Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
24 июня 2021 14:57

Король әулетін тамсандырған аңыз алма. Архив суреттері

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
Алихан Сариев Фотокорреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ


Апорт пен Алматы егіз ұғымдай. Алып шаһардың символына айналған бұл алма туралы ересектердің естелігі қашан да әсерлі. Жастық шағы Алматы алманың нағыз отаны болып тұрған шақта өткендер сол кездегі қала көрінісін ерекше сипаттайды. "Көше бойы ағаштан салбырап апорт өсіп тұратын, жұлып алып, арықтан аққан тап-таза суға бір жуып алып, жейтін едік. Шашылған алма, тіпті көптігі сондай арықтағы сумен ағып жататын, иісі қалада аңқып тұратын " деседі. Tengrinews.kz журналистері Алма музейіне барып, директорымен тілдесті.

Апорт - алманың ірі әрі құнды түрі. Салқындау, бірақ қысы ұзақ болмайтын, жазы жылы немесе ыстық болатын оңтүстіктің орта белдеуінде Солтүстік Кавказ бен Іле Алатауында кең тараған. Апорттың қабығы тығыз, сары немесе жасыл-сары түстес болады.

Апорт алманың кеш пісетін түріне жатады, ол қыркүйек айларында ғана пісіп жетіледі және кеш піскендіктен қыста жақсы сақталады.

Апорт бағының ең танымалдары Алматының сырт жағында орналасқан, мысалы - Бесқайнар ауылдық аймағы. Апорт КСРО кезінде Алматы қаласының рәмізіне айналған.

Қазіргі таңда апорт нарықта жоқ, себебі апорт өсірілген жерлер жекешендіріліп, алма ағаштарының орнына басқа нысандар салынған.

70-жылдардағы санақ бойынша, Қазақстанда 3 851 193 түп апорт ағашы болса, оның 80 пайызы немесе 3 036 346 түп Алматыда өсiрiлген екен.

Санақ деректеріне қарағанда, 1984 жылы Қазақстанда 1 965 795 түп апорт алма болып, Алматыда оның 1 418 988-i өсiрiлiптi. 

Ашық дереккөздердегі апорт тарихына үңілсек, 1865 жылы Воронеж губерниясының тұрғыны Е.Редько апорт алма ағашын Верный округінде (Болашақ Алматы) өсірген. Ол оны Сиверс алмасымен будандастырған.

1914 жылы бақ шаруашылығының бас инспекторы Перковский былай деген екен: "Верный қаласының көркі ретінде апорт алмасы мен орман сұлуының алмұрты атты жемістерді қабыл алуға болады. Редько өз Отанынан апорт алмасын әкеліп, Верныйдың қолайлы жері арқылы әлемге танылды. Ол басында апорт алмасын бақшасында, тек содан кейін Колпаков атты генералдың бұйрығымен қалаға апорт алмасының ағаштарын еккен. Редьконың апорты арқылы Верный жемісті қала атағына ие болды".

ХХ ғасырдың басында апорт Ресейдің орталығында танымал болған. Орталықтың жәрмеңкелері мен базарларында оған сұраныс өте жоғары болыпты.

1900 жылы Парижде апорт Верный уезінің үздік туындысы ретінде қарастырылып, үздік орынға ие болған.

1908 жылы Германияда өткен Мангейм көрмесінде мамандардың үздік бағасын алған.

Alma Museum Almaty директоры Ажар Жандосованың айтуынша, Алматының әйгілі апорты - қолдан жасалған ғажайып құбылыс.

"Ұзақ жылдар бойы апорт Алматының символы және қазақстандықтардың мақтанышы болды. Осы уақытқа дейін адамдар әлемде теңдесі жоқ керемет алманың үлкендігін, сұлулығы мен дәмін, хош иісін айтып, еске алады". 

"Апорт дастарханның көркі ғана болып қойған жоқ, ол таңдайдан дәмі кетпес ерекшелігімен қарапайым халықтан бастап жоғары шенділерді, корольдік әулет адамдарын таңғалдырып, қуантқан. Біздің апортты бүкіл әлем білген. Ол көптеген беделді халықаралық көрмеде ең жоғары марапаттар мен мақтауларға ие болды".

"Апорт сорты әлемдік жеміс өсіруде бірнеше ғасырдан астам уақыттан бері белгілі болғанымен, дәл осы жерде, яғни Алматының баурайында ол екінші рет дүниеге келіп, әлемдік даңққа ие болды".

"ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында Семеречинск губерниясының жерлерін игеріп жатқан қоныс аударушылар Ресейден көптеген жеміс-жидек дақылының сорттарын әкелген. 1865 жылы Воронеж губерниясынан келген иммигрант Егор Васильевич Редько Верныйға апорт алма ағашының бірнеше көшетін әкеліпті. Апорт оның отанында басқа сорттардан көп ерекшеленбеген. Ол оларды жергілікті жабайы алмамен будандастырған, сірә, сол Сиверс алма ағашы болса керек, ол қазір жер бетіндегі барлық өсірілген алма ағаштарының бастауы екені дәлелденіп отыр".

"Бұл алма ағашының жабайы жемісті ормандары біздің қаланы ежелден бері қоршап келген. Бұл будандастықтың нәтижесі таңғаларлық болды. Сөйтіп, аңызға айналған алма дүниеге келді және осы сорттың көшеттері өсіруге ниетті адамдардың барлығына таратылған. Апортты тарату кезінде жылына жүз мыңнан аса көшет шығарған ірі жеміс көшеттігінің иесі Н.Моисеев маңызды рөл атқарған".

"Апорттың ерекшелігі оның үлкендігінде, иісі мен дәмінде және ол тек Алматы маңындағы Іле Алатауының бөктерінде өскен. Осындай апортты басқа аймақтарда өсіру әрекеттері нәтижесіз болған. Иә, басқа жерлерде өсірілген апорт та дәмді, бірақ Алматының апортымен бірде-бір алма тең келмейді!"

"Апорттың тек Іле Алатауының баурайында өсуінің себебі - дәл осы жерде апорт үшін ең жақсы жағдай жасалған: теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктік, күн жақсы түседі, таудың ең таза суы, тіпті таудың кешкі самалы бар. Осылайша, апорт Алматының бірегей өнімі болған".

"Алма-Ата Кеңес дәуірінде қала маңында жеміс өсіретін алып алқаптар пайда бола бастаған кезде нағыз алма бағына айналған қала болды. Алматыны айналдыра тау бөктеріне жаппай апорт ағаштары отырғызылған. Қала тұрғындары көктемде алма ағаштарының гүлдеуіне сүйсініп, қыста олар бақтарда шаңғы тебуге баратын, ал күзде барлық студент пен көптеген мемлекеттік қызметкер егін жинауға жіберілген уақытты көрдік".

"Алма өте көп болды, олар барлық аймаққа жеткізіліп, арнайы қоймаларға қойылды, шырындар мен джемдерге дейін өңделді. Алматының ең жақсы кәдесыйы хош иісті апорт алмасы болатын. Әрдайым солай болатындай көрінетін..."

"Өкінішке қарай, 90-жылдары, КСРО ыдырағаннан кейін жеміс-жидек өсіретін шаруашылықтар жойылды, егін жинау ісімен айналысатын ешкім болмады, ал көп ұзамай Алматы маңындағы бақтар қарқынды түрде кесіле бастады, олардың орнында жаңа ғимараттар бой көтерді. Ал апорт іс жүзінде жоғалды, дегенмен кейбір бақта ол әлі күнге дейін нағыз жәдігер ретінде ғана сақталған".

"Кейінгі жылдарда апортты қайта жаңғырту туралы көп айтылып жүр, түрлі әрекет те жасалды. Бірақ ол үшін ғалымдар мен фермерлердің ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысы қажет, бұл маңызды мәселеде мемлекеттік қолдаудың да керегін түсінуіміз қажет. Біз Алматының әйгілі апорты қайта "тіріліп", қайтадан қаламыздың символына және қазақстандықтардың мақтанышына айналады деп үміттенеміз!"

Суреттер ҚР МСМ "Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архивінен" алынған.

150 жыл бұрын Алматы қандай болған? Архив суреттері

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети