғой? Үш-төрт бала бірігіп, көршінің кірпішін тасыдық.
Сөйтіп, сол ақшаға өзіміз армандаған "Сеганы" сатып алдық. Бәріміз алма-кезек ойнайтынбыз. Ең атақтысы - Mortal Kombat. Есімде сол ғана қалыпты. Лю Кенг пен Рейден есімді жауынгерлерді ұнататынмын. Базардан Mortal Kombat-тың чит-кодтары бар арнайы кітапты сатып алып, жаттап жүрдім. Расын айтсам, мектепте олай жаттамайтын едім. Ойын кезінде сол чит-кодтарды қолданып, достарыңды ұтқанға мәз болатынбыз.
Бір қызығы, ойын кассеталарының сырты ешқашан болмайтын. Соның өзінде ненің қай ойын екенін ішкі сымдарына қарап ажырата алатынбыз. Бір-бірімізге сол кассеталарды беріп, ауыстырып ойнайтынбыз.
Приставка алдында бір отырсақ, кемінде 3-4 сағатсыз тарамайтын едік. Үйге үлкендер келгенде немесе үйдегілер шақырғанда ғана теледидардың алдынан тұратынбыз.
Сол сәттен бері ондаған жыл өтсе де, сол балалық шақты сағынамыз. Қазір сол "Сега" жоқ, бірақ орнына Sony Playstation ойнаймыз. Шыны керек, аптасына кем дегенде 2 рет 2-3 сағаттап ойнап қайтамыз. Тіпті, түні бойы FIFA ойынынан көз ашпайтын кездер болады. Сондықтан, сол балалық қуаныш менен әлі алыстамады деп айта аламын.
"Балалардың бәрі менің үйімде жиналатын"
Бала кезімде Денди де, "Сега" да болды. 4-5 жасымда ата-анам "Денди" сатып әперген. Кейін одан да мықты "Сега" шықты. Шынымды айтсам, "Сеганың" ойындары қызығырақ еді: Battletoads дейтін ойын болатын, ол атысып жүретін құрбақалар жайлы. Одан бөлек, Sonic, Танк, Рacman және SuperMario секілді ойындар бар еді. Ішінде 20, 50, тіпті, 99 ойыны бар кассеталар болатын.
Ата-анам сабақ күндері тек бір сағат ойнауыма рұқсат беретін. Бір сағаттан соң сөндіріп тастайды. Ал ата-анам үйде болмаған кезде, күні бойы ойнай беретін едім. Әдетте бірнеше бала жиналып, бір үйде ойнайтын еді ғой. Ал бізде балалардың бәрі менің үйімде жиналатын. Бір джойстикті өзіме алып, екіншісіне басқа балаларды таластырып қоятыным қазір күлкілі көрінеді.
Приставкаларға деген әуестігімді ұзақ уақыт баса алмадым. Студент болып жүргенімде де достарыммен жиналып, Sony Playstation ойнауға баратынбыз. Қазір отау құрғалы алты айда бір рет ойнап тұрамын.
Sonic ойыны
"Әкіммен бір көшеде тұрғасын, техника бізге бірінші жететін"
Қазір ойласам, сол Денди, "Сегалар" болмай-ақ қойғанда ғой деймін. Ол үшін талай бала онсыз да дағдарыста жүргенде "әпер-әпер" деп, ата-анасының мазасын алатын еді. Әкесі ішкілікке салынып, шешесі бала баққаннан басқа шаруасы болмай жүргенде көзіне қу тіршіліктен жеріп, мөлтілдеп жас алуына, балаларына ел қатарлы қызық көрсете алмағанына себеп болған шығар. Бала кезімізді оны ойлаған біз бар ма? Ауылда екі бірдей әкімнің (бірі ауданның, бірі ауылдың әкімі) көшесінде тұрып, жетіскен екенбіз ғой сөйтсек.
Sony Playstation-нің алғашқы нұсқасы
Бар техниканың бәрі бірінші біздің көшеге жететін. Қызықтап, әкімнің үйіне көп баратынбыз, ол үйдің баласы мәрт еді, бәрімізге жеткізіп, үлестіріп ойнатып, әйтеуір құр қалдырмауға тырысатын. Сол кезде Денди, Сега емес, бірден Sony Playstation-ді бас салдық. Ел Supermario, түрлі танктер, тіпті тетрис ойнап жүргенде біз Tekken 3 ойнап жүрдік. Ал қарапайым "Сегада" әке-шеше үйде жоқта түрлі-түсті Supermario ойнағанымызға қуаныштан жарылып кете жаздайтынбыз. Ал ұстап алса, таяқ жейсің, себебі бұл ойын аппараттары теледидардың түсін құртады дейтін.
"Мектепке берген ақшаға Sony Playstation ойнайтын едік"
2000-жылдардың басы болатын. Ол кезде Дендидің дәурені жүріп тұрған. Ата-анаммен базарға барғанда Дендиге көзім түсіп, сатып әперуін сұрағанмын. Біз жақта ол кезде "Сега" аса танымал емес еді. Себебі қымбат тұратын. Сондықтан, Денди ойнап жүрдік.
Бірақ онда ойындар аса көп те емес еді. Duck Hunt дейтін ойын есімде. Үйрек басын көтерген сайын атып үлгеруің керек. Қызық ойын болатын. Бір-екі жылдан соң "Сега" сатып алдым. Оның ойын кассеталарын коллекция қылып жинайтынмын. Базардан 50 теңгеге түрлі ойындарды жалға алып ойнайтынбыз.
Sega Mega Drive
Ең жақсы көрген ойыным - Mortal Kombat. Оны әлі де жақсы көремін. Бала кезімде "Сегада" өте көп ойнаған болуымыз керек, бір күні теледидар бұзылды. Киноскоп жанып кеткен болуы керек. Сол кезде ата-анамның ұрысқаны әлі есімде. Содан кейін мектептен келіп күніне 2-3 сағат қана ойнайтын болдым.
Артынша Sony Playstation шықты. Біз үшін ғаламат дүние болып көрінетін. Інім екеуіміз ата-анамыз мектепте тамақ жеуге берген ақшасын жинап, Sony Playstation ойнауға баратын едік. 100 теңге жиналса, бір сағат ойнайтынбыз. Қанша жерден өссек те, балалықтан шығу қиын ғой. Оның үстіне, қазіргі приставкалар тек балаларға арналмаған. Сондықтан, биыл қаңтарда өзіме Sony Playstation 4 сатып алдым.
"Марионың сары шалбары бар екенін кейін бір-ақ білдік"
Біз үшін бала кездің ең керемет гаджеті тетрис еді. 8-сыныпта жігіт болып жүргенде ең алғаш рет көршінің әкесі Денди алып келді. SuperMario деген бір ойыны болатын. Бір көшеге бір консул. Содан ұйқыны да, көшені де ұмыттық. Тек бір проблема бар еді. "Кинескоп жанып кетеді" деп жолатпайтын, амал жоқ ескі теледидарға қосатынбыз. Марионың сары шалбары бар екенін кейін бір-ақ білдік.
Кейіннен кассеталар көбейе бастады. Ең кереметі "Танк" ойыны болатын. Жылдам шешім қабылдау, стратегиялық жоспар құру, жауды жеңу. Танк ойыны бар кассетаның иесі аса құрметті адам болатын.
Денди
Денди ойнауға қалағаннан аз уақыт жұмсадық. Сабақ, үй шаруасынан бөлек жаңағы айтқан кинескоп мәселесі көп кедергі еді. Екі сағаттан артық рұқсат жоқ. Консулды арқалап әр үйді аралайтынбыз. Бірақ қалай болғанда да қазіргі балалардан аз отырғанымыз рас.
Ойын да кезекпен болатын. Жеңілгенше ойнайсың. Бір досымыз беріліп кеткені сонша Мариомен бірге өзі тыпырлап отыратын еді. Бірге бұғып, жүгірсе аяғымен жер тепкілеп. Өзі ештеңе байқамайды, ал қызық көру үшін біз кезексіз ойнауға рұқсат беретінбіз.
Қазір де Sony Playstation-де футбол ойнап тұрамын. Жұмыспен қол тимейді, әттең, ал ыңғайы келсе турнир ұйымдастырамыз. Мен үшін бұл антистресс есебінде.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также