25 сентября 2019 | 11:18

Әлемді аузына қаратқан 16 жастағы қыз кім және оған қандай жауап берілді?

Грета Тунберг

16 жастағы швед оқушысы Грета Тунберг Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі саммитінде экологиялық апат жайлы сөз сөйлеп, әлем жұртының назарын өзіне аударған еді. Tengrinews.kz тілшісі бір-ақ күнде танылған оқушының кім екенін, оның атышулы мәлімдемесін әлемнің қалай қабылдағанын анықтап көрді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

16 жастағы швед оқушысы Грета Тунберг Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі саммитінде экологиялық апат жайлы сөз сөйлеп, әлем жұртының назарын өзіне аударған еді. Tengrinews.kz тілшісі бір-ақ күнде танылған оқушының кім екенін, оның атышулы мәлімдемесін әлемнің қалай қабылдағанын анықтап көрді.

Әнші мен актердің баласы

Реклама
Реклама

Оқушы қыздың толық аты-жөні - Грета Тинтин Элеонора Эрнмен Тунберг. 2003 жылдың 3 қаңтарында Стокгольмде дүниеге келген. Анасы Малена Эрнман - опера әншісі, әкесі - актер Сванте Тунберг.

15 жасында швед парламентіне қарсы шыққан ол өз елінде аса танымал. Ол швед үкіметінің ғимаратының алдына келіп, "Климат үшін ереуіл" деген жазуы бар үнқағаз көтеріп, БАҚ өкілдерінің назарына түскен. Грета климаттың өзгеруі жайлы қауіпті 8 жасында естіген екен, бірақ неліктен ешкімнің бұл проблемамен айналыспай жатқанын түсінбеген. Бұл туралы ол 2018 жылдың қарашасында TEDx конференциясында мәлімдеген еді.

Содан бері оның әрекетінен үлгі алған әлем жастары "климат үшін мектеп ереуілі" немесе "болашақ үшін жұма" деп аталып кеткен шерулер ұйымдастыра бастаған. 

Дәрігерлер қойған диагноз

11 жасында Грета күйзеліске түсіп, сөйлемей қойған. Ас та ішпейтін болған. Кейбір мәлімет бойынша, екі айда 10 келіге арықтаған оған Аспергер синдромы деген диагноз қойылған. Бұл синдром медицина тілінде обсессив-компульсив күйзелісі және селектив мутизмі деп аталады.

Оқушы қыздың ойынша, бұл диагнозы "аса қажет болғанда айтып қалуды білдіреді". Ал Аспергер синдромын ол әлемге деген көзқарасын қалыптастырған өзіне берілген сый деп қабылдайды екен. Ата-анасы болса қыздарының бойындағы ұстанымына берік әрі тұжырымды екенімен байланыстырады.

Оқушыға шеруге шығуға идея айтқан кім?

2018 жылдың мамыр айында Грета Тунберг Svenska Dagbladet деген швед газеті ұйымдастырған климат туралы мақалалар байқауында жеңімпаз атанған. Газет оның мақаласын жариялай салып, оған Fossilfritt Dalsland экологиялық ұйымынан белсенді Бу Торен хабарласқан.

Оқушы қыз ұйымның бірнеше кездесуіне қатысқан, міне, сол кездесулердің бірінде Торен мектеп оқушылары климаттың өзгеруіне қарсы ереуілді бастай алады деген ой айтқан. Тунбергтің мәлімдеуінше, идея Флорида штатындағы мектептерде болған жаппай атыстан қорқатын америкалық оқушылардың ереуілдеріне негізделген. Ол басқа жастарды ереуілге қатысуға сендіруге тырысты, бірақ "бұл ойы ешкімді қызықтыра алмаған", сондықтан ол жалғыз бастауды ұйғарған. Швециядағы мектеп ереуілінің контекстінде Тунберг былай деді: "Мен қарсылық білдірмесем, іштей өліп жатқан сияқтымын".

Әкесіне Гретаның белсенді болып, кейде сабаққа бара алмай қалғаны ұнамаған. Алайда ол қызының көзқарасын құрметтейтінін және бақытты болғанын қалайтынын айтқан. Осылайша Грета өз отбасын веган болуға және көміртекті ізді азайту үшін ұшақпен ұшуды доғаруға көндірген. 

Әлем оның мәлімдемесін қалай қабылдады?

Грета әлем жастарын "мектеп ереуілін" өткізуге шабыттандырғысы келеді. Бұл қозғалыстың негізгі идеясы - жұма күндері сабақ оқудың орнына оқушылар көшеге шығып, саясаткерлер мен қоғамның назарын климат дағдарысына аудару.

2018 жылдың желтоқсан айында және 2019 жылдың мамыр айында Грета БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттерришпен кездесіп, ереуілді мынадай сөздерімен мақұлдайды: "Менің буыным климаттың өзгеруі проблемасын шеше алмады. Жастар мұны сезеді. Олардың ашулануы таңғаларлық жағдай емес".


© day.kyiv.ua

Биыл қаңтарда Грета Давос форумына барды. Бірақ ол онда ұшақпен емес, пойызбен жеткен, себебі оның пікірінше, ұшақтар тым үлкен көміртекті із қалдырады. Ол саясаткерлер мен бизнесмендерді нақты әрекеттерге көшуге шақырды. 


Грета Тунберг Ұлыбританиядан АҚШ-қа "Malizia" яхтамен бара жатқанда түсірілген сурет. © Reuters

29-31 наурыз аралығында ол Берлинге барып, Бранденбург қақпасына жиналған 25 000 адамның алдында сөз сөйлеген. 30 наурызда Грета немістің "Алтын камера" арнайы сыйлығына ие болды. Өзінің алғыс сөзінде ол атақты адамдарды климат дағдарысына қарсы күреске көмектесу үшін өзінің ықпалын пайдалануға шақырды.

Ал сәуірде Страсбургтегі Еуропалық парламент өкілдерімен кездесуде ол қатысушыларды "климаттың және қоршаған ортаның бұзылуына байланысты шұғыл саммиттің бірін де өткізбей, Брексит үшін үш бірдей шұғыл саммит өткізіп жатқаны үшін сынаған. Оның сөзі аяқталғаннан кейін зал ұзақ қол шапалақтады.

2019 жылы мамырда Грета Голливуд жұлдызы Арнольд Шварценеггермен, БҰҰ Бас хатшысымен және Австрия Президентімен кездескен. Бұл кездесу Шварцнеггердің Париж келісімін орындауды жеделдету мақсатында ұйымдастырылған конференциясында өткен. Сол кездесуінде ол былай деп мәлімдеме жасаған: "Егер біз 2030 жылға дейін ештеңе жасамайтын болсақ, онда біз қайтымсыз және бақыланбайтын тізбекті реакцияны іске қосамыз".

Нобель сыйлығына ұсынылған оқушы

Айтпақшы, Гретаны өз елінде Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынған. Олар қол қусырып отыра берсек, жаһандық жылыну соғыстарға, жанжалдарға және босқындардың пайда болуына себеп болатынын айтқан.

Марапатының ішінде 2019 жылдың Швецияның Жыл әйелі атағын алғанын айтпай өтуге болмас. Былтыр, 2018 жылы Time журналы оны жылдың ең беделді 25 жасөспірімі тізіміне қосқан. Сол журнал биыл оқушыны 2019 жылдың 100 беделді адамы тізіміне қосқан. Мамыр айында ол Time журналының мұқабасына шықты.

7 маусымда Грета мен Fridays for future қозғалысы ("Жұма болашақ үшін") Ар-ождан елшісі атағын алды. Грета бұл сыйлықты климатты қорғауға қатысқан барлық адамға бірдей тиесілі екенін мәлімдеген. 

Шілдеде Францияда "Бостандық сыйлығын" жеңіп алып, 25 мың еуро сыйақыға ие болған. Бұл қаражатты бастамашыл оқушы климат проблемаларымен айналысатын төрт ұйымға беретінін айтқан. 

Оқушының сөзіне күмәнмен қарағандар да жоқ емес

Мәселен, ұлыбританиялық журналист Джо Сандлер Кларктың пікірінше, климаттың өзгеріп жатқанына сенімсіздікпен қарайтындар бір күнде атақты болып шыға келген оқушы қызды жеке басына тиісіп сынай бастаған. Ал француздың Contrepoints журналының журналисі 15 жастағы оқушының мұнай өндіру саласында жұмыс істейтіндерді "адамзатқа қарсы қылмыс жасады" деп айыптауына байланысты сөзіне күмәнмен қарауға болатынын әрі сыни ой-пікірі қалыптаспаған деген тұжырым жасаған.


БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттерриш

Ал өз елінде Грета Тунбергті кейбір оңшыл саясаткерлер мен публицистер сынаған.

Ал соңғы жанайқайына жауап берген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің сөзін келтірмесек болмас. Гуттериш 16 жастағы белсендінің сөзін жиын басында-ақ айтқан, бірақ жинақы, эмоциясыз. Ол әлем лидерлерін саммитте "әдемі сөздермен емес, 2050 жылға қалдық пен улы газ қалдығын қысқарту жөніндегі нақты жоспарларды көрсетуді" ұсынған".

"Климатқа қатысты төтенше жағдай - біз әзірше қалыс қалып отырған жарыс, бірақ бізде озып кетуге мүмкіндік әлі де бар. Бұл климатты талқылайтын жер емес - талқылауға уақытымыз көп болды. Бұл климаттық келіссөз жүргізетін орын емес - табиғатпен келісуге болмайды. Бұл нақты шешімдер қабылданатын саммит", - деді ол.

Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная